Купеде

 
Будақтаған түтін көзіме кіріп, ашытып барады. Пойыздың терезесін жауып көріп едім, түк шықпады. Күннің маужыраған сәті. Көрші купеде Нұртуған атты бала бар еді. Кіріп қалсам  ұйықтап жатыр екен. Оралға баратын сол вагонда Нұртуған екеуміз ғана едік. Онымен қаланың вокзалында таныстық. Жолға қауын алайын деп ең арзан жерді әрең таптым. Алғашқыда ол толып тұрған қарбызды көздегендей болып еді. Жалғыз сары қауын мені ғана тосып тұрғандай көрінді. Артынша сарт етіп мен де бұл қауынды аламын дейді. Ал сатушы апамыз «кім қымбат берсе қауын соның үлесінде» деп қояды. Менде ондай ақша жоқ. «Одан да мен алайын, кейін екеуміз жейміз, мен жалғыз тауыса алмаймын» дедім. Екеуміз дәл бір вагонға міндік. Ол менің артымнан келе жатты.
 ‒ Немене мені аңдып жүргеннен саумысың? – деп қоямын.
Менікі он үшінші орын, ал оныкі он жетінші болып шықты. Пойыз  қозғалып жатқанда айран көжесін алып келді.
Бауырым, айып етпе. Міне, айран көже. Әжем өз қолымен жасаған, дәм татып көр, ‒ дейді.
Айран көженің дәмін татып көрген соң, біздің қалада бөтелкеге су араластырып сататынына анық көзім жетті. Артынша бағанағы қауынды жарып көрейік десек пышақ жоқ. Дереу жолсеріктен пышақ алып келдім. Екеуміз қауын жеп, тойып отырғанда:
‒ Әй, он үшінші, пышағымды өзім алайын ба, бермейсің ғой тегі?! ‒ деп жолсерік апай жетіп келді.
‒ Жоо, о не дегеніңіз, дәм татыңыз, мінекей, қауын, міне нағыз ауылдың айран көжесі.
Артынша  ұйқым келіп, біраз мызғып алдым. Ұйқыдан тұрсам купеде тағы екі кісі шай ішіп отыр. Олар менің оянғанымды байқамады. Шешесі мен қызы қою шай ішіп, күліп, әңгіме айтып отырды.
Әй, балам, келе ғой, бізбен шай іш. Біз станциядан мінгенде сен ұйықтап жатыр екенсің. Біз енді Оралға дейін көрші болып барамыз, ‒деді.
 ‒ Сәәә... сәлеметсіздерме, сіздер де Оларға ойй, Оралға барасыздар ма?‒ дедім сасқалақтап.
 ‒ Иә, балам.
Жуынып-шайынып шайға отырдым. Тәтеміз дастарқанға қазы қойып, одан кейін тәттілерін шығарды. Бір керемет кәмпит жеп, сыртын тастар жер таппай отырғанда қызы маған қолын созып, қоқысты алып, бөлек қалташаға тастады. Сол кезде оған алғаш рет бойжеткен ретінде назар аудардым. Шайдан соң үстіңгі орынға қайта орналастым.
Есіктің сыртынан Нұртуғанның:
‒ Әй,  ұйқыбас Дамир, сыртқа шық, карта ойнаймыз, ‒ деген сөзі жарқын естілді.
Маза бермеген соң төменде жатқан Қалампыр тәтеміз:
‒ Өй, жүгермек, маза бермей, ызыңдадың ғой өзің, ‒ деп ұрысып жіберді.
Менің ішім жарылып, қатты күлкім келіп жатқанда Жанерке бірінші күліп қойды. Артынша тоқтамай бірге  күлдік. Екеуміздің күлкіміздің үйлескендігі сонша, ұзақ уақыт күле бергім келді. Осылайша түн ортасы болып тәтті ұйқыға кеттік.
Ертеңіне күн сәл ысыды. Іштегі желдеткіш дұрыс жұмыс жасамай, амалсыз терезені аштым. Қайта жабу да оңай болмады. Купе ішіндегі Қалампыр тәтемен қызының көзінше әлсіз көрінгім келмеді. Терезе жеңіл нәрседей көрінгенмен қиналып аштым. Сыртқа шығып қолыма қарасам қызарып, солқылдап кеткен. Қаланың баласы деген осы. Айтпақшы, Жанерке Қазалыдан мінген болатын. Таңертең Қалампыр тәте Қазалының құртынан дәм таттырды. Өте дәмді екен. Осындайды біздің үйде жасағанда керемет болар еді. Бірақ оған уақыт болмайды. Онымен қоса қалаларда салт-дәстүр ұмыт қалып бара жатыр. Біз әдетте құрт пен жентті мейрамдарда көреміз. Ал ауылда күндегі ас қой. Қызық, мейрам күндері ауылдың дастарқаны қалай болады екен?
Ой үстінде  Нұртуғанға бардым. Ол өзі ірі денелі, қара бала еді. Сол сәтте-ақ оны «Обама» атап кеттім.
‒         Әй, Обама, кешегі картаң қайда? ‒ деп қалжыңдап қоямын.
‒ Өзің сұмырайсың ғой. Екі апаңның қасынан шықпайсың, ‒дейді.
Жә, жә, олар апа емес. Анасы мен қызы ғой. Ал қызы өте сұлу білесің бе?
Расында күн бойғы поездың тарсылынан отырып ми ашып кетеді. Нұртуғанның жанында отырып, басымды есіктен шығарып, өз купеме қарасам Жанерке шығып барады.
‒         Пәлі, Нұртуған мен қазір келемін, ‒деп шығып кеттім.
Жанерке ыдысына ыстық су құйып алыпты. Көмектесейін деп ыдысын қолыма алдым, саусағымның бұлай күйерін кім білген?? Купеге жетем дегенде алақаным үлбіреп кетті. Үстелдің үстіне қойып, демімді бір шығарып, жуынатын жерге зытып барып, қолымды мұздай сумен шайдым. Одан кейін Нұртуғанға бара жатып терезедегі керемет табиғаттың көрінісін жіберіп алғым келмеді. Ал, шындығында, Жанеркенің шығар уақытын күтіп отырдым. Әйтпесе Ақтөбенің жолындағы көріністі жақсы білемін. Бұрындары жиі келетін едім. Арасында бір-екі жабайы қоянның жүгіріп бара жатқанын көрдім. Есіктің тықылдаған дауысын ести сала екі құлағым селт ете қалды. Міне, ол ақырын басып шықты. Менің жаныма жақындап келеді. Осы сәтті күттім, бірақ жақындағанын қаламадым. Оған не айтамын?
Дамир, сен Оралға бірінші рет бара жатсың ба? ‒деді.
        ‒ Иә, алғаш баруым. Ал сендер не үшін жолға шықтыңдар?
 ‒ Ол жақта мамамның інісі тұрады. Үйленгелі жатыр, ‒ деді.
 ‒ Керемет екен. Ал сен қашан үйленесің?
 ‒ Алдымен оқуды бітіргім келеді. Шынымды айтсам ойыма келмепті, ‒ деп бір күлді.
Әлгінде айтқанымдай оның күлкісі ғаламат еді. Артқа қарай өрілген шашы мен маңдайындағы кекілі өте керемет. Ал аппақ беті қар секілді. Көзіөте терең және мөлдіреп тұрады. Иілген кірпігі сондай көркем, ал оған сәл опа далап жақса мүлде хас сұлуға айналары сөзсіз. Уақыты белгісіз, бірақ өте ұзақ сөйлестік. Қол үзіп қалма дегенжүрегімнен бұйрық келгендей.
 Біз Оралдан түсіп қара көзәйнегімді тағып едім, пайдасының аз екенін ұқтым. Жанып тұрған күн байқалмайды. Иә, Орал Қызылорда емес екен. Жанеркеге көмектесіп, заттарын түсірдім. Өзімде де жүк жетеді. Оларды ағасы күтіп алды. Мен «сау бол» деген сөзден басқа ешнәрсе айтып үлгере алмадым. Салонға жазылған екен, шашын сәндеп, тойға дайындалмақ. Ал менің жүрегім өзімді алдамайтын еді. Тура бір кезекті рет кездесетіндей ойда болдым. Тіпті Қызылордаға қайтар билетімді алғанда теміржолдан кезіктірсем деген арманым  менен қу болып шықты.
Ескі досым Нұртуған екеуміз мейрамханада отырып, осындай қызықты еске алдық. Ол қарқылдап күліп отыр. Ал мен айдай қызды жіберіп алғанымды ойлап, тамағыма тірелген жұтына алмай жымидым да қойдым. Арада он шақты жыл өтсе де сол қызықты оқиғаның әрбір секундына дейін есімнен шығармадым. Нұртуғанның да бір жасырғаны бар секілді...
Дамир АМАНГЕЛДІ
03 қараша 2019 ж. 768 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031