КӨШБАСШЫНЫҢ БІР ЖЫЛЫ...
Ол – бір жоба аясында 47 іс-шара, мұнан өзге 4 әлеуметтік жобаны сәтті ұйымдастырған 21 жастағы көшбасшы. Перфекционист Әділ қандай шешім қабылдады? АҚШ елшілігімен қай жоба жүзеге аспақшы? Республикалық «Дельфий ойындары» байқауында біз білмейтін қандай қызық оқиғалар болды? Мұны Әділмен әңгімелесу барысынан біле аласыздар.
Әділ Әліқұлов, «Ашық азаматтық қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қорының директоры:
Идеалдыққа ұмтылатын перфекционистпін
Көпшілікпен жұмыс істеу – бала күнгі арманым. Жаңа таныстармен тіл табыса білу, ізденісте жүру әрдайым жаңа бастаманы қызығушылықпен атқаруға мотивация береді. Өзімді офиске таңертең кіріп, кешке шығатын қызметкер ретінде елестете алмаймын. Кейде таныстарым «Әділ, «жүгіруден» шаршамадың ба» деп сынай қарап, таң қала сұрайды. Бірақ жұмысың арманыңмен ұштасса, қиындықтың соңы – қуаныш. Оқушы кезімде би байқауларына қатысып, тіл үйреніп, «Балалардың құқығын қорғау ұйымы», еріктілер жасағының мүшесі болдым. Сабақты жақсы оқып, белсенді болғаным сондай, идеалдыққа ұмтылатын перфекционист ретінде 11-сыныпта өз еркіммен ҰБТ-дан бас тарттым. Бір сабақтан төмен балл жинап, грант ұта алмағанымды қаламадым. Есесіне, Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің «Іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттау» мамандығына тапсырып, қызыл дипломмен бітірдім. Студент кезімде көп адаммен бір мақсатта жұмыс істеудің ұнайтыны сондай, топ басшысы, кейін «Қазақстан студенттер Альянсы», «Жігер» жастар ұйымының жетекшісі болдым. Ал оқу бітірген соң облыстық әкімшілікте жастар тәжірибесі бағдарламасымен төрт ай қызмет атқардым. Мұнда жүріп «қандай ұйымдар бар, мақсаты қандай, қалай жұмыс істейді» деген сауалдарға жауап таптым.
Үкіметтік емес ұйымның жұмысын жүргізуді оқушы кезімнен-ақ білетінмін. Себебі, анам 2002 жылдан бастап Чернобыль оқиғасына қатысқан адамдардың қалалық ұйымын басқарды. Анамның құжаттарын реттеуге көмектесе жүріп, өзімнің қоғамдық қорымды ашу туралы ой келді. Алайда, 2016 жылы қараша айында ғана «Ашық азаматтық қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қорының тұсауын кесудің сәті түсті.
Пойыз ішінде концерт қойдықӨткен жылы облыстық жастар басқармасының үш жобасын ұйымдастыру біздің қоғамдық қорға тапсырылды. Атап айтсам, өңірлік «Дельфий ойындары», «Байқоңыр мен Қызылорда жастарының ынтымақтастығын нығайту», «Жастар арасында әлеуметтік видеолар арқылы ақпараттық идеологиялық жұмыстарды жүргізу» жобасы. Ал, Қармақшы ауданы ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, «Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру» жобасы бойынша 47 іс-шараны жүзеге асырдық. Байқоңыр, Ақай ауылдарының жастарына мамандық таңдау бойынша тренингтер, спорттық спартакиадалар, мектептер арасында байқауларұйымдастырдық.
Бұл жобалардың әрқайсысын бастарда күдік пен уайым болды, ал қазір үлкен тәжірибе жинадым. Ең бастысы жиындарда қуана көрісетін таныс, достарым көбейді. Бұл жұмыс көп сөйлемейтін, «ренжісе ренжісін, ренжімесе өзі білсінге» салып тура айтатын Әділді біраз өзгертті. Тіпті қазір кез келген таксистпен әңгімелесіп кетемін.
Өңірлік «Дельфий ойындары» байқауын ұйымдастырып, 8 кг салмақ тастағаным есімнен кетпейтін шығар. Республикадан келген әділқазылар алдында ұятқа қалмайық деген ой, облыстық байқаудың жауапкершілігімен офиске таңертең кіргеннен түн бата қайтып, әкімшілікке күніне бірнеше рет баратынмын. Әр аудандағы іріктеу сынын қадағалап, арнайы барып, ал аймақтық байқауда жүз қатысушының арасынан мықтыларын анықтадық. Республикалық байқау Петропавль қаласында өтті. Үш алтын, үш күміс алдық. Барлық қатысушылар дипломант атанды. Сертификатпен қайтқан облыстар даболған. Ал Қызылорда 16 аймақ ішінен, командалық есепте 6 орынға тұрақтады.
Петропавлға барарда қатысушылардың көбі тұйық екенін байқадым. Сондықтан пойызда концерт қояйық деп шештім. Біріншіден, олар ортаға, көпшілікке үйренісу үшін, екіншіден, уақыт жоғалтпай дайындалу үшін. Петропавлға жеткен соң әр облыстың қатысушыларына дайындалатын зал болмады. Ал мен бара сала, жатақханаға жауапты маманнан арнайы залдың кілтін сұрап алып, сонда бес күн бойы дайындалдық. Иә, осылайша әрбір шара мені жауаптылыққа, жылдамдыққа үйретті.
2017 жылы АҚШ елшілігінің арнайы грантын жеңіп алдық. Енді сол жоба бойынша ауыл, қала жастарын белгілі бір кәсіпке оқытып, үздік, талапты жастардың кәсіп бастауына керек құрылғыны алып береміз. Бұл жылы да елшіліктің конкурсына қатысып, бірінші кезеңінен өттім. Қазір Орынборда «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығында білім аламын, болашақта шетелде оқып, сол жақта тәжірибе жинағым келеді.
P.S. Байқадыңыз ба, көшбасшыға бір жылдың өзі – үлкен мүмкіндік. Тәжірибеге толы кезең. Қоғамдық қор ашып, батыл бастама жасаған Әділ алдымен өзін дамытуға күш салды. Оның мақсаты замандастарға ой салуы керек.
Айдана ЖҰМАДИНОВА