Ақ көжек
Әжеммен бірге үй жануарларын сататын базарға бардым. Аралап келе жатып, өзі кішкентай, көзі қып-қызыл, аппақ көжекке көзім түсті. Сатушы ақ көжектің қара ала мысықпен және сары күшікпен бірге сатылатынын айтты. Менің көңілімді қимаған әжем үшеуін бірге сатып алды.
Ақ көжекке әжем екеуміз күрке салдық. Ақ көжек кейде бақшадағы жоңышқаға бір мезгіл жайылатын болды. Ал қара ала мысық пен сары күшік есік алдында ақ көжекке қарап жататын. Бір күні таңертең күркенің есігі ашық қалып, ақ көжек жоғалып кетті, іздеп таппадық. Мектепке бара жатқанымда еркелеп, аяғыма оралатын мысығым мен күшіктің де мазасы жоқ, екеуі екі бұрышта көңілсіз жатып қалды.
Ақ көжектің жоғалғанына да екі ай уақыт өтті. Бір күні жаздың аптап ыстығында, сәкі үстінде масаханада жатқан едім. Сары күшігімнің үргені тыныштықты бұзды. Қарасам, қарсы алдымда ақ көжегім отыр. Орнымнан тұрғанша, ақ көжегім томпаң-томпаң етіп тіземе келіп жата қалды. Ол жалғыз емес екен, жанында төрт көжегі бар. Қара ала мысығым мен сары күшігімнің қуанышында шек жоқ, ақ көжекті айнала жүгірді. Бір-бірін сағынған екен. Мен ақ көжегімнің аман-сау келгеніне таңғалдым. Содан бері ақ көжекті мысық пен күшік қарайлап, күзететін болды. Үй жануарларының бір-бірін іздеп, түсініп, бауыр басып қалғаны көрініп тұр.
Алтынай БЕРІКҚЫЗЫ,
№267 орта мектептің оқушысы