Облыстық тарихи-өлкетану музейі
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақ ССР жоғарғы советі президиумының ұйымдастыру комитетінің 1939 жылғы қаулысымен құрылған. Алғашқы жылдары жұмысын өлкенің тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған. Облыстық музей орналасқан ғимарат 1953 жылы салынған. Бүгінде облыстық музей Сыр бойының өткені мен бүгіні жайлы баяндайтын үлкен мәдениет орталығына айналды. 2015 жылы облыстық музейде реконструкция және реэкспозиция жұмысы жүргізіліп, музей жаңа заманауи кейіпке енді. Реэкспозициялық жұмыстан кейін облыстық музей заманауи экспозициямен жабдықталды. Сондай-ақ, музей заман талабына сай жаңа компьютерлік технологиялармен бірге дамуда. Оған дәлел – мультимедиялық презентациялар, сенсорлы моноблок, «Музеолог» бағдарламасы мен әр зал LED телевизормен жабдықталған. Экспозицияны ашатын видеоматериалдар қосымша құрал ретінде көрерменге ұсынылуда. Фойелерде орналастырылған сенсорлы моноблоктар арқылы музей әлеміне виртуалды енуге, музей қорындағы зергерлік және этнографиялық бұйымдар коллекциясын тамашалауға болады. Бүгінде музей қорында 55 416-ға жуық экспонат сақталып, оның 4502-і музейдің экспозиция залдарында орналасқан.