» » » ХАТ ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ КЕЙ-КЕЙДЕ...

ХАТ ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ КЕЙ-КЕЙДЕ...

 Көріңде өкіргір, коронавирус келмей тұрып, біз пақыр талай тойға барғанбыз. Сүйір топлиды сәл шаң басса, жылтырата сүртіп, толық балтыр құдашамен билегенбіз. «Ей, жігітім, қараторы» деп қалжыңмен қағытқан жеңгейлерге сүйкеніп, «дабраба дүш», «дабраба дүш» деген діңкілдек музыкаға жараспаса да, жұрттан қалмай секеңдегеніңді көз көргеннің бәрі біледі.
Қош, бұл да сондай тойдың бірі. Екі жыл бұрынғы. Дұрысы, арамыз бір жас болса да ақ құрдас деп сыйласатын жолдасымның үйлену тойы. Тойхананың іші-сырты қан базар. Адам ығы-жығы. Әңгіме гу-гу. «Келін қай жақтан?» дейді қамзолды апам. Оған еті тірі, бермесіңді жұлып алар, у пысық, досыңның "старшый" атанған жеңгесі қыздың шыққан тегін, адресін, руын, әкесінің әкімшілікте, шешесінің мектепте завуч екенін жылдам айтып үлгіреді. Тіпті, қыз ағасының жақында ГАЙ-ге жұмысқа тұратынын жайып салады. Құдды тәуіп қатындардай дөп басып айтады. Оны естіген әлгі кемпір байғұс амалсыз ішегін тартады.
– Біздің бала да осал емес, – дейді жеңгей. – Қарамағында жеті-сегіз адамы бар. Қандай еді әлгі, «Шетери группа» деген. Басшыларын қорғайды. Құмкөлде старшый. Осылай көсіледі кербез жеңгей. Расымен, жолдас жігіт мұнайлы Құмкөлде күзет қызметінде. Басшыларды қорғайтыны сәл өтіріктеу. Охранниктердің басшысы еді.
Осындай пәлен-пәштуән әңгімеден жалығып мен отырмын. Әншейінде жұмысқа костюм-шалбар кие қоймайтын өзім сол күні сықиып барымды үстіме ілгенмін. Әрі үйге бармай, жұмыстан бірден осында келген бетім. Қарным аш. Асаба шіркін тойды тез бастаса, достарға арналған, ең шетіндегі 12-ші столға жетіп жығылмақпын. Айтпақшы, отыра салып, «Адай» күйі ойналса дейсің. Күй ойналса, күйлене бастайсың. Неге дейсің бе?! Нашар сұрақ қойып отырсыз. «Адай» күйі ойналса, ортаға ет келмей ме?! Өзім сол күй ойналса, тісімнің суын сорып, ет жегім келіп, елеретінім бар. Иә, кеудесіне «Наргиза», «Анеля», «Жанна» деген жазуы бар, томпиған-томпиған бойжеткендер табақ көтеріп ортаға шыққанда, той мен үйленіп жатқандар жайлы ұмытуға тура келетін сәттер болады...
Бірді айтып, бірге кетіппіз. Қызығы сол, жолдас жігіт пен қыз әлеуметтік желі арқылы танысыпты. Өзі айтқан. Біздің жігіт пойскті ақтарып отырып, осы қызға кездескен. Суреттерін қараған. Әлгі фотошоп емес пе деп сәл күдіктенген. Әбден аузы күйген ғой, қайтсін енді. Ақыры, тәуекел деп, «добавить» басса керек. Бітті. Заявка отправлено. Сөйткен де ұйқыға кеткен. Таңда тұрып қараса, әлгі қыз біздікінің «пейсбуктегі» достығын қабылдай қойыпты. Сірә, басты суретке қойған, автомат асынған суретке сынса керек. Өтірік болса, жаны шықсын, жолдас жігіттің өзі маған осылай сыр шерткен.
Міне, енді мессенжерден басталған махаббаттың нәтижесін көзбен көріп отырмыз. Тойды айтам да. Ешкім таныстырмаған, ұзақ ұнатып жүрмеген. Смс арқылы екі күн сөйлесіп, вахтадан қайтып кездескен. Арты «бешір» болды ғой.
Әңгіме осы турасында еді ғой, құрметті оқырманым! Қағазға хат жазу дағдысы жайлы жазбақ болғанмын. Әлеуметтік желідегі смс алмасудан бөлек. Хат жазбайды ешкім бүгінде. Бұрынырақта ше?! Әсіресе, мектеп кезіндегі сүйген қызға хат жазу. Көңілшектеу едім, есіме ескі махаббат хикаялары түсе бастады. Бордай езіліп, босамай тұрғанда осы жерден қоя қоялық...

Ержан ҚОЖАС
02 қазан 2020 ж. 545 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031