» » » ӨНЕР ӘЛЕМІНІҢ ӨРЕНІ

ӨНЕР ӘЛЕМІНІҢ ӨРЕНІ

 Рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін бірден-бір орын – театр. Бұл – өмірдегі түрлі жағдайларды сахналандыру, өмір шындығын көрерменге қойылым арқылы жеткізу. Театр – сіз бен бізге беймәлім әлем. Актерлер сол беймәлім әлемнің жұмбақ кейіпкерлері іспеттес. Орыс актері Олег Леушин айтқандай, өмірдегі күнделікті жағдайларды сахнада жайбарақат көрсете салу мүмкін емес. Театр мен кино әлемі бір-бірінен ерекшеленеді. Кинода өмірдегідей ойнауың керек. Өйткені адам жанының айнасы – көз арқылы бәрін ұғуға болады. Бірақ театрда іс-қимыл, сөз бен дауыс арқылы беріледі. Туа бітті таланттар болады, ал, кейбіреуі оған қол жеткізу үшін ұзақ уақыт еңбек етеді. Еңбек арқылы қалыптасқан актерлік шеберлік мақсат қоюдың арқасында ғана іске асады. Талантты адам бойындағы дарынын сақтап қалу үшін еңбектенуі керек. Ондай актерлік шеберлік кез келген адамның бойында бола бермейді. Әрине, ол үшін ең алдымен шынайы қабілет қажет. Иә, бүгінгі таңда сондай қарымды қабілетімен өнер биігіне ұмтылып келе жатқан өнерпаздарымыз жетерлік. Сондай өнер саласының саңлағы, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрының артисі – Ұғым Баймаханов.
Ол 1995 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің хореография мамандығына оқуға қабылданып, 1999 жылы тәмамдаған. Өзінің айтуынша, өнер жолын таңдауына ешкім себепші болмаған. Бала кезден сол саланың хас шеберіне айналуды мақсат тұтқан Ұғым Санақұлы осы салада жүргенін мақтан тұтады. «Иә, менің өнер жолын әрі қарай жалғастыруыма киелі қара шаңырақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, ондағы ұстаздарымның қосқан үлесі зор. Мен мамандық таңдаудан еш қателескен емеспін. Осы университетті таңдағаныма, осындай іргелі оқу ордасында оқығаныма ешқашан өкінбеймін»,– дейді.
Ең алғаш университет табалдырығын аттаған сәттен бастап, асқақ арманының орындалуына үлес қосқан ұстазы Алмас Қаржаубаев есімді азамат болды. Ол кісі хареография саласының қыр-сырын үйреткен. «Ұстазымның жолын жалғастырсам деген мақсатым әлі күнге мені алға жетелеп келеді», – дейді ол. Осылайша арманын мақсатқа, мақсатын шындыққа айналдыру үшін 1997 жылы университет қабырғасында оқып жүріп, «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің бишісі болды. 2007 жылдан 2011 жылға дейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде актёр мамандығы бойынша білім алды. Оқуын тәмамдаған сәттен бастап, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрына актёр болып қызметке орналасты.
Ұғым Санақұлы «Мұстафа Шоқай» спектакльінде Розенбергтің, «Абай» пьесасында Оразбайдың, «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклінде Айтөренің, Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасында Әбілқайыр хан рөлін сәтті сомдады. Осындай талантты өнерпаздың қабілетін ұштай отырып, өнер жолына бағыт-бағдар беріп, талантын шыңдай білген театр ұжымының еңбегі зор. Атап айтсақ, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Үздік актер» номинациясымен, Тәуелсіздік мерекесіне арналған төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен қатар «Мәдениет саласының үздігі» деген атақтың иегері. Ұғым Санақұлы Баймаханов қазіргі таңда 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке. Әкенің айтқан әрбір ақылы балаларына өмірлік азық. Ардақты әкенің жүріп өткен жолы балалары мен кейінгі ұрпағына әрқашан да үлгі. Қорыта келе, келешекте кейіпкеріміздің жолын жалғайтын, театр өнерінің туын биіктететін шәкірт тәрбиеленетініне сеніміміз мол. Шығармашылық табыс тілей отырып, әлі де биіктей беріңіз демекпіз.
Аружан ЕРАЛЫ,
ҚМУ-дың IV курс студенті
18 қазан 2020 ж. 428 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031