» » » АРМАНЫМ – НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУ

АРМАНЫМ – НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛУ

Дінмұхаммед АҚПАН,
2015 жылы химия пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада I-орын, 2017 жылы Корея Республикасында өткен халықаралық «Жас ғалым» ғылыми жобасының II-орын иегері. «Сыр дарыны» медалімен марапатталған.  Физика және математика саласында халықаралық дәрежеде жас ғалым атанды:
«ҒЫЛЫМДА ТЕК ҒАНА ДИКТАТУРА»
Бүгінде 11-сынып оқушысымын.Сондықтан таңертең сағат 8.30-да мектепке келемін. Қазір Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық уақыты болғандықтан емтихандағы негізгі пәнге баса назар аударамын. Ол – физика-математика және тарих пәндері. Сағат 14.00-де мектептен шығып, білім беру орталығы «Достыққа» барамын. Сол жердегі мұғалімдерімнің көмегімен білімімді жетілдіремін. Үйде шамамен кешкі 9-да боламын. Бүгінде бос уақытым аз. Дегенмен «Достыққа» жыл сайын жаңадан оқушы қосылады. Оның біреуінің білім деңгейі жоғары болса, енді бірі кей есепті түсінбейді. Сондықтан бос аудитория тауып, оларға сабақ өтемін. Асқар Жұмаділдаевтің: «Ғылымда тек ғана диктатура» деген сөзі ұнайды. Сондықтан бір теорияның тарихынан бастап, бүгінгі деңгейіне дейін нақты түсіндіруге тырысамын.
                                                                           
«ЖОҒАРҒЫ СЫНЫПҚА ДЕЙІН МАТЕМАТИКАНЫ ТҮСІНГЕНІММЕН, ҚАТТЫ ҚЫЗЫҒЫП ОҚЫМАЙТЫНМЫН»
Бала күнімде үйде спутникті теледидар болатын. Сонда мультфильммен қатар «National geographic» арнасында Морган Фриман жүргізетін ғылыми бағдарламаны көргенді ұнататынмын. Сонымен қоса Джеки Чанның бір киносының әсерінен археолог болуды армандайтынмын. Негізі 5-6 сыныпқа дейін математиканы түсінгеніммен, қатты қызығып оқымайтынмын. Есесіне жаратылыстану, дүниетану пәндері ұнайтын. Одан кейін 7 және 8 сынып бағдарламасына физика, химия пәндері енді. Математикада да жаңа тақырыптарды өте бастадық. Сол кезде физика-математика бағытына қызығушылығым артып, тереңінен меңгере бастадым. Сондай-ақ мектептен қайтқан соң, үйде бос уақытымда ғаламтордан орыс ғалымдарының сабақтарын жиі көретінмін.
«ҚАЗАҚ  ҒЫЛЫМЫН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК»
Америка Құрама штаттарында XX ғасырдың басында «ақыл ойды сатып алу» деген жоба қолға алынды. Бұл жоба әлі күнге дейін бар. Жоба бойынша ғалымның өмір сүруіне, идеясын жетілдіруіне барлық жағдайды жасап, Америкада қалдырады. Яғни ол жақта сенің білімің, ойың бағаланады.
Осы секілді Қазақстандағы ғылым саласына ғалымдарға да, мемлекетке де тиімді нақты жүйе керек. Соның ішінде білім беру саласына назар аударсақ. Талапты ғалым мектеп табалдырығында қалыптасады. Бала қай салаға қызығатыны ерте анықталып, соны жастайынан тереңірек оқуға, ізденуіне мүмкіндік жасалуы тиіс. 
«ҒЫЛЫМИ КІТАПТЫ АЗ УАҚЫТТА, ӘДЕБИ ТУЫНДЫНЫ АСЫҚПАЙ ОҚИМЫН»              
Оқыған жанды шабыттандыратын Пауло Коэльоның «Алхимик» кітабы ұнайды. Одан кейін өзіме ерекше әсер еткен Скотт Фицджеральдтің «Великий Гэтсби» туындысы. Сонымен қоса Пушкиннің әлемді мойындатқан «Евгений Онегин» шығармасын бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Мен бұл кітаптарды асықпай, сезініп оқығанды ұнатамын. Ал математикалық анализ турасында жазған Г.Фихтенгольц, А.Дадаян, В.Дударенко кітаптарын аз уақытта бітіремін. Ал қазақ шығармаларынан М.Мақатаевтың, М.Шахановтың поэзиясы ұнайды. Мектепті абыроймен бітіріп, физиканы да, математиканы да қатар алып жүретін мамандыққа оқуға түсу жоспарда бар. Жақында сынып жетекшім бір сөзімді есіме салды. Мен ұстазыма бір емес, екі рет Нобель сыйлығын аламын деп айтқан екенмін. Арманым – осы уәдені орындау, артылған сенімді ақтау.
Ләззат Әлиева,
Дінмұхаммедтің ғылыми жетекшісі:
Жуырда Дінмұхаммед іріктеуде ең жоғарғы баға алып, Кореяда өтетін халықаралық «Жас ғалым» ғылыми жобасына жолдама жеңіп алды. Осы додаға қарқынды дайындалудамыз. Оның діттеген мақсатына, ойлаған арманына жететініне кәміл сенемін.
АССОЦИАЦИЯ
(мына сөздерді естігенде, ойыңа бірінші не келеді?)
Мектеп – Түркістан көшесі
Ұялы-телефон – Iphone
Үй – теңіздің жағасында
Тарих – Қазақ хандығы
Еңбек – адалдық
Қазақ – ұлы халық
ЕГЕР...
Ерекше қабілет алу бақыты бұйырса, не таңдар едің?
– Мүлтіксіз есте сақтау
Лотореядан қомақты қаржы ұтып алсаң, бірінші не сатып аласың?
– Әлемге саяхаттау үшін билет
Дүниежүзіне танымал жанмен кездесуге мүмкіндік болса, кімді таңдар едің?
– Ғалымдардан физик-теоретиктер Митио Каку мен Кип Торн, ал саясаткерден В.Путин және А.Меркельмен сұқбаттасқым келеді.
Әсел БЕГМАН
01 ақпан 2018 ж. 1 066 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031