» » » Көлік тізгініндегі әйел: сенім әлде үрей

Көлік тізгініндегі әйел: сенім әлде үрей

Біраз уақыттан бері әйелдер қауымының ер адамдармен тең құқықта өмір сүру үшін нық әрі сенімді түрде күрес жүргізіп келе жатқаны жасырын емес. Алдымен еркектермен жарысып шайтанарба тебуді үйреніп алды, бертін келе шалбарды меншіктеді. Тіпті, ауыр спорт түрлерінен олимп шыңын бағындырған тепсе темір үзетін апа-қарындастарымыз пайда болды. Ал заманауи қыз-келіншектер: жұмыста дамыл таппайтын іскер ханым, өз-өзіне жақсы қарайтын сылқым, бірнеше бүлдіршінге аяулы ана. Автокөліктер солар үшін пайда болғандай!
Бұл жерде ешқандай эмансипация жоқ секілді. Жай ғана өмірлік қажеттілік дейміз. Дегенмен, бұл мәселеге келгенде қоғам екі түрлі пікірде. Әйел адамдар көлікті алғаш тізгіндеген күннен бастап ел арасында көптеген әңгімелер, мысқылдар, түрлі мәтелдер шыға бастады. Мәселен, бір жас жігіт көп жылдар көлік жүргізген қариядан тас жолда қауіп төндіретін кімдер екенін сұрайды. Қария аздап ойланып жауап береді:
– Мас адам, мотоцикл айдаушы және әскери жасақ.
– Ал әйелдер ше?
– Көлік жүргізетін әйелдер – мотоцикл тізгініндегі мас әскери жасақ...
Әрине, бұл – жай ғана әзіл. Бірақ әзіл түбі зіл дегенді айтады көлік жүргізуде 6 жылдық тәжірибесі бар Арман есімді жігіт: «Жігіттер көлікке баласындай қарайды, ал әйел үйден шығып, көлікке жақындағанда оның сыртқы түріне, жағдайына көңіл бөлмейді. Көбіне, өзге адамдардың оның көлікке отырғанын көргенде не ойлайтыны қызықтырады. Сонан кейін, бірден айнаға қарайды, киімін дұрыстап, бояуын қадағалайды. Мұның орнына өзінің көлікті айдауға дайындалу керек екенін естен шығарып алады. Көлікті жүргізгенде де сырттағы адамдардың көзқарасын ойлаумен болады. Жалпы, әйел заты тым көп ойланады. Тіпті, бір мезгілде бірнеше нәрсені ойлап тастауы мүмкін. Көлікті айдау барысында да жол ережесін емес, үйдегі, жұмыстағы қиындықтарға баса мән беруі ғажап емес. Олар жол үстінде боянады, туған-туыс, бала-шағамен телефон арқылы сөйлеседі».
Кейіпкеріміздің айтпағы тек бұл ғана емес. «Көшелерде тұралап қалсаңыз кептелістің бастапқы жағында әйел жүргізуші отыр деп ойлай беріңіз. Автокөлікті шамадан тыс ақырын айдаудың салдарынан әйелдер көптеген проблемалар тудырады. Тек жүріп келе жатқан жолына ғана қарайды. «Жүргізуші сыпайылығын» тіпті білмейді. Оның көлік айдағанда да биік өкшелі аяқ-киімін тастамайтыны белгілі. Ал бұл көптеген жол-көлік оқиғасына әкеліп соқтырады», – дейді Арман.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі кез-келген бесінші көлік нәзік жандыларға тиесілі екен. Бұл мәліметтер көлік жүргізетін әйелдер біз ойлағаннан да аз екенін көрсетеді. МАИ қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстанда жол-көлік оқиғасының оннан үш бөлігін әйел адамдар жасайды. Темір тұлпар тізгініндегі әйелдердің санының аздығын есепке алсақ, бұл өте жоғарғы көрсеткіш. Оның үстіне мұндай жағдайларда әйел адамдармен жұмыс жасау ерлерге қарағанда қиынырақ екенін айтады. Себебі, нәзік жандыларға табиғат сыйға берген жылау, шу шығару сияқты эмоциялық сезімдер қандай да бір шешім қабылдауға айтарлықтай кедергі келтіреді. Бір қызығы, жол апаты орын алған жағдайда келіншектердің көпшілігі дереу күйеулеріне қоңырау шалатын көрінеді.
Жоғарыда айтылған әңгімемен 34 жастағы Майгүл келіспейді. Ер адамдардың көлікті ерсі жүргізетінін алға тартып: «Әйел адам ер адамға қарағанда көлікті ұқыпты жүргізеді, әрі таза ұстайды. Еркектердің көбі жылдамдықты арттырып, жол апатына тап болып жатады. Ал біз ақырын жүріп анық бас демекші, мұндай келеңсіздіктерді айналып өтеміз. Менің көлік мінгеніме 5 жылдан асты. Кейде сасқалақтап, қобалжып қалатын кездер болады. Мұндай жағдайлар ер адамдарда да кездеседі. Барлығымыз бірдей сезімге ерік бергіш емеспіз ғой. Қиын жағдайға тап болғанда жұбайына хабарласатындарды жазғырудың реті жоқ. Мәселе туындағанда ер адамның жанымыздан табылуы заңдылық емес пе? Көлік сынса жөндей алмайтынымыз рас, меніңше, біздің басты кемшілік осы. Есесіне көлік жөндейтін мамандарды шақыруға болады. Қалғанының бәрін біз еркекпен бірдей істейміз», – дейді.
Шынымен де Майгүлдің сөзінің жаны бар. Десек те, көпшіліктің ойы басқа. Астана қаласында жүргізілген сауалнама бойынша 40 еркектің 29-ы әйелдердің көлік жүргізуіне түбегейлі қарсы екенін айтқан. Үш азамат қана қолдау көрсетсе, қалғаны «маған бәрібір» позициясында қалған. Жігіттердің осыншама наразылығын тудырған не жағдай?
Бұл туралы көлік жүргізуде 20 жылдық тәжірибесі бар Бердібек ата: Еркектердің қарсы болуы заңдылық. Жалпы, асхананың адамдары гараждың шаруасына икемсіз келеді ғой. Сондықтан көп сөзді қойып, ошақтын отын, қазанның қамын жасап, үйде отырсын»,– дейді ашуға булығып.
Әсем – қос бірдей қызметті қатар алып жүрген 3 баланың анасы. «Қазір күйеуіңнің бір айлығы шайлығыңа жетпейді. Сондықтан бізге де жұмыс жасау керек. Әйелге көлік өте қажет. Ия, рас, мүмкін жолда қателесетін шығармыз. Бірақ еркектің қолына сұйық май мен табақ, пиязын беріп, асханаға қоя берсең ол да міндетті түрде бірдеңе бүлдіреді ғой. Сол секілді біз де шалыс басамыз. Оған бола жазғыру орынсыз»,– дейді ол.
Ал, бұл турасында асыл дінімізде не айтылған? Кувейт еліндегі фиқһ маман, доктор Ахмед Хажи әл-Курди: «Жалпы алғанда, әйел кісінің көлік жүргізуіне ешбір (нақты) шариғи кедергі жоқ. Бірақ әйел кісінің көлік жүргізуі (жалғыз өзіне) тек қала ішінде рұқсат. Ал, көлігімен ұзақ сапарға шығар кезде (жалғыз емес), күйеуімен немесе басқа туыстары жанында болған жағдайда ғана рұқсат болмақ», – дейді.
Ел арасында сан түрлі пікір болғанымен, азаматтардың құқығы біреу. Ал басты талап – заңды бұзбау.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 ақпан 2018 ж. 1 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031