» » » Алға, Еңбек адамы!

Алға, Еңбек адамы!

  Осыдан жеті жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Еңбек күні» мерекесі бекітілді. Содан бері қыркүйектің соңғы жексенбісінде айтулы күн ресми түрде аталып өтеді. Жұмысшы маманның табан ақы, маңдай терімен атқарған қызметін насихаттап, беделін өсіруді, өндіріс саласындағы дәстүрлі жолды бүгінгі буынға үлгі етуді мақсат еткен ерекше күн қарсаңында қырман басындағы Еңбек адамдарымен тілдестік.
Арысбек Байназаров, «Мағжан и К» ЖШС-нің күрішшісі:
«Кім бар екен еңбекке бас имеген?!»
Дәл қазір қырман басы қызу тірлікке толы. Жазғы бойы жұмсалған күш пен еңбектің өтеуі ретінде берілген Жер ананың тартуын ысырап етпей жинап алудың өзі үлкен мереке әрі бейнетті кезең. Табиғатпен етене жақын осы кәсіптің нағыз маманы Арысбек ағаның биыл шаруасы оңды, еңбегі берекелі. Ақ маржанның арасында жүрген ағамен жұмыстың жай-күйі жайлы сұрағанымызда, науқан жаңалығын аз сөзбен-ақ әңгімелеп берді.
‒ Өзім көп балалы әкемін. Үйдегі кәсібімді келіншегім мен балаларым жүргізеді. Жылда ауылдың егіншілерін көріп, мол табысқа кенеліп жатқан сәттеріне қызығушы едім. «Еңбек етсең емерсің» дегендей, менде биыл күріш егумен айналысудамын. Құдайға шүкір, егінім бітік болды. Енді жоғары өнім аламын деген үміттемін. Қазір әр гектарға 80 центерден өнім алудамыз. Биыл біздің бригада күріштің «Янтарь» сортын екті, келесі бригада бірінші рет «Сыр сұлуы» сортын жинайды. «Янтарь» сортындағы күріш жүз күнде піседі, бір жақсысы біздің шаруашылықта су мәселесі болған емес. Қазір өнім қырманға құйылуда, әрі қарай күріш тазаланып, өңделеді. Осы науқан сәтті аяқталған соң, жеке шаруашылығыма мән беремін.
Қазіргі таңда мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтудемін. Осы кәсібімді жүргізуге бірден-бір көмек көрсетіп отырған осы ‒ шаруашылық. Жыл сайын жем-шөбімізді тегін алып тұрамыз. Биыл 400 пресс шөп тегін алдым, қажет болса 50 пайыз жеңілдетілген бағамен тағы да аламын. Ауыл тұрғындарының барлығына осындай көмек көрсетілуде. Сонымен қатар қоймаға 1000 тоннаға жуық ауыл тұрғындарына деп қыстық отын әкелініп қойды. Әр отбасыға 2 тоннадан тегін беріледі дегенді естіп қуанып отырмыз. Мұның бәрі халықтың адал еңбегінің арқасы. Елдің ақ тілеуіне, маңдай теріне берген Жаратқанның несібесі. Еңбекке бас иген адамның қашанда тірлігі түзу болады, ‒ дейді Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны.

Нұрболхан Ерболұлы, механизатор:

Еңбек адамының бақыты ‒ қарапайымдылықта

Келесі кейіпкеріміз Нұрболхан бала күннен Т-150 маркалы трактор айдауды армандағанын айтады. 31 жастағы білікті слесарь мектеп кезінде техникаға қызыққаны сонша, 40 оқушының арасынан жалғыз өзі кәсіптік мектепке ауысқан екен. Содан бері темір тракторды тізгіндеп келеді.
‒ Кәсіптік мектепте оқып жүрген күз айында ауыл маңындағы қырманға бардым. Сол жерде біраз уақыт слесарь болып, тәжірибе жинағаным есімде. 10 сыныпта оқитын кезім. Келесі жылы техникалық шеберханаға тағы келдім, ол кезде техниканың бәрі ескі болатын. Өзің білесің, слесарь бұзылып келген көлікті қайта жөндеп, реттеп береді. Бірде шеберханада жұмыс істейтін бір маман қолын ауыртып алып, инженер орнына мені шақырды. Сол кезде алғаш рет ескі болса да Т-150 маркалы тракторды айдап көрдім. Үш жылдан соң кәсіптік мектепті ауылшаруашылығы өндірісінің шебері деген мамандықпен бітіріп шыққан уақытта маған трактордың жаңасы берілді. Оны бес жылға жуық айдадым. Ал қазір заманауи Class Axion 850 маркалы тракторын жүргізіп жүрмін. Біздің міндетіміз ‒ трактормен қырманға күрішті ысырап етпей жеткізу. Жиылған өнімді қырманға аман-есен апарған сәттің өзі біз үшін үлкен қуаныш.
Әр саланың өз қиындығы болатыны белгілі. Қазір техниканың бәрі қайта жаңаланған, дегенмен оны күтіп ұстау механизатордың міндеті. Бастысы әр жұмысшы өз денсаулығына мән беру керек. Даладағы ауыр жұмысты денің сау болса ғана сапалы жасай алатының белгілі дүние ғой. Тағы бір айта кететін маңызды дүние, мен осы саланы таңдағаныме еш өкінбеймін. Маған жақындарым «неге оқуыңды жалғастырып, білім алмадың?» деп жиі айтады. Бірақ мен осы саланы жақсы көремін және әлі күнге техникаға деген қызығушылығым басылған емес.
Қазір екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты әкемін. Жалпы еңбек адамының бақыты ‒ қарапайымдылықта. Адал еңбек етіп, оның жемісін көру біздің отбасымызға шынайы қуаныш сыйлайды, ‒ дейді Нұрболхан.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
01 қазан 2020 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031