» » » ҚАРТАЙДЫҚ , ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН...

ҚАРТАЙДЫҚ , ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН...

  Халықаралық қарттар күні 1990 жылдан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді. Бұл – қоғамның қарттарға көрсеткен құрметі. Біздің осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүруіміз осы қарт кісілердің тәлім-тәрбиесі екені сөзсіз. Батасымен елді көгерткен қарттар қашанда құрмет пен қошеметке ие. Ел басына күн туған, қиын-қыстау заманда халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттар − ұлт қазынасы.
Ауылдағы бала күнді қатты сағындық. Шаңырақтың босағасын аттағаннан ата-әжеміз «Үлкен азамат бол!», «Өркенің өссін!» деп батасын жаудыратын. Сонда әкем: «Үлкеннің батасын ал, аталарыңның аузы дуалы, қабыл болады» дейтін. Соны санамызға сіңіріп, барынша үлкен-кіші демей алғыс алуға ұмтылатынбыз. Дастарқан басында үлкендердің ғибратты сөзін тыңдап, мағыналы әңгімелеріне сусындауға асығатын едік. Содан бері де көп уақыт өткен жоқ. Десе де, санаулы жылдардың өзінде ақыл айтар ақсақалдардың азайғаны байқалады. Мұның себебін ақыл тыңдағысы келмейтін жастардан көреміз бе, әлде ақылын жеткізе айта алмайтын қариядан көреміз бе? Кім біледі?!
Ертеректе елуді еңсерген әр адам ақыл тоқтатып, қарттыққа бет бұрып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. "Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең" деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. Ал бүгінгінің қарттары «Көңілім жас» деп қарттықтың сыйын кетіріп алған сияқты. Одан қалды мамандар халықаралық өлшемге сәйкес, 70 жастағылар қария қатарына жатпайтынын айтады. Мұны сыныққа сылтау еткендер қарттыққа беттегісі келмейтін сынды. Кейде болмашы нәрсеге ашуланып, артық кейіп жатады. Айналада бала-шаға, көрші-қолаң жүр-ау деп қымсынбайды. Бұған қарап, «бүгінгі ақыл айтар ақсақалдың бейнесі осындай ма?» деген ойға қаласың. Одан бөлек, әжелер де немересін бағуға құлықсыз. Неге? Жақында жас келіннің зейнет жасындағы енесі бола тұра, жалдамалы тәрбиеші іздегенін естіп таң қалдым. Оған себеп ата-енелері бала бағудан шаршаған, немере баққысы келмейді дейді. Қараған құрлы «Оңбаған, атаңа лағнет» деп өз ұрпағын қарғайды дейді.
– Мен кемпір-шалдың баласымын. Туған шешемді ана демеймін, тіпті кейде атын атаймын. Әкемді аға деп өстік. Қазір жаман емеспіз. Кемпір мен шалдың тәрбиесін алған адамның дені жөнсіз болушы ма еді? Қазір қарап отырсам, кемпір-шалдың баласы аз. Бүгінде немересін бауырына алып, тәрбиелеп отырғандар аз. Қанша немересі бола тұра, келінімен жарысып шалбар киіп, боянған әжелерді көргенде таң қаласыз. Бұрынғыдай пәтуалы сөз айтып, жас буынды желікпе мінезден тыятын аталардың да қарасы көп емес. Сосын әкеге, анаға деген махаббат қайдан болсын?! – дейді қала тұрғыны Самал Есқараева.
Рас, кей әжелер зейнет жасына жетсе де таңертеңнен кешке дейін телесериалға байланған. Бір сериалдан соң, екіншісін қалт жібермей күтіп отырады. Дастарқан басында салт-дәстүрді, ұлттық тәрбиені емес, телесериалдан көргенін насихаттайды. Бүгінгі әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы, тәрбиеге ден қоюында өзгеріс бар. Енді қайтпек керек? Мұқағали Мақатаев «Неменеңе жетістің, бала батыр?! Қариялар азайып бара жатыр...» демеп пе еді?! Ата-әжеміз батыстанып, жастарымыз жаһандануда. Ал ұрпақ сабақтастығын, атадан-балаға мұра болған үлгі-өнеге, салт-дәстүрді кім жалғастырады?
Жалпы қарт дегенде ойымызға шаңырағына береке, құт дарытатын ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әже елестейді. Өкінішке қарай, балаларының тілеуін тілеп, батасын беріп, немере бағып отырған қарттар саны сиреп барады. Бата бере алмайтын қарттар, ертегі айта алмайтын әжелер ұрпақ сабақтастығын келмеске кетірді.
Ал Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: «шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған» екен. Осы тұста ақын Абайдың алпысқа таяған шағында "Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, шошимын кейінгі жас балалардан " деген сөзі еріксіз ойға оралады.
Тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін жырлап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен дархан даланың қасиетін сезіндіріп, ұлттық қазынаны бала жүрегіне жеткізе білген еді. Жас буын көпті көрген қариялардың ақылын тыңдап, өмірлік тәжірибесін пайдаланған. Олар кез келген мәселені салт-дәстүрге сай, ақыл таразысына салып реттеген. Рулар арасындағы жанжалды, жетім-жесір мәселесін шешетін. Олардың шешіміне ешкім қарсы шықпайтын. Ол кезде соттың да қажеті шамалы еді. Осыдан-ақ қариялар қадірінің қаншалықты екенін байқауға болады. Дегенмен қазақ өміріне жаhандану енгелі қарттар ақыл айтудан, жастар үлкеннің ақылын тыңдаудан қалып бара ма деген ой құрсауында күн кешіп келеміз.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
03 қазан 2020 ж. 757 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031