ҚАБАҚ ПЕН ТАМАҚ

    Көптен көз көрген екі айырмашылық жайлы ойлайтынмын. Бірақ, жазам деп жүргенімде редакция тапсырмасына күпм етіп түстім де, кейінірек босаған соң ескі елесті еске алып едім.
...Демалыста көптен қауышпаған елдегі туыс не дос-жаранды аралайтын мен ғана емес. Ауылда өскен ұлдың бәрі солай етеді. Әуелі рулас ағамдікіне бардым.
– Ассалаумағалейкум, сәлем бердік, – дедік шарбақтан ене бере. Жеңгей елпектей қарсы алды. Қашаннан орамалы басынан түспейтін оның әдеті сол – аузы да, қолы да тынымсыз.
– Бақытты бол. Өлә, зәремді ұшырып ше. Қашан келдің, ейй?! Ибай, жардай болыпсың, мақау, қатын қашан аласың? Жай ғана құр тілің-ау сенің, әйтпесе осы кезге дейін...
Сөйлеп жүр. Сөйлесе де қолындағы төрт түйір картобын аршып жүр.
– Отыр, отыр, қазір ағаң келеді, салының (күріштік) басынан. «Әбет» дайындап жатқанмын. Мақтап жүреді екенсің. Немене, қала жаққан-ау өзіңе, екі бетің жалтырап, көзің ашылмай қалыпты ғой, мақау...
Жеңгейдің сөзіне мән беріп отырғаным жоқ. Құлақ үйренген. Сәл парықсыздау сөйлесе де, іштей осы жеңгемді жақсы көремін. Мектеп бітіре сала ағамыз алып қашып келіп, әулетке тез сіңген. Ақкөңіл. Кей-кейде ағам «ащыдан» сілтеп қойып, "қараң қалғыр" мен "көрбағы" қосарланып кетпесе, ағайын арасындағы той-жоралғыда бұның бәсі жоғары. Тамақ асу мен той дастарханының артын жинап кетудің «мәстірі» енді. «Осы келіннің қол-аяғы жылдам» деп шуақта отырған үлкен кемпірлер талай комплимент айтқан бұл кісіге. Әттең-айы, мектептен кейін оқымаған. Ондай кемшілікті өзі де мойындайды. Өзінің айтуынша, дипломы болса, ең құрығанда мектепте тәрбие завучы болып, биік өкше топлаймен безектеп жүретін еді.
Ағам келді. Қауқылдасып отырып түскі асқа отырдық. Жеңгей жылдам. Ыржыңдайды. Екі езуі екі құлағында. Онысы ағама еркелеу ме, анығын білмедім. Таба нанын толтыра тураған дастархан бетіне. Жалғыз сиырдың сары майын қойды. Дүкенге қарай жүгірмекші болған. Анау-мынау әкелмек. Өзім тоқтаттым. Білем ғой, онда барып, дүкеншінің қарыз дәптеріне жазыларын.
Айтпақшы, жеңгей макарон бұқтырыпты. Әлгі төрт түйір картобымен. Бетінде бақшадан үзген көк жуасы бар. Бала-шағасымен бірге қарбытып жеп алдық.
Ағам тек әке-шешемнің амандығын сұрап, дастархан үстінде «алдыр», «алдыр» дегені болмаса, әңгімеге шорқақ адам. Жеңгей саудырлап қалған. Эфирде отырған өзі ғана болды.
– Әзір боласың ба?
– Иә, - дедім мен кесемдегі соңғы шәйді ұрттап жатып.
– Ии, кешке кел, бір-жар қыздардың адресін айтам.
– Мақұл.
Ағам күріште сушы еді. Жеңгей жұмыссыз. Қош айтысып, келесі туысқа аяңдадым. Арнайылап сәлем бермесең, сыртыңнан дымыңды қалдырмайтын ағайын ауылда көп қой.
Бардым. Қол ұсындық. Алды. Аузы жыбыр етті. Онысы несі деп таң қалмаймын. Өзі бір үнемі тұнжыраңқы жүретін ағайын адам.
– Әй, қайсың барсың, шәй қой.
– Ә, жоға, кетем. Сәлем беріп шығайын деп ем.
– Ыы, қашан келдің?
– Кеше кешкі автобуспен.
– Жұмысың сол баяғы ма?
– Иә, сол ғой.
– Әлі қағаз кеміріп жүрмін де. Кезінде мұғалімдікті бекер тастадың. Мына пәленшенің нөлге нөлді қоса алмайтын баласы "пизрөк" болып, айына екі жүз мың алатынға ұқсайды...
Шыны керек, жалыға бастадым. Әкемнен үлкен болғасын, амалсыз кідіріп тұрмын. Әйтпесе, «шалдың баласы» екенімді есіне салып, қарсы жауаптасуға дайын тұрғанмын.
Айтпақшы, осы үйдегі жеңгем қызметтегі адам. Оқыған адам ғой. Шәй қойды. Неге екені белгісіз, түнеріп жүрді. Ай, осы нөсерлетіп жаумай тұрып, ығысып кетсем деп едім. Оған «асқа қарамады» деген артыңнан айтылар сөз де бар.
Түнеріп жүріп шәйін берді. Түнеріп жүріп тәттісін қойды. Колбаса мен сыр, кешіріңіз, шұжық пен ірімшік те табылды бұл үйден. Кешегі қуырдақты шала-пұла ысытқаны көрініп тұр. Дастарханды қойшы, жайнап тұр, бірақ, түнерген қабақтан түңіліп мен отырмын. Неге екенін білмеймін, бір кесе шайды құлықсыз ішіп, бір пешенайды зорға тістедім. Онысы тамағымды жырып, көзімді ашытты.
Расы сол, ықылас еді ғой іздегенім. Таппадым. Сүйретіле шығып, өз үйіме аяңдағам. Есіме бірінші барған ағайынның үйі түсті. Жеңгемнің жадырай жүріп берген етсіз макаронының дәмі аузыма қайта-қайта келе берді...
R.S. Жаратқан-ай! Жартымды берсең тамағынан бұрын, қабағын ұсынар, жібі түзуді нәсіп еткейсің!

Ержан ҚОЖАС

02 қазан 2020 ж. 339 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031