» » » АДАМНЫҢ ІШКІ МӘДЕНИЕТІ МАҢЫЗДЫ

АДАМНЫҢ ІШКІ МӘДЕНИЕТІ МАҢЫЗДЫ

Арай КӨШІМБАЕВ, театр актері:

Актер Арай Көшімбаевтың тұлғалық болмысы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында сахналанған «Сыған серенадасы», «Адам болып өтейін», «Жүз жылдық махаббат», «Ауылдан келген ару» қойылымынан таныс. Режиссер О.Нұрмахановтың «Бір келіншек» қысқаметражды кинофильмінде, «Марал ишан» туралы деректі фильмде экрандық бейнелерді сомдаған талант Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағының қазақ театр өнеріне қосқан үлесі үшін “Құрмет” грамотасымен марапатталған. Осы аптада өнер адамымен театр тақырыбында әңгіме өрбіттік.

‒ Әдетте  өнер адамына тән тереңдікті отбасы тәрбиесімен, дала философиясымен байланыстырады. Өнерге әсем өрнек салуда адамды тағы не тәрбиелейді?
Шынайылық пен жан дүниенің тазалығы өнер адамын биіктете түседі. Сондай-ақ адам болмысының қалыптасуында білімнің алар орны бөлек. Әдетте әдеби мағынада естілетін ұшқыр қиял, асқақ арман жай сөз болып көрінсе де, осы дүниелер өнер адамын алға жетелейді. Сондықтан халыққа адал еңбек ету үшін алдымен жақсылыққа, өзің сомдаған кейіпкеріңнің тұлғалық болмысына балаша сенуің керек.
«Актер деген мамандық ‒ күндіз-түні ұйықтамайтын оқу-тоқуды таңдап алу» деген Оралхан Бөкейдің сөзі бар. Қызығынан қиындығы басым мамандықты сіз қалай таңдадыңыз?
     ‒ Өнерге адам екі жолмен келеді: бірі кездейсоқ, бірі өзі қалауымен өнерді жақсы көрушілер. Сахнаға шынайы сезіммен келген актер бәріне көнеді деп ойлаймын. Мен де бала күнімнен өнерден алыс емес едім. Сондықтан қиын болса да театр сахнасын өзім таңдап келдім деп толық айта аламын. Кейде кейіпкердің болмысына ене алмай, қиналғаннан жаның ауырып,  қолыңды бір сілтеп кетіп қалғың келетін сәттер де болады. Бірақ соңына дейін төзіп, бар еңбегіңді жұмсаған образың көрермен көңілінен шығып, қошеметке бөленгенде бәрін ұмытып бір марқайып қаласың. Кәсібіңе деген сүйіспеншілік, өнерге деген адалдық деген осы болар?! Осылайша театрда  жаңа күн, жаңа образ, тың қойылым бірінен соң бірі үздіксіз  жалғаса береді. Осы орайда Өнер Академиясында тәлім берген Жайлау Ақшабайұлының, театрдағы ұстазым режиссер Хұсейн Әмір-Темір ағаның еңбегі зор.
     ‒ Театр сахнасында жүрген 13 жылда біршама тарихи рөлді сомдаған екенсіз. Айтыңызшы, тарихи тұлғаларды сомдауда қандай да бір тылсым дүние бола ма?
     ‒ Тарихи тұлғаларды сомдауда есте қаларлықтай тылсым дүние болған емес. Бірақ ойдан шығарған кейіпкерлерден гөрі тарихи тұлғаларды сомдау өте қиын. Өйткені, тау тұлғалардың бейнесін сомдау екі есе жауапкершілікті талап етеді.
         ‒ Белгілі бір тұлғаны бейнелеу актер психологиясына әсер ететіні    рас. Қойылымнан соң кейіпкердің аурасынан шығу ұзақ уақыт алатын болар...
        ‒ Әрине, ондай сәттер жиі болады. Кейде жүрегің дүрсілдеп «аузыңа тығылады». Сосын «бұл тек қойылым, өзіңе кел» деп басу айтып, сабырға келемін.
      ‒ Аға, қойылымнан соң көрермен көзінен қандай әсер іздейсіз?
      ‒ Спектакльден кейін халықтың шынайы разылығын білдіруін қалап тұрасың. Көз ‒ адамның айнасы. Қуаныш та, күйініш те адамның жанарында жазылып тұрады. Сенің еңбегіңе риза болғаны немесе көңілі толмағанын көрермен көзінен оқуға болады.
‒  Кезінде толық бір пьесаны дайындау үшін ұзақ уақыт жұмсалған екен. Ал қазір қойылымның бір-екі ай ішінде дайын болатынын естіп жүрміз. Бұл қаншалықты рас? Қаншалықты дұрыс?
‒ Ол енді шығарманың салмағына байланысты. Күрделі шығарманың дайындығы ұзақ уақытқа созылады. Театр репертуарында жеңіл бірақ айтар ойы, мазмұнды мәні бар шығармалар да кездеседі. Сондай қысқа туындыларды аз уақыт көлемінде сахналайды. Бұл жерде актерлардың жұдырықтай жұмылып, өз ісіне мұқият кірісуі өте маңызды.
Көрермен мәдениеті төмен деген пікірмен келісесіз бе?  
‒ Әрине бес саусақ бірдей емес. Театрға келушілердің бәрі бірдей мәдениеті төмен адамдар деп айта алмаймын. Қазақта «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мәтел бар ғой. Кейде залда не үшін, қайда келгенін білмейтін көрермендер де отырады. Сахнадағы болып жатқан дүниенің исі мұрнына бармай, телефонға үңіліп қараушылар да жоқ емес. Ондай жандарға жеңіл әзіл, арзан күлкі керек. Менің ойымша, әр адамның ішкі мәдениеті, көңіл таразысы болу керек. Сонда ғана өзіңе және өзгеге деген құрметің арта түседі.
Театр сахнасы ‒ тарих, психология үндескен орын, ал актерге берілген рөл үміт пен үрейдің арпалысы тәрізді. «Қап, осы кейіпкердің бейнесін аша алмадым-ау» деген өкініш сізде де кездесе ме?
‒ Әттеген-айлар ара-тұра болып тұрады. Кезінде берген рөлдерді «енді қайталап ойнасам ғой, басқаша жасар едім» деп көңілің толмайтын кез барлық актерде кездеседі деп ойлаймын.
Осыдан тоғыз жыл бұрын С.Жүсіптің «Адам болып өтейін» драмасындағы Барғай рөліңіз үшін «Эпизодтық бейнесі үшін» номинациясымен марапатталған екенсіз. Бұдан өзге сіз үшін қайсы кейіпкердің шоқтығы биік?
‒ «Эпизодтық бейнесі үшін» номинациясы алғаш берілген марапат еді. Одан кейін де басты рөлге, қосалқы рөлге бекітілдім. Мен үшін барлық рөлімнің өзіндік ерекше орны бар. Ал шоқтығы биік бейне деп Шәмші Қалдаяқов, Мағжан Жұмабаевтың рөлін ойнаған сәтті айтар едім. Әрі болашақта басқа да басты кейіпкерлерді ойнаймын деп үміттенемін.
Театрға келген көрермен қоңыр даусыңызды бірден таниды. Ән айту табиғатыңызда бар қасиет тәрізді...
‒ Әнді бала күннен айтамын. Кезінде әнші болсам деген арманым да болған, сол мақсатпен Алматыдағы Ж.Елебеков колледжіндемузыкант мамандығында оқыдым. Бірақ денсаулығыма байланысты ән айтуды қоя тұруға тура келді. Дегенмен соның пайдасын қазір театрда көріп жүрмін. Жалпы домбырамен өлең айтқанды жақсы көремін. Шаршағанда домбыраны қолға алып, үйдегілерге «тегін концерт» қойып беріп демаламын(күліп).
Әдетте сахнадағы спектакльді көргенімізбен театрдың ішкі кухнясын біле бермейміз. Қойылым барысында рөлге әсер ететін оқыс оқиғалар бола ма?
Әрине оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Мысалы, менің сахнада тісім мен мұрным сынған, қабырғам да майысқан. Мұның бәрінен көрермен хабарсыз. Ал сахнада жарақатты сездірмеуге тырысамыз.
       ‒ «Театр ‒ шахмат, ал актер пешкі ме? Жоқ! Әр актер ‒ өзіне   бекітілген рөлдің авторы» дейді А.Әшімов. Ал сіз үшін актер дегеніміз кім?
      Мен үшін актер ‒тұлға мен өнерді қалыптастырушы.
          ‒ Өнерге даярлаған шәкірттеріңіз бар ма?
         ‒ Әзірге шәкірт тәрбиелей қойған жоқпын, бірақ болашақта ізбасарларды дайындайтын боламын.
 ‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
18 қаңтар 2020 ж. 1 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031