» » ЭКОЛОГ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚҚА АЙНАЛАДЫ

ЭКОЛОГ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚҚА АЙНАЛАДЫ


Гауһар ЕРБОЛҚЫЗЫ, жас эколог:
Гауһар, ең алдымен әңгімемізді экология саласына келген сәтіңізден бастасақ... Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстаудың эколог үшін жауапкершілігі қандай?
‒ Адам баласының өмір жолындағы маңызды таңдауының бірі білікті маман атану екені белгілі. Себебі мамандықты жақсы көру арқылы ғана мақсат биігіне, еңбек нәтижесіне жетуге болады. Осы орайда мен таңдаған мамандықтың басқа саладан өзгеше екенін айтқым келеді. Экология көпшілікке түсінікті көрінгенмен, беймәлім қыр-сыры көп сала. Өйткені табиғаттың әлі күнге адамзат баласы білмейтін тұсы басым.
Мен мектепті үздік бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің экология мамандығына оқуға түстім. Университет қабырғасында жүргенімде оқыған білімді әрі қарай практика жүзінде жетілдіру қажет болды. Мен көп ойланбастан облыстық экология департаментін таңдадым. Сол кезде департамент басшысы Марат Ердәулетұлы студенттерді жылы қарсы алып, мекемеде барлық жағдай жасалғанын, тек ынтамен жұмыс жасау керегін алға тартты. Оқу орнын бітірер кезде «Қызылорда қаласы ақаба суларын тазартудың экологиялық жағдайын бағалау» тақырыбындағы жобамды сәтті қорғап шықтым. Осы жағдайлардың бәрі менің білікті маман болып қалыптасуыма және жұмысыма деген қызығушылығымның артуына ықпал етті. Қазір ең алғаш іс-тәжірибеден өткен осы облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінде зертханашы қызметін атқарамын.
‒ Дәл қазіргі уақытта зертханада қандай зерттеулер жүргізілуде? Жалпы жұмыс барысы жөнінде айтып берсеңіз?
‒ Біздің бөлімде қоршаған орта сапасын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау мақсатындағы жұмыстар жүргізіледі. Айталық осы бағытта су көздеріне, атмосфералық ауаға, өнеркәсіптік шығарындыларға, топыраққа және радиациялық қауіпсіздік пен автокөліктен шығатын газ шығарындысына бақылаулар жүргізіп жатырмыз.
‒ Бүгінде жас экологтарға деген қоғамның сұранысы қандай?
‒ Эколог – адамдардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін азайту шараларын бақылайтын және ұйымдастыратын маман. Сондықтан бұл мамандықтың қай уақытта да маңызын жоғалтпайтыны белгілі. Әрі бүгінде қоршаған ортаны жақсарту мәселесі өзекті болып табылады. Өзіңізге белгілі, зауыттардың жұмысы, тау-кен жұмыстары, пайдалы қазбаларды игеру, адамдардың іс-әрекетінің бәрі табиғатқа кері әсерін тигізуде. Сондықтан қазір экологтарға деген сұраныс жоғары деп айта аламын. Ал болашақта эколог мамандығы әлемдегі ең қажетті мамандыққа айналатыны сөзсіз.
‒ Қоршаған ортаны зерттеуге біздегі оқулықтар, құрал-жабдықтар, ақпарат көзі жеткілікті ме?
‒ Былтыр Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан облыстық экология департаментіне «Газ-27057-758» маркалы және 10 бірлік көлеміндегі құрал-жабдықтар жиынтығы бар жылжымалы зертхана берілді. Жылжымалы экологиялық лаборатория талдау жұмыстарын ашық жерлерде, яғни-далалық жерлерде, кен орындарында, алыс орналасқан нысандарда өлшеу жүргізуге толықтай мүмкіндік береді. Сондай-ақ зертхана судың, атмосфералық ауаның, топырақтың сынамаларын алып, сол жерде жедел түрде талдап, әсіресе апаттық және төтенше жағдайларда мамандарға уақыт үнемдеп, жылдам қорытынды беруге септігін тигізеді. Аталмыш лаборатория қазіргі заманға сай жаңартылған заманауи құралдармен жабдықталып, барлық талапқа сәйкестендірілген және өлшеу құралдары тиісті әдістемелерімен өлшеу жүргізіледі.
‒ Қай саланы алып қарасақ та, әрбір маман өз ісінің шебері болуға талпынады. Ал сіз қандай мақсаттың үдесінен шыққыңыз келеді?
‒ Бүгінде мемлекеттік сала мамандарынан білім-біліктіліктен бұрын, адамгершілік қасиет пен тәлім-тәрбие талап етіледі. Мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральды жауапкершілікпен жұмыс істеу барысында әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері мен қағидаларын қатаң ұстану керек деп есептеймін.
Алдағы уақытта табиғатқа зиян келтірмеу, қоршаған ортаны қорғау мақсатында түрлі жобаларды қолға алғым келеді және өзім тәрізді жастарды қоршаған ортаны қорғауға шақырамын.
‒ Әңгімеңізге рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
06 тамыз 2020 ж. 2 759 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031