» » » ТЫНЫС БЕЛГІСІ ДЕ ТҮСПЕЙТІН АЙТЫС

ТЫНЫС БЕЛГІСІ ДЕ ТҮСПЕЙТІН АЙТЫС

     Сыр еліндегі бұл айтыстың алдыңғы жыр додасынан жөні басқа. Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысында қызыл тілдің ұсталары хакімнің даналығын кеңінен жырлады. Бұл жолғы айтыста да жұрттың көзінше қоржыннан суырылған жеребе әр ақынға қарсыласын жұптап берді. Осы ретте Сырдың еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін ағылған жұрты Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрының кең залына сыймай амалсыз алты сағатқа созылған айтысты тік тұрып тамашалағанын айта кеткен жөн. Бұл көріністі аламан арасында айтыскер ақын Мұхтар Ниязов «айтысқа жиналғанда Сырдың елі, даладан басқа жерге сыймайды ғой» деп суреттеп, елдің айтысқа деген құрметін жырға қосты.


Тізгін қағар
   Айтыстың ашылу рәсімінде "Nur Otan" партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Б.Байбек былтыр тоғыз республикалық айтыс өткізілгенін, биыл еліміздің әр өңірінде 77 мәрте жыр додасын ұйымдастыру жоспарланғанын жеткізді. Төл өнерге тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан партия жазба әдебиетін қолдау мақсатында жыр мүшәйралары да өткізілетіннін атап өтті.Ал аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов қазақтың төл өнері – айтыстың жастарды тәрбиелеуде әлеуметтік идеологиялық жағынан мықты құрал екенін айтып, ақынның рухани мұрасын насихаттау шаралары әлі де жалғасын табатынына сенім білдірді.
      Сонымен ел тағатсыздана күткен аламан айтыста Жүрсіннің он алты жүйрігі бәйгеге қосылды. Оның ішінде Серік Құсанбаев, Кенжебай Жүсіпов сынды сақа айтыскерлер, сөзіне ел сүйсінген Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан мен Аян Ниязбек, Аруна Керімбек, Сұлужан Тауболды, Бексұлтан Орынбасар сынды дарынды жастар бар.
     Айтыстың қоржынынан таңдалған алғашқы жұп Кенжебай Жүсіпов пен Аян Ниязбек болды. Жыр додасының жампозы сырбойылық ақын Кенжебай мен шымкенттік жас айтыскер Аянның айтысы ата мен баланың арасындағы ізгі тілекпен өрбіді. Келесі кезекте шыққан «Айтыстың ақтаңгері» Мұхтар Ниязов пен торғайлық ақын Айбек Қалиевтен ел әсерлі айтыс күтті. Көптің дегені болып, ат сүрінгенше сөз табатын жұп елді әзілге қарық қылып, біраз түйінді тақырыпқа тоқталды. Сол арада қандай тығырықтан болмасын өткір тілмен жол табатын Мұхтар Ниязовтың қазылар алқасындағы жырау Алмас Алматтың қайғысына халық атынан көңіл айтуы елді бей-жай қалдырмады. Ата-дәстүр бойынша жақынынан айрылған кісіге жұбату болар сөзді қазақ қашанда осылай жеткізсе керек.
                                   ‒ Алмас Алмат ақылға бай кісі еді,
                                   Бес ұлы бар төрт жағы сай кісі еді.
                                   Жақында бір бұтағы сынып түсіп
                                  Жанның ұлғайғандай қайғы шері.
                                  Егіліп жүрсіз аға көзді жұмсаң
                                  Есіңе ерте жеген тай түседі,
                                  Дәл осындай тағдырдан сынақ көрген
                                  Мынау айтыс Абайдың айтысы еді.
                                  Көрген де бар бұл жерде көрмеген бар
                                  Келіп жатыр ақын, жырау, шайқы, сері
                                  Көпшіліктің атынан көңіл айтам
                                 Зейноллажан қылыштың қайқысы еді
                                  Қазаның арты қайыр болсын дейміз
                                 Әрине ол тағдырдың талқысы еді.
                                  Жаратқан сүйген құлға сынақ берер
                                  Күні жетсе көктегі ай түседі.
                                  Қара орманда қарағай көп дегенмен
                                  Бірінші биігіне жай түседі, ‒ деп елмен бірге жыраудың қайғысына ортақ болды. Осыдан соң  Қордай жағдайы мен ел бірлігін сөз қылған арқалы жұпқа ел де, қазылар да дән риза болып, қос ақынды бірдей финалға өткізді. Келесі кезекте қызылордалықтар ғана емес бүкіл қазақ тілеуін тілеген Мейірбек Сұлтанхан мен тараздық ақын Аруна Керімбек сахнаға озғанда халық дүре қол соғып, артынан «бұл жұп не дер екен?» дегендей тына қалды. Алғаш болып сөз бастаған шиелілік ақын Мейірбек Арунаның жас келін атанғанын халыққа әдемі әзілмен жеткізді.
                                      Сақтасын жеребеде жеңілгеннен
                                  Шаппа-шапта емеспін шегінген мен.
                                  Қыздармен қыздар түсіп қалмасын деп
                                  Қауіпке Жүрсін ағам көңіл бөлген.
                                  Жас келіннің артынан қоржын барған
                                  Бір кездері дәстүрді елім көрген.
                                  Бүгінгі айтыс керемет айтыс боп тұр
                                  Сенсация бөлек қой сенің көрген.
                                  Келіннің арқасында қоржын емес
                                  Қоржынның арқасында келін келген, ‒ деп жеребені қалжыңмен қуаттады. Қос ақын Сырдың бұрынғысы мен бүгінін жырлай отырып, «Қалаулым» сынды бағадарламаларды жауып,  қоғамдық тәрбие институтын құру керегін алға тартты. Абайдың 200 жырын жаттап алған Елена Пак есімді кәріс қызының көпке үлгі екенін де сөз зергерлері ұмытпады. Кезінде Абайдың інісі Оспан көп ішінде қыңыр мінез танытқанда, ағасының туысқандыққа бұрмай мәселені тура шешкенін мысал етіп, қазіргі қоғамдағы жүйесіз жағдайларды сынады. Ал сақа айтыскер Серік Құсанов пен жас ақын Сұлужан Таубалдының айтысы кестелі сөз, оралымды оймен халықтың есінде қалды. Келесі кезекте айтыстың қоржыны «тілі тас жаратын» өткір ақын Жансая Мусина мен қызылордалық жас ақын Бексұлтан Орынбасаровты сахнаға бастады. Батыстық батыл қыз аралдық айтыскерді «балақай» деп шамына тиіп,  шабысын байқап еді, сөзі мық шегедей Бексұлтан төбешік емес тау екенін ә дегеннен-ақ байқатты.  
                             Жастайынан жыр-терме жаттаған соң
                             Жас балаң айтысудан қамықпайды.
                             Диірменнің ішінде өскен тышқан
                           Даланың дүбірінен қорықпайды, ‒ деп ақындар арасында жасы кішісі болса да  ақылы биік екенін дәлелдеп, елді риза қылды. Осыдан соң Бөкей ордасынан келген Жансая  таяуда көктен құлаған ұшақтың жайын, Bek Air басшылығының жауапсыздығын сын садағына іліктірді.  
      Ақын елдің қайғысын ғана емес, қуанышын да сүйіншілейтін халық емес пе?! Биыл Ұлы жеңіске ‒ 75 жыл, Нағи мен Жәлелдің туғанына ‒ 100 жыл, Нартай Бекежановқа ‒ 130 жыл, Асқар Тоқмағамбетовке ‒ 115 жыл толатынын, оған қоса облыстың бұрынғы басшысы Қырымбек Көшербаевтың 65 жасы, Елена Әбдіхалықованың  мерейтойы екенін еске салып, «тойы көп үй сендерсіңдер» деп ақын Жансая таңдай қақты. Осылайша қоғамдағы қордаланған мәселелер мен жағымды сәттерді жарты сағатқа жуық жыр еткен қос ақын финалға қиындықсыз өтті.
    Жеребе бойынша айтыстың соңғы жүгін көтерген Абайдың өз ұрпағы Әсем Ереже мен Мәшһүр Жүсіптің ұрпағы Аспанбек Шұғатаев та келісті айтыстың көркін қыздырды.
     
Мәре. Мәйек. Мерей.
 
     Түс ауа қалың топтың ішінен қара үзген жыр жүйріктері ақтық мәреге сайланды. Финалға шыққан алты құлагер аламанда арқа қоздырып, бәйгеге қарай арқырай шапты. Мәреде ақындар жеребесіз, қазылар алқасының кеңесімен жұпталды. «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деп ел алаңдаған тұста Мейірбек Сұлтанхан мен Бексұлтан Орынбасаров, Аспанбек Шұғатаев пен Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусина халыққа мәнді де, мағыналы айтыстың мәйегін ұсынды. «Сен тұр мен атайын» дейтін мергендердің дарасы мен данасын анықтау қазылар алқасына да оңай соқпағаны белгілі. Айта кетейік, бұл жолғы қазылар алқасының төрайымы ‒     
халық ақыны, ҚР мәдениет және білім саласының үздігі, А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемле­кеттік университеті жанындағы "Өнер" студиясының директоры Әсия Берке­нова. Сондай-ақ ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, рес­пуб­­ликалық "Жұлдыз" жур­налы­ның бас редакторы Ғалым Жайлыбай, белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, публицист Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Қалиолла сөз зергелеріне қазылық жасады.   Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізген айтыста ІІІ орын Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиевке берілді. ІІ орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Әсем Ережеқызына бұйырса, І орынды Жансая Мусина Бөкей ордасына алып қайтты. Ал айтыстың бас жүлдесі екі мәрте алтын домбыра иегері, «Айтыстың ақтаңгері» Мұхтар Ниязовқа тапсырылды.
      Сөз додасында айтылған мәселеге билік өкілдері жіті мән беретінін жеткізді. Осылайша бір айда екі айтысты тамашалап, жырға сусындаған Сырдың айтыс сүйер қауымы ақындарға да, ұйымдастырушыларға да риза көңілмен тарқасты.
Гүлдана ЖҰМАДИН



Өткір ой, өрнекті тіркестер
«Нұр Отан» қанатының астына апты
Ашылар деп айтыс та тыныс та енді
Бұдан кейін айтыстағы сөзің түгіл
Қиылмайды деп отыр тыныс белгі.
Бай мен бекке жаутаңдатпай
Байбектің қолға алғаны дұрыс болды.
                            (М.Ниязов)
Мал шашпақтың көкесі сол емес пе
Қарызға шаш жетпейді санасаңыз.
Қытайдан миллиартап алып келіп
Бітпейтін саммидтерге жаратамыз.
Қытайдың бергеніне белден батып
Құдай беріп жатқандай таратамыз.
                           (А.Қалиев)
Біздің елдің ең қымбат қазынасы
Адам құқығы мүлде сақталмайды.
                         (А.Керімбек)
Абай жылын ашпаған облыстар бар
Мен оған келтіре алам деректі мың.
Ақын десе шошиды кей әкімдер
Шындықтың қопарад (ы) деп кенет түбін.
                          (Ж.Мусина)
Шыңғыс ханның ерлігіне ұлы Абай
Шыңғыстауда жатып-ақ жеткен адам.
Қылышпенен шапса да қирамайтын
Қаламмен қамау соғып өткен адам.
Қазба байлық іздеген ұрпағына
Жазба байлық қалдырып кеткен адам.
                       (М.Сұлтанхан)
Жапырағын кескеннен пайда бар ма
Тамыры жемқорлықтың шабылмаса...
                         (Ж.Мусина)
Үш отаудың екеуі ажырасып
Азабын балалары татып тұрад (ы).
Ана болу бақыты бұйырғандар
Балаларын далаға лақтырад (ы).
Заманның сол дерттерін көрген кезде
Жанарыңнан кетеді-ау жақұт құлап.
Осыларды көрмеген өз көзімен
Абай атам біздерден бақыттырақ.
                   (Б. Орынбасаров)


05 наурыз 2020 ж. 1 118 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031