» » CHEHIADAN SALEM! Ислам ЖАББАРХАН, Чех экономикалық университетінің студенті: Кішкентай кезімнен футболға ерекше қызықтым

CHEHIADAN SALEM! Ислам ЖАББАРХАН, Чех экономикалық университетінің студенті: Кішкентай кезімнен футболға ерекше қызықтым

  Он алты жасына дейін «Қайсар» футбол командасының жастар құрамасында доп тепкен Ислам бала күнінен аяқдопшы болуды армандаған, алайда қазір ол Чех экономикалық университетінде білім алуда. Осыған дейін Испания елінде жарты жыл тәжірибе жинаған талапты жаспен осы аптада Salem айдарында жолығып, Чехияда оқудың мүмкіндіктері жайында ой бөлістік. 
 
Оқу грантын иемдену оңай көрінсе де...
− Үш жасымда отбасым Талдықорған қаласынан Сыр өңіріне қоныс аударған, сондықтан Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алдым, − деп бастады Ислам әңгімесін. – Кішкентай кезімнен футболға ерекше қызықтым, бірақ ата-анам мектеп бітірер тұста Чехия мемлекетіне оқуға барғанымды жөн көрді. Ал қазір Чех экономикалық университетінде бизнес және басқару мамандығы бойынша ІІ курста білім алудамын. Бұл жақта студент жоғарғы білімді небәрі үш жыл ішінде толық меңгеріп шығады. Мен шетелдегі алғашқы бір жылда чех тілін үйренген соң, университеттегі оқуымды ағылшын тілінде жалғастырамын деп шештім. Осы тұста айта кетейін, Чехия мемлекетін таңдауыма тегін оқу жүйесі мен университеттен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі әсер етті. Егер шетелдік студент Чехияда білім алғысы келсе, чех тілін тегін оқи алады, тіпті мұнда шәкіртақы алуға да жағдай жасалған. Алайда университеттің оқу грантын иемдену жеңіл көрінгенмен сабақ барысы сіз ойлағандай оңай емес. Соған қарамастан қандастарымыз оқуын сәтті тәмамдап, жоғары тәжірибемен елге оралуда.
Чехтар кешіккенді ұнатпайды
    − Чехия халқы өте толерантты, олардың адамдармен тілдесу мәдениеті, сыпайылығы кез келген адамды таңқалдырары сөзсіз және бізбен салыстырғанда тұрғындар тәртіппен жүруге дағдыланған. Әсіресе чехтар шақырған жерге кешігіп барғанды мүлде ұнатпайды. Ал ел экономикасына келсек, Чехияда 70% кіріс шетел азаматтары арқылы келеді, сондықтан жоғары билік өзге ұлт өкілдерінің елге келіп үлес қосуына қарсылық білдірмейді. Тіпті оларға өз бизнестерін  бастау үшін барлық мүмкіндік қарастырылған.
       Жастар үшін Еуропа елдерінде жарты немесе бір жыл білім алуға арналған бағдарламалар да жеткілікті. Айта кетейін, менде Erasmus бағдарламасымен Испанияда жарты жыл оқу мүмкіндігіне қол жеткіздім. Бұйырса келесі жылы оқуымды Италияда жалғастыруды жоспарлап отырмын.
Праганы айтқанда Карлов көпірі көзге елестейді


− Прагада білім алуға келген қандастарымыз өте көп, сондықтан жиі бас қосып, бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз. Ал өзім бос уақытымда қалада серуендегенді жақсы көремін. Мысалы, осындағы Прага қамалы – өте әдемі жер, атақты қамалда қазіргі Чехия Президенті орналасқан, ал бұрын мемлекет Карольдері осы орында мемлекет басқарған. Аты әйгілі қамалды көру үшін күніне мыңдаған турист елге арнайы келеді. Еуропаға ғана емес бүкіл әлемге танымал Карлов көпірі де көпшілікті ерекше сәулетімен таңқалдырып келеді, тіпті Прага жайлы сөз қозғағанда ең алдымен осы көпір көзге елестейді. Ал қаланың қақ ортасында орналасқан Вацлав көшесі Прагадағы ең басты көше саналады.
     Әр мемлекетте өмір сүруге қолайлы жағдайлармен қатар кемшін тұстары  да болатыны жасырын емес. Мысалы, Чехияда жыл өткен сайын пәтерге, сақтандыруға, транспортқа жұмсалатын төлемақы көлемі ұлғайып келеді. Сондай-ақ шетелден келетін азаматтар саны артып келе жатқан соң виза алу үшін құжат дайындау барысы  күрделене түсуде, − дейді Ислам.  
Гүлдана ЖҰМАДИН
02 сәуір 2020 ж. 558 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031