» » » Ырымға қырын қарама

Ырымға қырын қарама


Менің кейіпкерім – біздің  Қызылорданың қарапайым қызы. Сырдың сұлуы. Атын айтпаймын, бастысы, ол көргенді жердің бұрымдысы еді.  Сирек кездесеміз, бірақ әңгімелесе кетсек, біраз дүние сарайың ашылып қалғандай болатын. Көп оқиды, көп тыңдайды, ізденімпаз.
         Әңгімелесіп отырмыз. Хал сұрасу. Кейбір ортақ таныстардың жағдайын сұрастық. Бастапқыда осылай басталған. Сұрақ-жауапқа ауыстық.
         – Негеүйленбей жүрсің? – деді ол мен күтпеген сұрақты қойып.
– Жолықпай жүр, жақсысы, – дедім мен әдеттегі жаттанды жауаппен.
– Жақсысы ма, әлде сұлуын іздеп жүрмісің?
– Бастысы, тәрбиелі болса, болды, – дедім мен данышпандарша
– Оның жөн. Тәрбиеліге не жетсін! – деді ол жеңіл күрсініп. – Қатарластарымнан шошимын. Сен жазсаңшы, осы қыз бала тәрбиесіне қатысты.
– Жазылып жатыр менсіз де.
– Сен де жаз, көп түкірсе-көл деген.
– Жарайды, – дедім мен уәде беріп. – Сенің ойың қалай? Қыз тәрбиесі туралы өзің айтшы әуелі...
– «Әйелді сүйіктіге айналдыратын ар мен ұят» дейтін әжем, – деп Сыр сұлуы әңгіме ауанын әрі қарай жалғады. Біздің елде қыз бала тәрбиесінің нашарлап кетуі ойланарлық жайт. Меніңше, егемен еліміздің болашағы үшін халқымыздың тарихын, ғасырдан-ғасырға жинақталған ұлттық мұрасын, мінез-құлқы мен ырым-тыйым сөздерін, әдет-ғұрыптарын білу керек. Осы салттарымызды бүгінге дейін қаймағын бұзбай бізге жеткізген көнекөздеріміз емес пе?!  Менің қарным ашатыны, салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды дәріптеуші ақ жаулықты аналар жоқтың қасы. Содан ба қыздардың батыс мәдениетіне еліктеушілігі басым.
– Менің ойымша, – деді ол сөзін жалғастырып, – Егер әр отбасында аналарымыз халқымыздың санасынан шығып, ескіріп бара жатқан ырым-тыйымдар арқылы балаларына тәрбие берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Үлкеннің өсиет сөздеріне құлақ салып тыңдаса, қоғамда кездесетін кейбір тәрбиесіздік  болмаушы еді ғой. Мысалы, қазақ халқы қыз балаға «белді таянуға» тиым салған. Белді таянған білімсіздіктің белгісі дейтін. Қазақ жайшылықта белін таянбайды, таяққа сүйкенбейді. Белді таянған қайғы әкеледі деген түсінік болған. Қыздың өрімін тарқатып бос жібергені өлімді еске түсіреді, бесікті теппейді, көп ішінде қатты күлмейді, қамшыны сындырмайды, пышақты жерге қадамайды, үлкеннің алдын кеспейді деген ырымдардың қыз тәрбиесіне керемет әсері бар емес пе?!.
– Иә, үлкеннің алдын кесетіндер кездеседі, – дедім мен соңғы сөзіне қосыла. Ойымды іліп әкетті.
– Әдемі болып қана қоймай, ақылына көркі сай, үлкеннің алдынан өтпеуде, ер адамның алдын кеспеуді өз басым парызым деп есептеймін. Әжесі мен атасын, әкесі мен шешесін сыйлау, қабақ шытпау қазақтың қызына тән. Ал, қазір қыздар, әсіресе қалада автобуста орын бермек түгілі, терезеге қарап, көрсе де көрмегендей отыра береді. Адам алдын кесіп, қаға-маға өте шығуы да біздің биязы, инабатты деп ақындар суреттеген атымызға кір келтіру емес пе?
– Солай, – дедім мен оны қоштап, – ол ештеңе емес, ашық-шашық жүру, мұрын тесіп, кіндік көрсетуге де көз үйреніп бара ма, қалай?
– Еліктеушілік оның бәрі. Денсаулығыма зиян тиеді деген ой жоқ, бастысы, бел, мықын, кіндік жалаңаш. Бізде көз тию деген бар емес пе, әр адамның көзі, тілі болады. Қыздар неге соны ойламайды, дәл осы сәнқойлық емес еді ғой. Тоғыз ай, тоғыз күн ана құрсағындағы тіршілік осы кіндіктен үзіледі емес пе? Қазір кіндік ашқалы уайым да, қайғы да көбейді. Неге десең суық тиіп, бала көтермеу, бедеулік, ұрпақ әкелуге қабілетті болмау деген сұмдық және ол басқа жақтан келмейді, кіндік ашқаннан шығады. Кіндік біле білгенге, әсіресе қыз балаға, ең қымбат, ең қастерлі, қасиетті нүкте. Оны көлденең көзден, кісәпір сөзден жасырмай жүрміз. Бұл ұят нәрсе...
Сыр сұлуы бір сәт үнсіз қалды. Мен де үнсізбін. Расымен көп нәрсеге мән беруден кеткен екенбіз ғой деген ойға келдім. Өзі құтқарды бұл жерде. Іле-шала әңгімесін жалғап әкетті.
– «Қыз қылығымен жағымды» деген сөзге лайық болайық десек те, қазіргі қыздар арасында көпшілік ішінде өзін көрсету ме, біресе орысша, біресе қазақша сөйлеп, айқайлап күліп, жұртты өзіне қаратып, үлкендерді шошытып жүр. «Қыз қылығы түзде» деп ата-анасы қызына жұрт арасында қалай ұстау керектігін үйретпеген бе деп қаласың?
– Сіз әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа дегенге қарама-қарсы жан болып отырсыз, – дедім шын ризашылықпен ұзын қып өрілген жуан бұрымына сүйсіне қарап. Бұным оған деген ризашылығым еді. Ол жымиды да қойды.
– Қыз бала 14-16 жаста бой түзей бастайды. Үсті-басын таза ұстап, айналасындағыларға қарап киінеді. Әсіресе, шаш күтімі, беті терісі сияқты кісіге ажар беретін дүниелерге. Бойжеткеннің мәпелеп, сипап өсірген шашын, қалаға кеп шорт қиюы қызға жараса ма, айтыңызшы? Әжелеріміздің кимешек киіп, шашын қорғаштауы, шашына химиялық бояу жақпай, сүт, айранмен жуып күтуі, ол да ұлттық тәрбиенің ерекшелігі. Қазір шашымызды қиғаннан бөлек, тарақпен тарап түскенінің өзін жерде, аяқ астында қалдырамыз. Бұрынғы аналарымыз әсте олай етпеген...
Осылайша әңгімеміз ұзақ жалғасты. Менің риза болғаным, бастысы, ұлттық тәрбиені  бойына сіңірген арудың бар екендігі.
Расымен қазір тәуелсіз ел болып, тіліміз бен дінімізді жаңғыртсақ та осы қыз бала тәрбиесінде жетіспеушілік әлі де бар сияқты. Біле білсеңіз, сол сұлулардың бағбандары – атадан қалған рухани байлықтар. Ал, ата дәстүрі абыройдан айырмайды. Бұған бойжеткен айтқан барлық сөз дәлел бола түседі. Жоғарыда талқылаған тақырыптардан бөлек, сан бабадан келе жатқан салтты игерген осындай сұлудың біздің Сырда болғанына сүйсіндім әрі көбейсе деп тіледім.
Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ
19 шілде 2018 ж. 990 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031