Бұл жиынның жөні бөлек
Қызылорда облыстық Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының тәрбиешілері биылғы жұмысының нәтижесі ретінде облыстық жастар ресурстық орталығында жасөспірімдердің концертін өткізді.
«Еріктілер жылы – 2020» бағдарламасының басты мақсаты өмірдің қиын жағдайына тап болған жасөспірімдерді қолдап, қоғамдық іске араласуына септесу, сенім білдіру. Біз бұған қатысты біршама істі баянды жүзеге асыра алдық. Мәселен Birgemiz: Sabaqtastyq аясында көптеген жұмыс атқарылды. Бүгінгі мерекелік кеш те – осы жобаның бір парасы», – деді Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының міндетін атқарушы Нүргүл Ғаниқызы.
Бүгінде аталған орталықта 13 жасөспірім тәрбиеленуде. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйытқы болуымен Birgemiz: Sabaqtastyq жалпыұлттық жобасын жүзеге асыруда балалар үйіндегі, сондай-ақ өмірдің қиын жағдайында қалған балалар тәрбиесіне еріктілердің тәлімгерлік тәжірбиесін енгізу үшін KAZBRANDS қоғамдық қоры Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау қалаларында еріктілерді қолдайтын үш орталық ашты. Аталған әлеуметтік категорияны жүзеге асыру, балалармен, жастармен жұмыс жасайтын еріктілер бастамасын қолдау бағытында үкіметтік емес ұйымдар үшін 68 кіші грантқа байқау ұйымдастырылды. Осы Birgemiz: Sabaqtastyq жалпы ұлттық жобасы шеңберінде Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы тарапынан бірнеше жоба ұсынылды. Орталықтың әлеуметтік педагогы Қалдан Темірбекқызы ұсынған «Өмірдің қиын жағдайына тап болған жасөспірімдерді жеке тұлға ретінде қалыптастыру, қоғамдық ортада белсенділігін арттыру жұмыстарын жүргізу» жобасы жеңіске жетті.
– Жобаның мақсаты – өмірдің қиын жағдайға тап болған балаларға қатысты волонтерлердің тәлімгерлік тәжірбиесін енгізе отырып, олардың қоғамдық ортада белсенділігін арттыруға ықпал ету. Жоба бойынша орталық тәрбиеленушілері ерікті тәлімгерлермен бірлесіп, көптеген іс шара өткізді. Ерікті тәлімгерлер жасөспірімнің бейіміне, қызығушылығына қарай таңдалды, – дейді Қалдан Темірбекқызы.
«Ақмешіт» колледжінің, Қызылорда медициналық колледжінің, №1 көпсалалы индустриалды колледжінің студенттері еріктілер қатарында белсенді атсалысты. Бұл тізімнен әртүрлі мамандық иесін табуға болады. Мәселен, М.Сапахова, Ж.Майбасарова, Д.Алмұсаева, А.Жамаділова, Г.Шамаханова, т.б. есімдері елге белгілі адамдар бар.
«Осыған дейін жасаған жұмыстардың бір парасына тоқталсақ, мәселен, «Болашақ» университеті, «Ақмешіт» институты, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің ашық есік күнінде балалар мамандықтар бойынша біраз мәліметке қанықты. «Мамандық таңдау – ертеңді ойлау» тақырыбында сала мамандарымен онлайн кездесу де сәтті өтті. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана, облыстық тарихи өлкетану мұражайы, «Мұз айдыны», «Мерей» спорт кешендеріне бірге барған экскурсия әсерлерін әлі күнге дейін айтып тауыса алмай жатырмыз. «Спорт – біздің серігіміз» атты спорттық сайыс, «Күз кереметі» тақырыбында өткен көрме, «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында мерекелік концерт, сондай-ақ ерікті жасөспірімдермен бірге тұрмысы төмен отбасына қол ұшын созу, т.б. балалармен бірге үлкендер – бізге де қызық болды», – дейді Қалдан Темірбекқызы.
Жыл қорытындысы іспетті осынау шарада жасөспірімдер ән айтып, би билеп, өлең оқып, тәлімгер үйреткен өнерін ортаға салды. Кеш соңында ерікті тәлімгерлер марапатталды.
Мөлдір САБЫРЖАНҚЫЗЫ,
Фотограф Нұрболат НҰРЖАУБАЙ