» » » Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай...

Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай...

Жас балаша бүрсең қағып, сәл суық тисе бүк түсетін уақыт таяды. Жыл сайын тұмау мен вирустың тұрғындарды айналып өтпейтінін білсек те, қызу жоғарылап, бас көтертпейінше салғырт жүре беретініміз бар. Қас қылғанда қиналған сәтте күнделікті емнің бірі де әсер етпей, соңында дәрігердің дегеніне жүгінетінімізді несіне жасырайық?! Осы аптада маңызды, бірақ елеусіз көрінетін қателіктерді қайталамас үшін сақтану шаралары жайлы дәрігермен тілдестік.

Биылғы «вирустың» жайы бұрынғыдан өзгерек. Әзірге дертке шипа болатын вакцинаның да табылмай тұрғаны рас. Белгілісі, сақтану шаралары ғана. Бүгінде «бетперде тағу, көпшілік орынға бармау» сынды қарапайым қағидалардан бөлек, ел арасында түрлі емнің «табылып» жатқаны да өтірік емес. Ал бізге маңызды әрі шынайы ақпаратты №3 қалалық емхананың пульмонолог-дәрігері Ұлмекен Бақытжанқызы егжей-тегжей түсіндіріп берді.
‒ Күз мезгілінде ауа температурасының төмендеуіне байланысты адам ағзасы суықтан қорғануды қажет етеді. Әдетте жоғары тыныс жолдары, мұрын қуысы, жұтқыншақ сүзгі қызметін атқарып, сырттан келген ауаны жылытумен қатар ұсақ микробөлшектерді ұстап қалады. Ал эпидемия кезінде адамдар жиі шоғырланған жерде вирус көп таралады, соның әсерінен тыныс жолдарының шырышты қабаты қорғаныш қызметін толық атқара алмайды. Осыдан соң вирус шырышты қабаттан қан айналым жүйесіне түсіп, бүкіл ағзаға таралады. Сондықтан қазірден бастап тұрғындар аурудың алдын алғаны дұрыс.
Вирустан қорғану үшін ең алдымен тұмауға қарсы екпе алу керек. Маусымдық екпені қазан айының соңы мен қараша айының басында салдырған жөн. Себебі екпеден соң ағзада екі апта көлемінде тұмауға қарсы иммунитет пайда болады. Күн қатты салқындамай тұрған кезде иммунитет қалыптасса, ағза вирусқа оңай төтеп бере алады. Екіншіден, құнарлы тамақтанып, дәруменге бай тағамдар тұтынған абзал. Таңертеңгі және кешкі уақытта мұрын және ауыз қуысын тұзды сумен (теңіз немесе аз тұзы) шаю да артық етпейді. Сондай-ақ сыртқа шыққанда жылы киіну, маска тағу, қолды жиі жуу, үй ішінде ауаны желдетіп тұру сынды қарапайым сақтық шаралары вирус жұқтырудың алдын алады, ‒ дейді Ұ.Бақытжанқызы.
Көпшілік суық тигізген сәтте вирустың ағзада қалып қоюынан қорқады, алайда маман бұл жағдайға алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Тек вирусқа қарсы антиденелер адам ағзасында бірнеше ай бойы сақталуы мүмкін екен.
‒ Біршама жұқпалы аурулар жыл мезгіліне байланысты өршиді, мысалы тұмау күз және қыс айларында, ал ішек инфекциясы жаз мезгілінде жиі кездеседі. Бірақ осы жайға қарамастан Қытайда қыс мезгілінде тараған коронавирус инфекциясы біздің елде жаз маусымында көбейді. Кейбір сарапшылар вирустың жоғары температура кезінде жойылатынын айтса да, бұл ақпаратқа әзір ешқандай негіз жоқ. Сондықтан тұрғындар мезгілге қарамастан денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.
Балаларды қазірден бастап саламатты өмір салтын ұстануға үйреткен жөн. Бұл дағды баланың көңіл-күйі көтеріңкі болуына, сондай-ақ дені сау, шымыр болуына ықпал етеді. Таңертең жаттығу жасау, таза ауада жиі серуендеу, күнделікті тамақ рационында жеміс-жидек, көкөніс жеу, С дәрумені бар бал, зімбір, лимон сынды тағамдарды жиі тұтыну керек. Бұл тұмаудың алдын алады. Сондай-ақ балалар үшін де маусымдық екпе алу маңызды, ‒ дейді білікті маман.
Вирус ауа тамшылары арқылы таралатыны белгілі, сондықтан тұмау науқас адаммен сөйлескенде, түшкіргенде немесе жөтелгенде келесі адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан маман қарт кісілердің де барынша үйде болғаны жөн екенін айтады.
‒ Суық тиген жағдайда науқас өзін-өзі оқшаулау керек. Мүмкіндігінше басқа адамдармен байланыспағаны дұрыс. Көп мөлшерде сұйықтық қолданып, дәріні тек дәрігер кеңесінен кейін қабылдағаны жөн.
Соңғы уақытта ғаламторда халық емі жайлы көп ақпарат таралуда. Бір ескеретін жайт, әр адамның ағзасы емді әртүрлі жағдайда қабылдайды. Мысалы, науқаста асқазан жарасы немесе асқорытудың басқа да ақаулары болса сарымсақты мүлде қолдануға болмайды. Кейбір кісілер аш қарынға қабылдаса, бұрын болмаған асқазан ауруына тап келуі де мүмкін. Сондықтан дәрігер кеңесінсіз халық еміне жүгіну дұрыс емес деп ойлаймын, ‒ дейді дәрігер.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
05 қараша 2020 ж. 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031