» » » ЛАС ҚҰРЫЛҒЫ, ӘЛДЕ..

ЛАС ҚҰРЫЛҒЫ, ӘЛДЕ..

(Болған оқиға)

– Кешіріңіз, телефон шебері қай жерде отырады?
Дүкенге кіріп келген келіншек барлық сатушының назарын өзіне аударды. Ол жай ғана сымбатты емес, бəлкім өте сұлу еді. Қыз-қырқынды "сындырудан" ұста атанған Самат оның алдына лып етіп шыға қойды.
– Келіңіз, жеңеше! Телефоныңызға не болды?- деп сұрады, қыздарды өзіне баурап алатын жымиысын іске қосып.
– Сіз телефон ұстасы боласыз ба?
– Жоқ. Бірақ бір-екі кеңес айта аламын. Қане бір көрейінші, – деп қолын созды.
– Кешірерсіз, маған шебер керек...
Саматтың қолы ауа сермеп қалды да, ыңғайсыз жағдайдан шығу үшін сұқ саусағымен шеберхана жақты ишара қылды. Басқа сатушылар оның жəне бір олжаны қақпанға түсіре алмай қалғанын көріп, келеке ете бастады.
Келіншек шеберханада біраз кідіріп, сəлден соң шығып бара жатты. Оның алдынан тағы да Самат пайда болды. Екінші рет əрекет етіп, бір амалдап бұл сұлудың телефон нөмерін алмақ болды. Жігіттің негізгі мақсаты өзін мазақ еткендерге кім екенін көрсетіп қою еді. Бірақ бұл жолы да əрекеті зая кетті. Енді жасы үлкен сатушылар Саматты ашықтан-ашық əжуалай бастады.
– Қап, сені ме? Тұра тұр! Сендейлердің көбін көргем, – деп, шеберханаға жүгіріп кетті.
Ұста Тимур əдеттегідей салқынқанды қалпымен телефон деталдарын қарап, жөндеумен əуре еді. Самат бұл адамнан үміт жоқ екенін білсе де, бағын сынап көрді.
– Тимур аға, жаңағы келіп кеткен қыздың телефонына не болған екен?
– Блокировкаға түсіп қалыпты.
– Ашып бердіңіз бе?
– Жоқ.
Әдеттегідей суық жауап. Самат оны жəне əңгімеге тартпақ болғанда Тимур оған қабағын түйіп қарады. Ол телефонды көргісі келгенін айтып еді, тіпті меселін қайтарып тастады. Саматтың салы суға кетіп орнына қайтты.
Тимур келіншектің айтқан сөздерін есіне алды:
" Телефон ішіндегілер аманат."
Əрине аманат, мұны айтпаса да жақсы түсінеді. Бір рет болса да тұтынушылардың хақына, телефон ішіндегі деталдары немесе мəліметтеріне де қиянат қылмаған ұста үшін мұндай ескертулер сенімсіздік сияқты көрінетін. Қайсыбір арам ұсталардың кесірінен басқаларға да күдікпен қарау дұрыс емес еді оның таным-түсінігінде.
Кешкі уақыт ата-анасы ұйқыға кеткен соң компьютерін қосып, келіншек тастап кеткен ұялы телефонды оған жалғады. Соңғы шыққан модель болса да, кодын бұзу қиын болмады.
Телефонды өшіріп бір шетке алып қоймақшы болғанда көңіліне қандай да бір жағымсыздық сезілгендей болды. Келіншектің айтуы бойынша бұл аппарат жақында қаза тапқан күйеуіне тиісті екен. Тимур оның ішіндегі файлдарына бір рет көз жүгіртіп шығуды ойлады. " Ех! Өкінішті" деп күрсінді. Міне, оның ең жаман күдігі рас болып шықты...
Ұялы телефонның файлдарының ішінде арсыз видеолар мен суреттер салынған папкаларды көрген ұста Тимур телефон қайтарылып берілгенде əйелі, барша отбасы мүшелері марқұмның бұндай қызығушылығын білуі өте жағымсыз болатынын ойлады. Файлдарды ашып көрместен-ақ өшірсе болар еді. Кішкене жыпылықтаған суреттері мен папканың аттарынан мəлім еді олардың не туралы екені. Тимур видеоларды, суреттерді бірін қалдырмай өшіріп, файлдарды тазалап тастады. Əрдайым мұндай теріс істерден өзін тия білген Тимур бұл жолы да нəпсіге бой алдырмады. Ол кəсібінің осындай нəзік тұсынан жиіркенер еді. Бірақ амал қанша, осы істің ұстасы болғанына 2-3 жыл уақыты кетті. Мұндай жағымсыз жайттарға шыдауға мəжбүр. Нəпсіні қоздыратын файлдар өшірілген соң, басқа папкаларды да тəртіпке келтіруге кірісті. Жанұялық суреттер. Бұлар марқұмның ата-анасы болса керек. Шашын ақ басқан ана мен жүзінен нұр таралған əке. Ұлдары жұмысқа кетіп бара жатқанда олар қолын жайып дұға етіп, жұмыстан қайтқанда құшақ жайып қарсы алғанын көз алдына елестетіп көрді. Жұбайын шеберханада өз көзімен көрген. Оның суреттерін үлкейтіп қарамады. Бейтаныс əйелдің суретіне назар салуды өзіне еп көрмеді, ол əйел енді жесір болса да...
Кейінгі суреттер марқұмның өміріндегі ең бақытты кезеңдердің естеліктері екен. Мынау кішкентай бала оның ұлы болса керек-ті. Анасы мен ата-əжесінің құшағында түрлі қылықтар жасап түскен суреттері көп екен. Тимурдың жүзіне күлкі үйірілгендей болды. "Маған да осындай тəтті перзент нəсіп етсін" деді іштей. Бір суретте балақай бір еркекті құшақтап, мəз-мейрам болып тұр. Міне, ақыры таптым-ау, телефонның иесін! Өлген жігіт осы болды ғой. Өзі келісті жігіт болған екен. Қыздардың арманындағыдай. Нағыз ханзада. Бірақ өмірі қысқа екен...
Тимур отбасылық суреттердің соңында бір суретке біраз көз тігіп қарап отырды. Жас отбасы. Ерлі-зайыптының жүздеріндегі бақытты көрмеу мүмкін емес еді. Марқұмның əйелі жəне ұлымен түскен бұл суреті ұстаға қатты əсер етті. Бір қарасаң, қарапайым ғана сурет. Дегенмен бір жанұяның бақытын бейнелеп тұр. Ол ойланып қалды. Қайтыс болған жігіттің қараса көз тоймайтын сүйкімді де сұлу əйелі, тəп-тəтті ұлы бола неге əлгіндегідей арсыз суреттер мен видеоларға неге қызықты екен?
Басқа суреттерді де кезек-кезек өткізіп отырып, марқұмның өміріне кіріп бара жатқандай сезімде болды. Міне, ол достарымен бірге. Кафеде, тойханада... Кейінгілері қызметтестерімен... Үлкен креслоның иесі екен. Қарапайым мансапта істемеген сияқты. Одан кейінгі папка Тимурдың жиіркенішін туғызды. Телефон иесі өзінің жұмыс бөлмесінде қысқа көйлек киген бір жас қыздың белінен құшақтап тұр. Ары қарай олардың қарым-қатынасын айқындайтын суреттер шыға бастады. Қыз оның көңілдесі екені бірден байқалар еді суреттерінен. Тіпті қызбен сүйісіп тұрған сəттері де түсірілген екен. Тимурдың көз алдына шеберханаға келген келіншек елестеді. Бұл əйел өзінің күйеуі туралы біле ме екен?...
Оның жанары мұңлы еді. Сүйген адамынан, перзентінің əкесінен, ақ некелі күйеуінен айырылған əйелдің бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Ол мына жайттарды көріп білсе, қандай жағдайға түсетінін ойлады. Жарқын, тəтті естеліктерді жек көру пердесі жауып тастауы мүмкін еді...
Тимур телефонды барлық қажетсіз нəрселерден тазалауға бел байлады. Марқұм жігіт пен қызметтес қыздың байланысы бейнеленген барлық суреттер өшірілді. Хабарламалар арасында бір талай махаббатнама хаттары бар екен. Мазмұны əлгі қызға тиісті болған бір талай сезім хаттарын жойды. Олардың арасында əйелінен келген хаттарға да көзі түсті:
"Жаным, қашан келесіз? Сізді сағындық!", " Жұмыстан шаршамадыңыз ба? Сізді сүйем..."
Марқұмның атына кір келтіруі мүмкін болған барлық суреттер мен хабарламалар телефоннан мүлдем жойылды. Əуендер арасында Құран сүрелері де бар екен. Тимур əлгіндегідей арсыз файлдар мен қасиетті Құран Кəрім сүрелері, жын-ойнақ əуендермен бірге қалайша бір жайда сақталуы мүмкін екенін түсіне алмады. Санасына сыйдыра алмады. Тура бір үлкен сөреде Құран Кəрім мен оның қасына ұятсыз кинолар жазылған дисктер қатар қойылғандай. Қайтыс болған жігіттің қандай күнəға батқанын ойлап, оны мағфирет қылуын Алладан сұрады. Телефонның ішін тазалап болған соң өзін үлкен іс тындырғандай сезінді жəне көңілі орынына түсті. Нақ бір үлкен шкафты тəртіпке келтіріп, керексіз қалдықтарды қоқыс жəшігіне тастағандай...
Ұйқыға кетерінде бақытты отбасының суреті көз алдына келді жəне жесір əйелдің өткен күндердегі естеліктері нұқсансыз болуын қиялдады. Осылай ұйқыға кетті. Мəңгілік ұйқыға...
Адамдар арасында өзінің жақсы мінез-құлқымен танылған Тимурдың жаназасына көп адам жиналды. Тосыннан келген өлім. Дəрігерлер диагнозы солай болды. Жиылғандар оның ұйқыдан оянбай қалғанын айтты...
Мəйіт жатқан бөлмеге кіріп-шыққандар оның жүзінен нұр төгіліп тұрғанын көрінгенін əңгіме қылысты...
Бес күннен соң жесір келіншек дүкенге кіріп келді. Сатушы Самат телефонды оған жеткізуге асықты. Тимурдың беймезгіл өлімі оған қатты əсер еткен еді. Ұстаның анасынан аппаратты алып, оның ішін тексергенде бұл күйеуі бар əйел екенін түсініп, оны тұзаққа түсіру ниетінен қайтқан еді.
– Жеңеше деп бекер айтпаған екенмін басында. Міне аманатыңыз. Марқұм Тимур аға түзетіп қойған екен...
– Шебер жас кетіпті, – деді келіншек. Себебі не екен?
- Ешкім білмейді. Ұйқыдан оянбапты.
– Жайы жəннатта болсын! Қызмет ақысын үйіндегілеріне беріп қойыңыз. Қияметте мойныма қарыз болып қалмасын...
Самат ақшаны алып, келіншекті үнсіз шығарып салды...
Жесір келіншек сыртқа шыққан соң жақын маңдағы саябаққа қарай жол тартты.
Бос орындық тауып, марқұм күйеуінің телефонын ашты. Əйелдің көзінен жасы селдей құйылар еді.
Отбасылық суреттерін кезек-кезек қарап, көз жасын тыя алар емес. Дария болып жас төгіле берді. Оған бəрінен қатты əсер еткені, телефон дисплейіндегі сурет еді. Бұл суретті ілгеріде еш көрмеген екен. Өзі қиялданып тұрғанда білдірмей түсіріп алған секілді. Өте табиғи əрі əдемі шыққан бұл суреттің жоғарғы тұсында " Жалғыз сүйгенім" деген жазу бар еді...
Суретті шынында да марқұм күйеуі түсірген болатын. Бірақ оған сиқырлы сөздерді жазып, дисплейге қойған адам – өз өлімінен бірнеше сағат алдында бейтаныс біреудің күнəсін жуып-шайған Тимур ұста еді...

Қыран САТАЙ
21 қараша 2020 ж. 550 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031