English: алты жасар баладан алпыстағы атаға дейін
Қос жанары мүлде көрмесе де, есту арқылы тіл үйренген оқушы қыз Айшаға шынымен қуат беретін. Арнайы қағазда ағылшын әрпін тесіп жазған шәкірті шеттілін меңгерген сәтте ұстазының қуанғанын көрсеңіз... Айша-Бибі оқушысының жетістігіне, ал біз оның батылдығына таңдай қақтық. Бүгінгі санда Рон Кларк тәрізді педагог болуды қалайтын кейіпкермен ағылшын тілі турасында әңгіме өрбіттік.
‒ Айша-Бибі, осы кезге дейін бала арманыңыздың қанша пайызын жүзеге асыра алдым деп ойлайсыз?
‒ Бала күнімде әдеби салаға жақын болғандықтан, менен жақсы адвокат немесе саясаттанушы шығады деп ойлаушы едім. Тарихи тұлғаларды оқыған сәтте ел басқармасам да, мемлекет мүддесіне қызмет еткім келді. Уақыт өте келе елші атану үшін халықаралық қатынастар мамандығына тапсыру керегін білдім, әрине оның басты талабы ағылшын тілін меңгеру еді. Алайда мектеп бітірер сәтте «Алтын белгіні» қорғауға бір ғана балым жетпей, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға екі шет тілі мамандығы бойынша оқуға түстім. Сенесіз бе, өмірімде мұғалім боламын деп мүлде ойламағанмын, бірақ қазір осы кәсіп өзіме ұнайды. Себебі, табиғатымнан балаларды жақсы көремін, ал оларға білгеніңді үйрету ең керемет сәттің бірі деп есептеймін. Бала арманымның қанша пайызын орындағаным белгісіз, бірақ әлі де болса жеке кәсібімді дамытып, жағдайы төмен жандарға қайырымдылық жасағым келген ниетіме жете қойғаным жоқ. Қазір де арманым көп, оның ең үлкені әрі маңыздысы ‒ ана атанғым келеді.
‒ Елші болу үшін ағылшын тілін таңдағаныңызды білдік. Бірақ шет тілді үйрену бастапқыда сізге де оңай соқпаған болар...
‒ Жаңа айтып өткенімдей, мен тарих пәнін таңдаймын деп жүріп, табан астында ағылшын тіліне бет бұрдым. Тілді жетік меңгеру үшін оныншы сыныбымда Speak English орталығына келдім. Осы жерде бір курсты аяқтап, одан кейінгі дайындықты мектептегі мұғаліммен бірге жүргіздім, ал қалған білімді университетте жалғастырдым. Оған қоса университет қабырғасында жүріп академиялық ұтқырлық бағдарламасымен бір семестр Польша мемлекетінде оқуға мүмкіндік алдым. Сол сәтті тіл үйренудегі ең үлкен тәжірбие кезеңі деп айта аламын, себебі Еуропа елдерін аралау барысында тек ағылшын тілінде сөйлеу қажет болды. Жалпы тіл үйренудегі қабілетімді жоғалтпас үшін қазір де бос уақытымды ағылшын тілінде фильм көруге, кітап оқуға арнаймын.
‒ Орталықта оқытушы болу сіздің алғашқы қызметіңіз бе?
‒ Университетті бітірер жылы шетелдің бір компаниясы қалада құрылыс бастамақшы болды. Сол уақытта екі айдай құрылыс компаниясында аудармашы ретінде қызмет еттім. Ал диплом алған соң, Speak English орталығына жұмысқа қабылдандым, жақында бұл жаққа келгеніме бес жыл болады.
‒ Бес жыл ішінде қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?
‒ Шынымды айтсам есептеп көрмеппін, мүмкін мыңнан асатын болар. Орталықта тіл үйренудің ең жоғарғы сатысы advance деңгейі ғой. Оған дейін келуші алдымен алты деңгейді білуі шарт. Енді санап қарасаңыз, әр деңгей бойынша бірнеше топ тіл үйренеді. Осыдан екі ай бұрын ғана бір топ оқушыларым соңғы деңгейді аяқтады. Әлі есімде, олар орталыққа алғаш келгенде әріпті зорға танитын, ал бітірер сәтте олар бір-бірімен ағылшынша еркін сөйлеп бара жатты. Сол сәт менде «оларды шынымен мен оқытып шығардым ба?» деген таңданыс пен толқу болды.
‒ Тіл үйрету барысында аудиторияны басқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сабақ барысында мәселе туындамас үшін педагог нені білу керек?
‒ Меніңше, ол баланың жасына байланысты. Балаға бір нәрсені үйрету үшін оны алдымен өзің түсінуің керек. Мысалы, мен кішкентай балаларға әріп үйреткен сәтте өзімді бала тәрізді ұстаймын. Қазіргі кезде жиі байқаймын, балалар үлкендер тарапынан өзіне назар аударғанды, көңіл бөлгенді қалайды. Өйткені олардың ата-анасы да күні бойы жұмыста болады, сондықтан бұл олқылықты ұстаз білдірмеу керек. Екіншіден, оқытушы кәсіби білімді болғаны жөн. Кейде оқушыларым сабақ барысында «апай, бұл не деген сөз?» деп ағылшынша мәтінді көрсетіп «сынап» жатады. Әрине сол сәтте ұстаз дұрыс жауап берсе, балалардың мұғалімге, білімге деген сенімі күшейе түседі. Ал жасөспірімдер оқытушының сабақ беру тәсіліне ерекше мән береді. Мен көп жағдайда олармен дос ретінде араласып, кеңес бергенді жөн санаймын. Ересектермен жұмыс жасау сәл қиындау болса да, осы кезге дейін мәселе туындаған емес. Үлкендерге сабақ үйрету балалармен бірге тапсырма орындағанға ұқсайды. Олар да бір нәрсені білмесе көзі жәудіреп, мұғалімге қарайды, әріпті ежелеп оқуға ұялады. Байқасаңыз, аудиторияны басқарудың нақты бір ережесі жоқ, тек жағдайға қарай бейімделсең болғаны. Негізі оқушымен арадағы тепе-теңдікті, сыйластықты сақтауға барынша тырысамын. Әр бала ‒ жеке тұлға.
‒ Ағылшын тілі арқылы ғаламдық ақпаратқа қол жеткізуге болады. Айтыңызшы, әлем тәжірибесінен жастар алдымен нені игеру керек?
‒ Ең алдымен ағылшындардан жаңалықты ізденудің жолын үйренуге болады. Олар бір уақытта бірнеше тілді меңгеруге тырысады, әрі
тайм менеджмент қатаң сақталған. Байқасаңыз, біздің елде жастардың шет тілін меңгеруге қызығушылығы айтарлықтай жоғары емес. Кейде тіпті тіл үйренушілер орталыққа ата-анасының қалауымен келеді. Ал мен шетелде оқыған сәтте ондағы студенттердің белсенділігіне таң қалғанмын. Біздің елде мектеп пен университетке барудың өзі жастарға «үлкен жұмыс» қой. Жалпы ағылшын тілінде әлемде болып жатқан оқиғалардан шынайы ақпарат алу оңай. Мен үшін де осы тақырып, яғни «әлемде не болып жатыр?» деген сұрақ маңызды. Сол үшін BBC арнасының жаңалықтарын күнделікті ағылшын тілінде қарап отырамын.
тайм менеджмент қатаң сақталған. Байқасаңыз, біздің елде жастардың шет тілін меңгеруге қызығушылығы айтарлықтай жоғары емес. Кейде тіпті тіл үйренушілер орталыққа ата-анасының қалауымен келеді. Ал мен шетелде оқыған сәтте ондағы студенттердің белсенділігіне таң қалғанмын. Біздің елде мектеп пен университетке барудың өзі жастарға «үлкен жұмыс» қой. Жалпы ағылшын тілінде әлемде болып жатқан оқиғалардан шынайы ақпарат алу оңай. Мен үшін де осы тақырып, яғни «әлемде не болып жатыр?» деген сұрақ маңызды. Сол үшін BBC арнасының жаңалықтарын күнделікті ағылшын тілінде қарап отырамын.
‒ Қай сала болмасын уақыттың маңызды екені белгілі, ал сіз үшін 24 сағаттың қайсысы тиімді?
‒ Өзіме кешкі уақыт көбірек ұнайды, себебі күн ұзағына жұмыста жүріп ата-анамның жанында бола алмаймын. Ал кешке сол кісілермен бірге тамақтану, достармен кездесу, спортпен айналысу маған ерекше қуаныш сыйлайды. Тіпті аптасына үш рет спортзалға барған сәтте кеш болса да, жаңа күн енді басталып жатқандай сезіледі. Бір сөзбен айтқанда, кешкі уақыт өз-өзіңе көңіл бөліп, фильм қарауға, ізденуге берілген тамаша сәт деп есептеймін.
‒ Жеке кәсібіңізге де уақыт бөліп үлгереді екенсіз...
‒ Иә, мені тіл үйренуден бөлек сән тақырыбы ерекше қызықтырады. Әсіресе әдемі сөмкелерді жинағанды жақсы көремін. Бұрын бойжеткендерге арналған әшекей бұйымдар сататын орталық ашуды жиі жоспарлайтынмын. Өткен жылы Әсел есімді құрбым екеуміз шағын дүкен ашуды қолға алдық. «АА Paradais» деген дүкен атауы құрбым екеуміздің бас әрпімезден және жұмақ деген мағынаны білдіретін рaradais сөзінен құралды. Алдағы уақытта орталықты киімдермен толықтырып, ауқымын кеңейтпекшіміз.
‒ Шет тілін жетік білесіз. Бірақ сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай жүрмін деп есептемейсіз бе? Мәселен, шетелге саяхаттау тұрғысынан...
‒ Кейде «неге шетелде тұрмасқа?» деген ой менде де болады. Бірақ өзіме қазіргі тұратын жерім, қызмет ететін орным ұнайды. Мүмкін, алдағы уақытта саяхаттау үшін шекара асатын болармын, бірақ онда қалып, қызмет етпесіме сенімдімін. Университетке түскен сәтте «Қазақстанда тұрмаймын, шетелде жұмыс істеймін» деп жиі айтатынмын. Бірақ Еуропада жүргенде елді, тіпті қазақ тілін сағындық. Аэропортта ұшақтан түсіп, туған жердің топырағына табан тиген сәтте қазақша хабарландыруды естіп, көзіме жас келгені бар. Шетелде автобустағы адамдардың әңгімесін естігім келмеген соң құлаққап тағып жүретінмін, ал Қазақстанға келгенде оны мүлде пайдаланбайтын болдым. Бір жылдай қоғамдық ортада адамдардың дауысына құлақ салып, «біздің тіліміз қандай әдемі» деп сүйсіндім. Мен елдің қадірін осылай түсіндім.
‒ Ағылшын тілін үйренген сәтте кино көруге, әуен тыңдауға жиі кеңес беріледі. Бұл қаншалықты пайдалы?
‒ Кішкентай бала алғаш сөйлеуді жанындағы адамдардан есту арқылы қайталап үйренеді. Сол тәрізді қоршаған ортаңыз қандай тілде болса сіз сол тілді есту, көру арқылы санаңызға қабылдай бересіз. Мысалы, Польшада Оңтүстік Африканың қызы бізбен көрші тұрды. Ол үнемі ас әзірлеп жүріп те, кітап оқып отырса да ағылшын тіліндегі мультфильм қосып қоятын. Себебі ол мультфильмнің дыбысы арқылы сөздердің дұрыс айтылуын, мағынасын бірте-бірте үйренді. Сол үшін Speak English орталығында да тыңдау, жазу, оқу, сөйлеу тәсілі бойынша сабақ өтіледі.
‒ Қазіргі уақытта ғаламтор арқылы тіл үйрететін онлайн-курстар жеткілікті. Оларға сенім артып, нәтиже күтуге бола ма?
‒ Егер сіз қатысқан онлайн-курс сенімді, табыстан бұрын нәтижені ойлайтын болса, ғаламтор арқылы да тіл үйренуге болады. Бірақ алдын ала курс жайлы толық ақпарат алған жөн, себебі кейде кәсіби болмаған соң ережелерді қате түсіндіруі мүмкін. Өз еркімен тіл үйрену біздің тәжірибемізде бар. Бірде орталыққа жасы алпысқа таяған үлкен кісі келді. Ол бізге ағылшын тілін pre-intermediate деңгейінде білетінін айтты. Бастапқыда бұл жағдайға таң қалғанымыз рас, себебі ақсақал тест тапсырғанда шынымен жоғары балл жинады. Мен ағылшынша сұрақ қойып, шақтар бойынша қандай тапсырма берсем де ол кісі мүдірмейді. Мен ағылшын тілін қалай үйренгені жөнінде сұрағанымда, үнемі ағылшын тілінде бейнежазба көріп, бос уақытын тіл үйренуге жұмсағанын айтты. Көрдіңіз бе, адамның мақсаты нақты болса, оған ешнәрсе тосқауыл бола алмайды.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН