Заң адам пайдасына жазылады
Еңбегіне қарай өнбегі. Енді қазынадан төленетін зейнетақы мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді болмақ. Шілденің алғашқы күнінен бастап бірқатар салада күшіне енген жаңашылдықтар қазақстандықтардың өмірін қаншалықты өзгерте алады?
Жаңа өзгеріске сәйкес, базалық зейнетақы бәріне бірдей төленбейді. Енді 30-40 жыл аянбай тер төккен қарияларға ақша еселеп қосылады. Қазір барлық зейнеткерге 15 274 теңге базалық зейнетақы төленіп отыр. Жаңа төлем жүйесіне сай еңбек өтілі 10 жылдан асқан қарияларға әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Осылайша, зейнетақының орташа мөлшері82 мың теңгені құрамақ. Ал, 33 жылдан аса еңбек еткен азаматтарға 28 284 теңге қосылады. Сондай-ақ, базалық зейнетақы азаматтардың жинақтаушы қорға тіркелген күніне қарай белгіленеді. Яки, 1998 жылдан кейінгі зейнетақы қорына жарналарының түсу жиілігі есепке алынумен қатар, аталмыш жылға дейінгі еңбек өтілі де қарастырылады. Биыл жәрдемақы да назардан тыс қалмады. Кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік көмекқаржы тағайындалды. Бұл жәрдемақыға елімізде 14 мыңға жуық отбасы қол жеткізеді. Оның көлемі – 29 699 теңге. Темір тұлпары бар әрбір қазақстандық осы айдан бастап көлігіне электронды паспорт алуға міндетті. Сандық құжатта автокөліктің бүкіл тарихы жазылады. Зауыттан шыққан күнінен бастап, істен шыққаны, апатқа түскені– барлығы құжатта тайға таңба басқандай көрсетіледі. Бұл ақпараттың бұрмалануына жол бермей, мұндай құжаттарды қолдан жасауға тосқауыл болатыны сөзсіз. Ескі көлікті сатып алғысы келген жүргізуші машинаның жағдайын көруге уақытын жұмсамайды. Бар болғаны, арнайы порталды ашып, көліктің тарихымен кеңінен танысады. Мәліметтер Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай базасында сақталмақ. Шілденің алғашқы күнінен жүзеге асқан тағы бір электрондық өзгеріс ол – виза. Бұдан былай мемлекетімізге аяқ басқан шетелдік мейман визаны алу үшін консулдық бөлімдердің табалдырығын тоздырмайды. Қазақ жеріне ат басын бұрған турист электронды портал арқылы көші-қон қызметіне жүгіне алады. Өзінің жеке мәліметтерін, елге келу мақсаты мен қаржылық мүмкіндіктерін онлайн көрсетеді. Ал, шылымқұмарларды биыл қымбатшылық қыспаққа алады. Себебі, осы айдан бастап темекі бағасы 20 теңгеге өсті. Темекі құнының ең төменгі межесін Үкімет белгілеген еді. Темекі шегетіндер енді бір қорап үшін кемі 360 теңге жұмсау. Келесі жылы бағасы тағы өседі деп жоспарланған. Шілде айынан бастап күшіне енген әлеуметтік және басқа саладағы өзгерістер осындай болды.
Мүсілім БӘЙДІБЕК