Өнім – өзіміздікі, шикізат – шетелдікі
«Егер қазақстандықты тек Қазақстанда жасалған киімді киесің деп мәжбүрлесе, ол жалаңаш қалуы мүмкін». Алғашында «Информвест» газетінен осы сөйлемді оқығанда таңырқағаным рас. Зерттей келе, біздің еліміздегі аяқ киім, киім өндірісі сұранысқа толық жауап бере алмайтынын білдім. Елімізге киімдер Еуропадан, Түркиядан, Қытайдан және Қырғызстаннан әкелінеді. Сондықтан болар, базарда қырғыздар тіккен киімдер мол әрі қолжетімді.
Ата-анамыз,«Қызылордада әйгілі аяқ киім фабрикасы болды. Былғары етік алу үшін сағаттап кезекте тұратынбыз» деп еске алады. Аяқ киім фабрикасы 1943 жылы құрылған. Ол 1997 жылға дейін 2,6 млн. жұп аяқкиім шығарып келген. Мұнан бөлек Қызылордада ірі тігін және трикотаж фабрикалары да жұмыс жасап тұрды. Халықты қажетті өніммен қамтып, тіпті экспортқа тауар шығарған деседі.
Аймақта қазір қандай отандық киім дүкендері бар? Кішігірім болса да, мұны айтпай кетуге болмас. Қаламызда ерлер жейделерін тігетін «Далатекс» фабрикасы жұмыс жасауда. «Димаш» ерлер киімі дүкенінің иесі Ділмұхамед Абызов есімді кәсіпкер Dalatex брендімен, 100% мақтадан тұратын ерлер жейдесін шығаруда. Бұған дейін дүкенге киімдерді сырттан алдырып келген кәсіпкер, ойлана келе өзімізде ерлер жейдесін тігуді қолға алған. Құрылғы Жапонияның, ал технология мен маталар − Түркияның өнімі. Фабрикада 30-ға жуық адам жұмыс жасауда. Жұмысшылардың дені жастар. Тігін фабрикасының өнімдері әзірге ел нарығына шығарылуда, болашақта Ресейден бастап алыс-жақын шет елдерге де экспортталмақ. Отандық өнімнің бағасы тұтынушылар үшін қолжетімді, өзге шет елдік өнімдерге қарағанда анағұрлым төмен.
«Жаңақорғанда жас жігіт аяқ киімдер шығаруда» деген жаңалықты естіп бізде бардық. Жас кәсіпкер Оразай Қалымбет аудан орталығынан ашқан шағын аяқ киім тігетін цехтың жұмысымен таныстық. Былғарыдан тігілген ерлер етіктері дайындалады. Заманауи қондырғылары болмағандықтан етікшілер көп шаруаны қолмен істейді. Мұнда күніне 10-ға жуық аяқ-киім тігіліп, жергілікті сауда орындарына жөнелтіледі. Кәсіпкер қажетті шикізаты Шымкент қаласынан, Ресейден алдырады. Жас кәсіпкердің «шағын цехті үлкен аяқ киім фабрикасына айналдырсам» деген арманыда жоқ емес.
Заманға сай әйелдерге арналған киімдерді өз қаламызда тігу мақсатында жас кәсіпкер Самал Сәнімханқызы «Samal» сән үйін ашты.
− Киім тігуге қажетті барлық шикізат өз елімізде өндірілсе жақсы болар еді. Керектінің бірін тапсақ, бірін таппаймыз. Керек-жарақтарды шет елден алып, матаны Түркия, Қытайдан, Қырғызстаннан әкелеміз. Тігін машиналарының да сапалысы қымбат тұрады. Ұлттық оюларымызды әр киіммен үйлестіру арқылы қазақ киімін қайта шығарғымыз келеді. Бұрынғы әже, апаларымыз киген бүрмелі көйлекті заманауи үлгіде ұсынсақ, қазақ қыздары Еуропадан әкелінген ашық-шашық киімдерді кимес еді, − дейді Самал.
Осылайша кәсіпкерлер табыс көзі үшін «бағаға» жұмыс жасауда. Елімізде жеңіл өнеркәсіптің еңсесін езіп тұрған күрделі мәселе – шикізаттың жоқтығы. Төрт түлікке бай болсақта, тері мен жүн өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Көптеген ауылдарда сұраныс болмаған соң, малдың терісі мен жүні күресінге тасталады. Ал бізге киім ұсынатын елдер өнімнің шығынын азайту мақсатында табиғи шикізаттың орнына химиялық қоспаларды көптеп қолданатыны тағы бар. Жеңіл өнеркәсіпке әсіресе тері өңдеу, жіп иіру, киім және аяқ киім өндірісін дамытуға қомақты қаржы салу керек. Салаға шикізат, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар әкелуге мемлекет назар аударуы қажет. «Иті қырын жүгірген» салаға ит жылында басты назар аударып, бір кезде Қазақстан жеңіл өнеркәсібін жаһанға танытқан Қызылорда аяқ киім фабрикасы сияқты отандық брендтерді жандандырсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлбану МАҚАЖАН