Қоғамдық көлік бағасы өзгермейді
"Қоғамдық көлік электронды жүйеге көшеді, яғни баға 120 теңге болады" деген уақыттан бері наразылық танытқандар көп болды. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындар бұл шешімге түбегейлі қарсы екенін байқатты. Біз де халық үшін тиімсіз екенін жасырып қалмадық. Басылымның өткен санында да бұл ойымызды ашып жеткіздік. Тиісті сала мамандары бұл пікірді ескеріп, тұрғындардың сөзіне қарсылық танытпады. Бір қуантарлығы, баға өзгеріссіз қалды.
Қызылорданың қоғамдық көліктерінде электронды және қолма-қол жолақы үшін бірдей баға – 90 теңге белгіленді. Бұл туралы қала әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарланды. Бұған дейін 1 қыркүйектен бастап қолма-қол билет құны 120 теңге болып өзгеретіні айтылған еді. Сараланған тариф азаматтарды көлік картасын пайдалануға ынталандыру мақсатында қойылған еді.
«Алайда тұрғындар өтінішін ескеріп, ұсыныстарды тыңдай келе электронды немесе қолма-қол төлем жасаушылар үшін де ортақ баға 90 теңге болып сақталып, оны өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды. Әйтсе де, электронды төлем жүйесіне өту – заман талабы. Сол себепті жол ақысын электронды төлеуге ұсынылған 8 түрлі төлем тетігі дамытылып, жүйеге ауысу 1 қыркүйектен бастап кезең-кезеңімен жалғаса береді. Сондықтан жол ақысын төлеудің электронды жүйесіне ауысуды сұраймыз!»- делінген хабарламада.