» » » «Абай» операсы сыр елінде

«Абай» операсы сыр елінде

  Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы бар қазақтың бағдар алар бағытына айналғалы қашан. Оған қоса ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тың деректер мен өміршең туындылар көрерменге етене жақын таныстырылып, данышпанның дара болмысын ашуға сеп болуда. Сондай жарқын үлгінің бірі – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы. Атақты шығарма Қызылорда облыстық филармониясының 48-інші маусымашарында Сыр жұртшылығына жол тартты. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында операның тұсаукесері түсіріліп, әлеуметтік желілер мен «Сыр шаңырағы» YouTube каналы арқылы көрерменге ұсынылды.
Аталмыш туынды тек абайтануда емес, қазақ операсында да бәсі биік туынды. Абайдың өмірі мен шығармашылығының қыр-сырын, даму кезеңін сәтті көрсете білген еңбек өткен ғасырдың өзінде көпшіліктің оң бағасына ие болған еді. Операның алғашқы қойылымы 1944 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қойылып, өнер әлеміне өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың опера және балет театрында сахналанған туындының режиссері Құрманбек Жандарбеков болса, суретшісі Құлахмет Қожықов, дирижері Леонид Шаргородский болатын. 1956 жылы операның екінші редакциясын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди Мұхтар Әуезовтің либреттосына қайта жазып, шығармаға жаңа тыныс сыйлады.
Міне, осылайша бізге жеткен толыққанды өнер мұрасы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Сыр елінде алғаш рет сахналанып отыр. Операның қоюшы режиссері – Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі солисі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Қайрат Құлыншақов. Ал, басты рольді сомадаған жерлесіміз, облыстық филармония әншісі Айдос Иманжаппаров. Қойылымға облыстық филармония, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артистері, камералық оркестр және «Томирис» би ансамблі мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенттері мен аралас хор ұжымынан құралған 100-ден аса өнерпаз атсалысты. Операны облыстық филармонияның камералық оркестрі сүйемелдеп, оған Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев дирижерлік жасады.
Бір ескерер жайт, енгізілген карантин талаптарына сәйкес, опера көрсетілімі онлайн режимде өткізілді. Көрермендер сырлы туындымен облыстық «Qyzylorda» телеарнасы және Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналы арқылы танысуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, операның шымылдығы өткен аптада түрілгенімен, кез келген уақытта интернет ресурастарында онлайн тамашалауға болады.
Айта кетейік, "Абай" операсының Сыр елінде сахналануына ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Қаракөз Ақдәулетова алғаш ұсыныс жасаған. Аймақтағы талай өнер әлемінің майталманын шығарған аяулы ұстаздың ерен еңбегі Сыр жұртшылығының мәңгі есінде сақталары сөзсіз.
Абай – ұлы даланың данышпан перзенті. Өмірлік құндылық пен парасат-пайымды қазақ бойына сіңіруге талпынған тұлғаны тану әр қазаққа міндет екені белгілі. Сондықтан бекзат өнер туындысы – «Абай» операсын көру арқылы ақынның жүріп өткен жолын, ішкі толғанысы мен танымын дөп басуға жол ашылады. Оған қоса, кейінгі буынның дүниетанымын, құндылығын қалыптастыру үшін өшпес өнермен насихат жасау маңызды.
Ақтілек БІТІМБАЙ
03 қазан 2020 ж. 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031