ОБЛЫСТЫҚ МУЗЕЙ: ЕРТЕ ТЕМІР ҒАСЫРЫ

Оқырман қауымның жадында болса, Қызылорда облыстық музейінің 11 залдан тұратын экспозициясы толыққанды қайта жаңғыртылған болатын. Соның ішінде Сыр өңірінің ертедегі тарихын баяндайтын "Археология" залының экспозициясын ерекше атап өтуге болады.
Біз «Облыстық музейдің қайта жаңғырған «Археология» залы» тақырыбымен «Арал маңының тас және қола дәуірі» бөлімі туралы мақаланы өз оқырманымызға ұсынған едік. Бүгін «Ерте темір ғасыры» бөлімін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
...Арал өңірінің ерте темір кезеңіне жататын аса көрнекті ескерткіштері – Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен қорымдарын (б.з.д. VІІ-VІ ғғ.) ерекше атауға болады. Бұл ескерткіштерге өткен ғасырдың 60-жылдары ХАЭЭ археологиялық Ұйғарақ қорымындағы 80 обаның 70-і, Оңтүстік Түгіскен қорымындағы 50 обаның 38-іне археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Мұндағы арнайы витриналарда Ұйғарақ қорымынан табылған керамикалық ыдыстар орын алған. Сонымен қатар, экспозицияда Қазақстандағы ең ежелгі жартастағы бейнелер болып табылатын Сауысқандық петроглифтері туралы баяндалады.
Қаратау аңғарының Сауысқандық және Бала Сауысқандық солтүстігінде орналасқан петро-глифтерді 2004 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Түркістан археологиялық экспедициясы (жетекшісі М.Елеуов) петроглифтердің алғашқы координаттарын анықтап, толық сипаттамасын берген. Сауысқандық петроглифтері бірнеше топқа топтастырылып қола, ерте темір және ортағасырлармен мерзімделеді.
Асхат САЙЛАУ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғалым-хатшысы