Ақын мұрасын ұлықтаған кеш
Кеше Қызылордадағы «Мұрагер» мектебінде қаладағы бірнеше білім ордасы оқушыларының қатысуымен Абай мұрасын асқақтатқан ауқымды шара өтті. «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты жиында ақын поэзиясы мен музыка салтанат құрып, «Абай жолы» роман-эпопеясынан эпизодтар ұсынылды. Әдеби-сазды кешке қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова, мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілері, жалпы саны 400-ден астам адам қатысты.
Өнер кешінде музыка мен поэзия арқылы ғана емес, ақын өмірінің жарқын сәттерін театрландырылған қойылым арқылы жеткізуге басымдық берілген. Абайдың ғибрат толы ғұмыры ойландырып, лирикасы көрермен жүрегіне жол тапты. Әсіресе, жуырда ғана Беларусьте өткен байқаудың Гран-при жүлдесін иеленген жас әнші, №11 мектеп-лицейдің оқушысы Дінмұхамед Төлеубайдың орындауындағы «Көзімнің қарасы» әніне қосылмаған адам аз.
Салтанатты жиында ақын мерейтойына орай өткізілген челленджге, поэтикалық эстафетаға үлес қосқан балабақша тәрбиеленушілері мен оқушылар, Абай мұрасын зерттеген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ардагер ұстаздары марапатталды.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қалалық білім бөлімі ұйымдастырған бұл шарада арнайы көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде жуырда ғана Алматыда өткен «Абай жаққан бір сәуле» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленіп, арнайы шәкіртақы иеленген Сандыбай Біржанды кезіктірдік. «Мұрагер» мектебінің 9-сынып оқушысы, жас ақын бүгінде мүшәйралардан бөлек, суырыпсалма қасиетін шыңдап, айтыстарға да қатысып жүр.
Айта кетейік, Абай мұрасының бағасын биіктеткен шаралар мұнымен тоқтамақ емес. Енді қаладағы 54 мектептің қатысуымен «Абай оқулары» байқауы өткізіледі. Сондай-ақ, ұстаздар еңбек демалысында Абайдың туған жеріне арнайы сапарлап, Жиделі-Байсын жеріне экскурсия жасамақ.
Айдана Жұмадинова.