» » » Той өтеді, кетеді, несие қалады...

Той өтеді, кетеді, несие қалады...


   Ата-анам аптадағы жеті күннің бес күнінде үйде болмайды. «Қайдасыз» деп іздесең, «бәленшенің баласы үйленіпті, бәленшенің қызы ұзатылып жатыр, сүндет той...» деген жауап аламын. Жақсы ғой, қазақтың тойы бітпесін. Десе де ысырапшылдыққа бой алдырып бара жатқан сыңайлымыз. Қазір екінің бірінде несие бар. Көйлектің өзін несиеге алатын халық туған күнді несиеге жасаса таң қалмаңыз. Оның үстіне танымал әнші шақырудан жарыс ұйымдастырады. Мақсат – елдің есінде қалатын той өткізу. Қайдағы, бүгін айтылар, екі-үш күн жырлар, әрі қарай кімге қызық дейсіз...
     «Көзімнің тірісінде баламның қызығын көрейін. Той жасап бере алмасам, несіне жер басып жүрмін» деген сөз ұранға айналды бүгінде. Рас, той жасамаса намыстанады. Осылайша жиған-тергені, қорадағы малы да кетеді. Жетпегені қарызданып, қауғаланады. Таң қалатынымыз сол біз қарыздан қорықпаймыз. «Әйтеуір құтыламын ғой» деп сабырлы жүре береміз. Құтылатын уақытта титықтайды келіп. Бір үйде жеті адам тұрады делік. Оның екеуі сәби. Ал қалған бесеудің кемінде үшеуінде несие бар. Лажсыз келісесіз. Себебі сізде де несие бар. Сонымен бай барын шашады. Кедей несін шашады?
БІЗДІ ҚҰРТАТЫНЫ «ҰЯТ» БОЛАДЫ
Журналист Нұртөре Жүсіп «Қазақ тойшыл халық. «Бұдан да қиын кездерде тойға барғанбыз» деп отыратын ақкөңіл ағайын кейінгі астатөк молшылық жылдары тойды көбейтті. «Ел арасында тойдың неше түрі өтіп жатыр. Жұрттың бәрі кредит алып, соған той өткізді. Бұл да өзінше шашылудың бір түрі. Жұрт бостан-босқа ақша шашайын демейді, «ұят» дейтін құрғыр өлтіріп бара жатқан соң қайтеді. Анаған қараса, ананың тойы керемет. Мынаған қараса, мынаның тойы керемет. Шап-шағын қылып, тек жақын туыстары мен құда жекжаттарын жиып той өткізе салайын десе елдің сөзі «өлтіріп» барады. «Жалғыз баласына, той жасамаса жер басып неғып жүр?!». Амал жоқ қарызданып-қауғаланып той жасауға мәжбүр»  – дейді. Иә, расында бізді құртатыны да сол «ұят». Ананы шақырмасаң ұят, дастарқанға мынаны қоймасаң ұят, кортеджде «лимузин» жалдамасаң тағы ұят. Қашанғы ұят болады деп өмір сүреміз?
Тойға қанша қаржы кетеді?
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. Той жасарда кімді шақырасың, ол қызу талқыға түседі. 700-800 адамды мүсе тұтпай қаласыз. «Анау мені тойына шақырған» деп оған тағы қосасыз. Мейрамханада әр орынға арнайы ақша төлейтінін бәрі біледі. Оның бағасы да күн санап шарықтауда. Тіпті адам басына 6000-7000 теңге. Қаланы аралап шықсаңыз мейрамханадан көз ашпайсыз. Кәсіптің кілтін тапқандар да осы мейрамхана иелері. Қош делік. Мейрамханаға қосылатын ыстық тамақ, үш-төрт салаты бар. Сусынды, жеміс-жидекті, басқа да азық-түлікті өзіңіз сырттан әкелесіз. Оған да көп қаржы жұмсалатыны жасырын емес. Тойға асаба, әнші, бишілер тағы бар және мейрамхананың безендірілуін, от шашуын, суретке түсетін баннерді қосыңыз. Жас жұбайлар туралы 10 минуттық фильм түсіру 100 мың тұрады екен. Бүгінде ұзатудың өзі үлкен тойға айналды. Оған кететін шығын үйлену тойынан асып кетпесе, кем түспейді. Тойдың қызығы – тойтабақ. Онсыз той бітпейді.
қайырымдылық жасауды әдетке айналдырды
   Қуантатыны, тойдан гөрі қайырымдылықты жөн санаған жас жұбайлар көбейді. Оларды өзгелерге үлгі болсын деп айтуды жөн санадық.
     Шымкенттік жас жұбайлар серуеннің орнына 300 адамды тегін тамақтандырды.  «Қазіргі жастар үйленген кезде қыдыруға, түнгі клубқа көп ақша жібереді. Қаржыны оған жаратқанша, тұрғындарға берген дұрыс. Қазақы ата-бабалар тәрбиесінде қалайық, бір-бірімізге мейірімді болайық», – дейді күйеу жігіт Еркебұлан Жолдасов. Ал, Қазығұрт ауданының тұрғыны Сәрсенбаевтар отбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген қуанышын тағдыр тауқыметін тартқандармен бөлісті. Қамкөңіл жандарға дастарқан жайып, сый-құрмет білдірді. Азамат пен Салтанат ата-ананың ақ батасымен шаңырақ көтерді. Отағасы атына заты сай, азаматтығын танытты. Азамат өзі құралпы құрдастары сынды қымбат көлік жалдап, серуенге шыққан жоқ. Қыруар қаржы ысырап етіп, мейрамханаға да бармады. Той болар күні сейіл-серуен жасаудың орнына, аудандағы 25 мүмкіндігі шектеулі жанды жиып,  қайырымдылық жасады. «Мақтану үшін емес, осы күнге жеткенімізге шүкірлік айту үшін осындай қадамға бардық. Айтулы датада шаңырақ көтерген соң жақсылыққа бастадық», – дейді Азамат Сәрсенбаев. Бұған келіншегі де бірден келіскен. Осылайша, бозбала жасаған той жарлы-жақыбайды жарылқаудан басталды. Ілкімді іске Азаматтың ата-аналары да қолдау білдірген. Сондай-ақ қырғызстандық жастар үйлену тойын жасамай, оның орнына аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 балаға қыстық күртеше алып берді.Ерлі-зайыпты атанған Расул Манаппай мен Мейірім Абасова осындай игі қадамға барған. “Олар тойға шығын жұмсамай, оның орнына балаларға қыстық киім алып беруді жөн көрді”, – деді акция ұйымдастырушының бірі Бекжан Шығаев. “Мұндай қадам нағыз еліктеуге тұрарлық әрекет. Кез-келген бай адамның өзі бұлай жасай алмас еді. Аз қамтылған отбасы мен мүгедек балаларға көрсетілген көмек үшін алғыс білдіреміз”, – дейді Дайыр Кенекеев.
Той жасау керек пе? Үйлену тойын жасауға қанша қаржы кетеді? Осы сауал төңірегінде біршама адамды әңгімеге тарттық. Сан-түрлі пікір айтылды. «Бес саусақ бірдей емес дегендей», бірі қолдады, бірі жамандады. Ішінен іріктеп назарларыңызға ұсынуды жөн санадық...
Ерболат БАЗАРБЕКОВ, Жастар ресурстық орталығы КММ жұмыспен қамту бөлімінің кеңесшісі:
  
Қазіргі таңда той жасау нақты үрдіске айналды. Атап айтар болсақ, үйлену тойын әртүрлі форматта өткізеді. Мысалы, Оңтүстікте қазақылыққа тәң қасиеттер басым болған соң салт-дәстүрді берік ұстанады. Той жасаудың маңыздылығын ескереді. Кей аймақтарда тойды асықпай екеуара келісіп, бірнеше ай немесе жылдан соң өткізеді. Той жасамай, үй алып жатады. Өзім оған түбегейлі қарсымын. Халықтың басым бөлігі келіспейді. «Көрпесіне қарай көсілетіндер» де бар, әрине. Кішігірім 100-150 адаммен шағын той жасайды. Ал кейбірі шектен шығады. Қазіргі таңда бірі-бірінен қалмайды. Меніңше, ең бастысы ата-ана разылығы, келісімі. Ақ көйлек кию әр қалындықтың арманы. Сондықтан қыздар өз тойын асыға күтеді. Ата-анаға масыл жастар көп. Тіпті жұмыс істемей, ата-ана зейнетақысымен күн көреді. Еңбек ету дегенді санасынан шығарып тастаған. Енді олардан қаражат жинап, той жасауды күту әбестік болар...
  Талғат ОРЫНБЕК,
қала тұрғыны:
   Үйлену тойы адамның өмірінде бір-ақ рет болады. Сондықтан тойды дүркіретіп жасағанды қолдаймын. Бар-жиған тергенімді тойға шашудан бас тартпаймын. Некелі жарым қалауындағы көйлекті киіп, өзгелерден кем болмауы тиіс. Егер өзімнің қаражатым жеткіліксіз болса несие алуға қарсылығым жоқ. Әрине, қыз жасауы, қалың мал, той қамы. Ойлай берсең көп қаражат кетеді. Себебі асып-тасқан, сән-салтанантты той жасаудан бас тарта алмайсың. Қоғамдық пікір де, үлкендер, ата-ана да мүмкіндік бермейді. Себебі жас отбасы дәстүрлі үйлену тойын жасаудан бас тартса, тіпті көршілер мен алыс туысқандарға шейін сөз қылып, пыш-пышы мен күбір-сыбыры көбейіп кетеді.
  Ерсұлтан МҰСТАФА, қала тұрғыны:
     Тойымды белгіледім. Екі жақ келісті. Аста-төк, ысырапшылдық болмайды, бір сөзбен айтқанда, той жасамаймыз. Беташар болады, кішігірім дастарқан жайылады. Жақын ағайындар келеді. Есесіне болашақ жарым екеуміз пәтерлі боламыз. Тойға кететін қаражатқа этаж үйден үш бөлмелі баспана алдық. Тойымыз болмады деп өкінбейміз. Себебі болашақты ойлаймыз. Пәтерден-пәтер жағалап жүргіміз келмейді. Бір күндік қызыққа көп қаражат жұмсауды жөн санамадық. Болашақ жарым да қарсылық танытпады.
Жасұлан ТАСАБАЕВ, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жастар және жастар ұйымдарымен жұмыс істеу бөлімінің басшысы:
    Бізді өзге ұлттардан ерекшелейтін бір қасиетіміз –  тойшылдығымыз, думан­шылдығымыз, сауық­шыл­дығымыз. Рас, қуанышқа дүйім жұртты болмаса да, туған-туыс, құда-құдағиды шақыру міндет, бірақ дәл қазақтай жарты ауылды жинайтын той бізде ғана бар.  «Той жасамай-ақ қояйық. Бір күндік салтанатқа қаншама ақша кетеді. Оның орнына екі жақ бірігіп, ақша жинап, үй алайық, қажетімізді алайық» дейді. Үй алатындай ол үйдің үлкені емес, керісінше, кенжесі. Ата-анасын бағып, қалуымыз керек қой! Мен той болғанын қалаймын. Ақ көйлек кию – барлық қыздың арманы емес пе? Бұл жағдайда кімнің ойы дұрыс деген мәселе тағы келеді.   Жалпы отбасы берекесінің ортаймауына септігін тигізетін – осындай себептер. Сондықтан тойды дүбірлетіп өткізуден бұрын екі жастың ертеңгі күнін көбірек таразыға тартқан ләзім.
       Әбдісамат ӘБДІШ, әлеуметтік желі белсендісі:
     Ұлы дала елінің ұрпағы батыр болғанын  қалайды бәрі. Алайда, қос жұптың қуанышты қадамына қайдағы бір ащы сумен тілек айту қазақылыққа жат. Шариғатта отбасы иманнан кейінгі негізгі құндылыққа жатады. Бүгінде мазмұны қашқан тойда нені ұмыттық дейтін болсақ, әуелі сол отбасы құндылығын ұмыттық. Отбасындағы ерлі-зайыпты бір-бірінің қадір-қасиетін ұмытты. Қала берді екі жастың бақытын ұмытты. Той жас жұбайлар үшін емес, құдалар үшін және асқан бәсекелестік үшін жасалатын болды. Бірін-бірі қайталамайтын бәсекелестік. Қоғамдағы осындай құндылықтардың құнсыздануы жас жұбайлардың жылға жетпей жұптары жараспауына әкеліп соғуда. Сайып келгенде, осындай берекесіздіктерден соң, үйлену тойын жасау қаншалықты қажет? деген орынды сауал туады. Әрине, жасау керек. Бірақ «көрпеге қарап көсіліп», бәсекелестікке тым қатты берілмесе игі. Ойланып ой жүгіртіп, қымыз-қымыранды қолға алатын қоғам қалыптасса қандай тамаша. Бақытты да баянды ғұмыр кешудің төте жолы – Тәңірдің тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын бұлжытпай орындау. Міне, сонда ғана жас жұбайдан ізгі ұрпақ дүние есігін ашып, қоғамға пайдасын келтіретін перзент қатарынан болары сөзсіз. Түптеп келгенде, негізгі түйін үйлену тойын жасау керек...
    Түйін: Бізде тойға қарсы емеспіз. Тойдың болғаны да, боладысы да қызық екені рас. Десе де жалпы жұрт ретінде, уақыт пен заман талабын таразыға тартып ұлт ретінде сәл ойланып көрсек қайтеді?
Пікірлерді топтастырған:
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
12 шілде 2018 ж. 2 184 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031