«Ниет» байқауының жеңімпазына 1 млн. жүлде табысталды
Бүгін Астана қаласындағы кинотеатрлардың бірінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырған әлеуметтік бейнероликтердің ең үздік идеяларына арналған «Ниет» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқаудың бас жүлдесі – бір миллион теңге және режиссер Ақан Сатаевтың жетекшілігімен әлеуметтік бейнеролик түсіру мүмкіндігі алматылық Дмитрий Галабирге бұйырды. Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев жеңімпазға диплом мен сыйлықты табыс етті.
«Фильмге арқау болатын сюжетті екі-үш минуттық роликке сыйдыру өте қиын. Бұл өте маңызды әрі ауыр жұмыс деп айтуға болады. Астарында мемлекетімізді жақсартуға бағытталған терең мақсат-мүдде жатыр. Сондай-ақ, ол жан мен жүректі қарып өтуі тиіс. Бұл қолымыздан келді деп ойлаймын. Осы ауыр жүкті көтере білген жеңімпазды шын жүректен құттықтаймын. Бұл жұмысты әлі де жалғастырамыз деген ойдамын», - деді Дәурен Абаев.
Екінші орын иегері Қуаныш Омаровқа Apple MacBook бұйырды. Ал үшінші орынды жеңіп алған Ринат Тұрғанбековке Canon фотокамерасы табыс етілді. Сондай-ақ, үздік сценарийлердің жеті авторы дипломдар мен ынталандыру сыйлықтарын алды.
Іс-шара барысында Дмитрий Галабирдің сценарийі бойынша түсірілген әлеуметтік бейнероликтің таныстырылымы өтті. Бейнероликтің сюжеті бала тәрбиесінде және мотивациясында ата-ананың алатын рөлі мен баланың кішкентайынан армандаған қиялының өсе келе шындыққа айналуы мүмкін екендігі туралы.
«Бірінші кезекте байқау ұйымдастырушыларын шын жүректен құттықтағым келеді! Олар қоғам үшін пайдасы мол іс жасады. Қоғамды жақсарту жолындағы ауыр жүкті арқалады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырзаға, «Ниет» қорына» және байқау қатысушыларына алғыс айтамын. Келіп түскен өтінімдер мен сценарийлер өте көп болды. Идеялардың барлығы да тамаша. Әрине, бұл байқау болғандықтан жеңімпаз біреу. Көптің арасынан озып шыққан Дмитрий Галабирді шын жүректен құттықтаймын. Оны барлығымыз бірауыздан жеңімпаз деп таныдық. Кейін роликті экранизацияладық. Осы идеяны жандандыруға атсалысқандарға да алғысым шексіз. Барлығын біздің қоғамды, мемлекетімізді және жалпы әлемді жақсартуға шақырғым келеді. Бұл бастамалар осымен тоқтап қалмай әлі де жалғасын табады деген үміттемін. Өз тарапымнан біздің де дәл осындай шараларға жан-жақты атсалысатынын айтып өткім келеді», - деді Ақан Сатаев.