Жүрегіңді тыңда!
2020 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылы» деп жариялады. Жастарды белсенділікке баулып, өмірлік ұстанымын қалыптастыруда бұл жылдың игілігі мол болды.
Бүгінге дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйытқы болуымен "Birgemiz: Sabaqtastyq" жалпыұлттық жобасын жүзеге асыруда балалар үйіндегі, сондай-ақ өмірдің қиын жағдайында қалған балаларды қарауға еріктілердің тәлімгерлік тәжірбиесін енгізу бойынша «KAZBRANDS» қоғамдық қоры Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау қалаларында еріктілерді қолдайтын үш орталық ашты. Аталған әлеуметтік категория бойынша балалар және жастармен жұмыс жасайтын еріктілер бастамасы мен ҮЕҰ үшін 68 кіші грантқа (әрқайсысы 300000 теңгеден) байқау ұйымдастырылды. Сөйтіп "Birgemiz: Sabaqtastyq" жалпыұлттық жобасы шеңберінде Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы тарапынан бірнеше жоба ұсынылды.
Жеңіске жеткен жобалардың бірі орталықтың әлеуметтік педагогы Қалдан Темірбекқызы ұсынған «Өмірдің қиын жағдайына тап болған жасөспірімдерді жеке тұлға ретінде қалыптастыру, қоғамдық ортада белсенділігін арттыру жұмыстарын жүргізу» жобасы болды. Сондай-ақ С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ІІ курс студенті Асыл Арғынқызының «Жас аспазшылар патшалығы» деген тақырыптағы жобасы жеңімпаз деп танылды.
Жоба жасөспірімдерді адамгершілікке тәрбиелеу, қабілет-қарымын ұштау, бастамасына қолдау білдіру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, қоғамдық ортада белсенділігін арттыру мақсатын көздейді. «Еріктілер жылы – 2020» бағдарламасы аясында өмірдің қиын жағдайына тап болған жасөспірімдерді еріктілікке бағыттау, еріктілер қатарына қосу да – жобаның негізгі ұстанымының бірі.
Жобаның жиырмаға жуық серіктесі бар. Нәтижесінде тұрмысы төмен отбасының балаларына көмек көрсетіледі, жасөспірімдердің қоғамда белсенділігі артады, олардың таңдауына сәйкес келетін, қабілеті мен ішкі қажеттілігін қамтамасыз ететін іс-шараларды ұйымдастыру арқылы шығармашылығы дамиды деген сенімдеміз. Жасөспірімдер кез келген үйірмеге, секцияға өз жүрегінің қалауымен қатысып, жеке басына тән қасиетін, яғни өзіндік «менін» басқаларға танытуға мүмкіндік алады. Алдағы уақытта да демеушілер тартып, жоба бойынша жұмыс жасалады деген үміт бар.
Қазіргі пандемияға байланысты аталған жоба бойынша барлық іс шара онлайн форматта өткізілуде. Атап айтсақ, орталық тәрбиеленушілері волонтерлермен онлайн ZOOM форматында кездесті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ