Құрсақ той қандай той?
Сен қазақсың!

Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелуші, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп, қамқор болады. Алда-жалда бір реттік құрсақ шашу кезінде келіннің аңсары табылмаған жағдайда бәрібір іздеуді тоқтатпайды. Қалайда ретін келтіруге әрекет етіледі. Бұған тек әйелдер ғана емес, келіншектің қайнылары, күйеуінің құрбы-құрдас, дос-жарандары да қолғабыс етеді. Жабайы аңның, құстың еті, балық секілді әуес дәмдерді тауып әкеліп, жәрдем жасайды. Осы жерде айта кететін бір тыйым аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атпайды, тұзақ құрмайды, қармақ салмайды, яғни жандыға әдейілеп зиянын тигізбейді. Іштегі балаға кесір болады дейді.
Жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпия құбылыс. Күні бүгінге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, әруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы, Ақтұмар жарықтық, көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Сол секілді Шапырашты батырдың анасы Жұпар шешеміз де арланның бауырын шикідей жеп, жерігін қандырған екен деп аңыз етеді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда аңыздың ішінде шындық жатады.
Сонымен құрсақ шашу болашақ ана мен өмірге келер нәрестенің қамын ерте ойлаған тілегі тұнық, ниеті ақ, мазмұны терең, салиқалы дәстүр. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып керегіне жараған ұлағатты рухани мұра. Аналарымыз басынан өткізген жөн-жоба.
Алайда біреуі байлықпен үдеп, біреуі жоқшылықтан жүдеп, теңсіздік тереңдеп бара жатқан заманда қалталылар ақша шашып, "айға түкіріп" көңіл көтерудің тағы бір түрін шығарыпты. Үлкен мейрамханаға жүздеп қонақ шақырып, атақты-атақсыз, "жұлдыз" әншілерді тұмсығынан тізе кезекке қойып, тамақ пен ішімдікке үстелді майыстыра сықап, өңештері талғанша тост сөйлеп, аяғы талып, тізесі бүгілгенше секілдеп билеп, "құрсақ тойын" жасайтын болыпты. Аты бар да, заты жоқ даңғазаның құрсақ шашуға не қатысы бар екенін ұқсам не дейсіз? Жаман дерт қашанда жұқпалы, күні ертең жаппай үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл? Ол да мүмкін.
Зейнеп Ахметова, "Күретамыр" кітабынан