» » » МЕН ТАҒДЫРДЫ СҮРІП КЕЛЕМ КӨКТЕМ БОП...

МЕН ТАҒДЫРДЫ СҮРІП КЕЛЕМ КӨКТЕМ БОП...

  
Толқын Қабылша – "Шабыт" Халықаралық Фестивалінің жүлдегері. "Жаныммен жалғыз кешкем мұң", "Жаңбырдағы сағыныш" жыр кітаптарының авторы. Өлеңдері испан, түрік, əзербайжан тілдеріне аударылған.
tolkyn.com авторлық сайтының иесі. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі
Мен көктемді сағындым, көктем мені.
Күннің көзін сағындым,
өбкен мені…
Бәйшегі бүр жарып жүрегімнен,
Қызғалдағы құлпырған көк белдегі.
Сол бір қызды сағындым көктемдегі!
Дала исін сағындым, лала гүлін,
Жанарымда жалт етті бала күнім,
Қимастықпен қыратқа қарадым мың…
Көктемімдей күнәсіз қанша арманның,
Сағынышын сездірді қала бүгін.
Менің нәзік күлкімдей сыңғыр қаққан,
Еркелігім естіліп көк бұлақтан.
Көктем болып оралса, арман күндер,
Жылдарымдай жанымнан сырғып аққан,
Қол бұлғаса бір үміт түнгі бақтан.
Мен көктемді сағындым, көктем мені.
Біздер кейде сұраймыз Көктен нені?!
Жұпар аңқып даласы әлем жатыр,
Ғажайыбын ұсынып көк белдері…
Сол бір қыздай кінәсіз көктемдегі,
Күн сәулесін сағындым, өбкен мені.
***
***
Күндер қалды, сағынышпен өткен көп.
Күндер қалды, көздің жасын төккен көп.
Жаным кезіп, жаз бен қыстың арасын,
Мен тағдырды сүріп келем көктем боп
Ұғынғанға ғұмыр шаттық, әрі сын.
Жаңбыр жаусын,
жанымды аяз қарысын.
Көктем болып үміт күттім ертеңнен,
Көк Тәңірден сауға сұрап әр ісім.
Қарлы соқпақ кезіксе де алдымнан,
Болса да сәт, қадамымды шалдырған.
Қара күзге желегімді ұшырмай,
Көктем сүйген жүректі аман қалдырғам!

Содан бәлкім,
Өткен күнге өкпем жоқ.
Жаным жасыл, ал, аспаным көкпеңбек.
Далада күз,  жауратса да тәнімді,
Міне, тағы
күлімдедім көктем боп.
***
Көктем болып кеткендей мына ғалам,
Боз жусанның исі аңқып тұр ауадан.
Аяз да жоқ, ақпанмен арпалысқан .
Еріген қар,
дейтіндей «жылап алам!»
Көктем Сырға расында асық сынды.
Жылғалардан бір шаттық тасып, күлді.
Астанаға кеш жетер бұл құдірет,
Бізде ерте құшады ғашық гүлді.
Бізде ерте атады бүршік арман,
Таң рауандап, жер жібіп,
күн шығардан.
Бізде бәрі ертерек,
неткен ғажап,
Жаз да ерте оянар, тыншып алған.
Неткен сезім,
Аймалап бақыт жерді.
Іңкарлігін паш етер уақыт келді.
Біз көктемге ғашықпыз,
көктем бізге.
Көрдіңдер ме, осындай бақытты елді?
***
***
Аңсарым болып тек менің!
Ақпанмен бірге асығып жеткен көктемім.
Ақ қанат қарды алақанға алып, жаураған.
Аңғал да болдым, сөкпегін!
Алғаусыз мезет, жанымды үнсіз жылытып,
Күн болып құшқан көктегім!
Адалдығымның, ғазал жырымның айнасы.
Қолымды көкке жайғасын.
Көктем боп бір сәт көрінген менің көзіме,
Ақ жауын мезгіл,
Қайдасың?
Періште күймен қарсы алғым келген өзіңді,
Ұға алмай өмір айласын.
Құштарлық па едің?
Кеудемде жүрген от па едің?
Ұмытшы бәрін өкпенің.
Жанымды оқы, жанымда бәрі жазулы.
Алдыңда кінәм жоқ менің!
Алқар
акөктің ақ сауыр бұлты жолдаған,
Керімсал менің Көктемім!
***
Күн секілді күліп келген әлемге,
Көздерінде сәулесі бар Ғаламның.
Құдіретті сыйлап Тәңір әйелге,
Тұнық етті тамшысындай жанардың.
Ғажайыпқа бөлеу үшін Жер бетін
Бәлкім, солай, өзгешелеу туылдық.
Түн қойнында тал бесікті тербетіп,
Таңсәріде таң шығына жуындық.
Біздің ғұмыр өзгешелеу, расында.
Мейірім ғой – кеудеміздің дүрсілі.
Ана болсақ, айналамыз Асылға.
Бойымызда Жаратқанның тылсымы.
Жүзімізде жаутаң қағып ізгі үміт
Бақытты ету үшін мына Жалғанды
Өшпесін деп жан-тәнімде Ізгілік
Біздер кейде тәрк етеміз Арманды
Солай, солай…
Біздер жұмбақ қауымбыз.
Күлкісімен көздің жасын жасырған
Бәлкім біздер Көктем сүйген Жауынбыз.
Сағынышы жазмышына бас ұрған.
Үмітінің нәзік жібін үзбеген,
Шын ынтызар бола алмайтын, сенбесе.
Әр күн сайын, тек ізгілік іздеген,
Біздің ғұмыр ғажайып қой, Ендеше!
***
Сыр іздеп өткен күннен,
Кеткен күннен.
Күмілжіп,
кімге айтамын, өкпемді мен?
Күлкісі күрсінісін көлейгелеп,
Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен.
Кім ұққан?
Жанымның бар арпалысын.
Кім ұқсын?
Жүрегімнің әр қағысын.
Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге,
Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін.
Аңсау мен жанды өртеген сағыныштың.
Сертімен сергелдеңнің,
Сабылыстың.
Жаңбырдай жауа алмаған аласұрам,
Өртеген әр мезетте жалыны іштің.
Осылай көктем болып күн кешемін.
Көк бұлтпен,
ақ жауынмен тілдесемін.
Жазмыштың маған қиған ғанибетін,
Ақын боп туылмасам білмес едім.
***
Сағыныш па деп ойлаушы ем көктемді,
Кезіп жүрген дүниені шарқ ұрып.
Ұмыттырып нала толы өткенді.
Танытатын нар қылық.
Махаббатқа ұқсаттым ба дидарын,
Жанарымен жарты әлемді өртеген.
Гүл орнына ұсынғанда сыйға мұң!
Шабыт дедім, дерті – өлең.
Іңкәрлік деп иіскедім жұпарын.
Өн-бойымды сезім болып еліткен.
Мұң көрсем де бүршігінен бұтаның,
Өмір дедім сеніп мен!
Тереземе тамшы тисе,
елеңдеп,
Көктем дедім, нөсерлетсін, төксінші.
Көктем ғайып,
не қалайсың менен көк?
Ей, ақ жауын, өткінші…!
***
Сен сүйетін көктемімнің көзінен
Мөлтілдетіп тамшы мұң.
Тайқымаған тағдырымның тезінен
Тағы бір сыр аршыдым.
Сен баспаған көшелерді кездім де,
Жоқ іздерден жаңылдым.
Жылап тұрып,
Сені ойладым сездің бе?
Қолын бұлғап тағы мұң.
Сен құшпаған қиялымның әрбірін,
Құла дүзге лақтырып,
Сағыныштың сарқып іштім әр күнін,
Тамағыма тас тұнып.
Сен ұнатқан болмысымның бағамын,
Жатырқадым сосын мен.
Өзгеге емес,
Өзіме айып тағамын.
Сәттер осы, безінген .
Солай…!
15 наурыз 2018 ж. 1 310 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031