» » » Асыл арман ақ бұлтын араласқан

Асыл арман ақ бұлтын араласқан

Ақтөре Ибрагимұлы,
ақын, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

  Мен көктемнің соңғы күні туғанмын,
Жадыраған жазға бір күн қалғанда.
Поэзияның пəк нұрына жуған мың,
Жөргегіме анам орап алғанда.

Мөп-мөлдір мұң жанарымнан сырғанап,
Туа сала жегілгенмін арманға.
Үш түн қатар тоқтамастан іңгəлап,
Ұран айтып келгем ғазиз ғаламға.

– Кімсің?,- десе əлдебіреу сыр тартып,
– Ақынмын!,-деп қаршадайдан қасқайдым.
Бір тылсым күш жан-дүниемде жатты артып,
Өлең болды бас бақытым, бас қайғым.

Жұрт күлгенде мен оңаша мұңайдым,
Жасым сіңген ақ қағазда көз іліп.
Шеңберіне сыйғым келмей Құдайдың,
Кең залдарда жыр оқыдым езіліп.

Аңсарыма айналған соң алтын бақ,
Құстар үні сыйлады əркез көңілге ем.
Он жетімде жасындайын жарқырап,
Он сегізде аман қалдым өлімнен.

Қуантты да, мұңайтты да кең өлке,
Ұлы жолға ұлы арманмен аттандым.
Замандасым білер анық,
Тым ерте
Əке атанып, ұл сүйдім де шаттандым!

Төгілді де төбеме ылғи көктен құт,
Көктем сайын жаңардым һəм түледім.
Тəңірге аян,
кещелерге кектеніп,
Əр түн сайын бір дұғаны тіледім.

Қазір көкте құстай ұшқым келеді,
Бір мақсатқа белді бекем буғанмын.
Шертем ылғи жастық əнін себебі,
Мен көктемнің соңғы күні туғанмын!..
*****
Сіз білесіз, сырымды, бәрін-бәрін,
Дауылдарын өмірдің, жауындарын.
Неге менің батпан мұң құшқанымды,
Неге менің жанымның ауырғанын.
Сіз білесіз, күйімді астаң-кестең,
Қилы сәтті және де бастан кешкен.
Неге тұрдым күңіреніп көп ішінде,
Неге алыс жүрдім мен достан, көштен.
Сіз білесіз, кімді аңсап, нені іздедім,
Неге Өлең мен Сағыныш егіз дедім.
Неге Күнге қарадым күлімсіреп,
Неге ұнаттым Атлант теңіздерін.

Сіз білесіз, жас ақын армандарын,
Біз алданған өткінші жалған мәнін.
Не үшін мен күйіндім мына елге,
Не үшін мен соңына жалғанбадым.

Сіз білесіз, кім ұлық заңғар маған,
Кімге сосын өтірік алданбағам.
Неге бәрі достыққа селкеу салды,
Неге әлемде ұғатын жан қалмаған.
Сіз білесіз, таланттың көнбейтінін,
Өсек сөздің ешқашан өнбейтінін.
Қай кезеңнің қайтадан келмейтінін,
Қай шырақтың мәңгілік сөнбейтінін.
Сіз білесіз, таланттың толқынысын,
Адамзаттың ең сұмдық қорқынышын.
Қай уақытта пенделер ақталарын,
Қай бағытта менің де олқы күшім.
Сіз білесіз, жасадық мән қолдан біз,
Сіз білесіз, жылайды сан қорғансыз.
Сіз білесіз, бәрін де, бәрін-бәрін,
Сіз себебі, ақ көңіл, қамқор жансыз!
*****
Қалқан етіп жанымды от, дауылға,
Менің жазған хаттарым...
Сақтаулы ма?
Жаңбырлы күн кетіп ең қимай-қимай,
Жаныңды ұғар сол бір жан мақтаулы ма?
Сені айта алман,
Мен бірақ сағынамын,
Жауапсыз хат сыйлады жаныма мұң.
Хаттарым ол – теңдессіз гүл-бағым ғой,
Гүл-бағымды таптама жалынамын.
Сенен өзге Тəңірден не тіледім?
Хаттарымды өртеме, өтінемін!
Қайта орнына келген жоқ əлі күнге,
Қарс айрылып кеткен-ді көкірегім.
Тəтті күнді,
арайлы ақ таңымды,
Мен аңсадым күнəсіз шақтарымды.
Ей, тасжүрек, сен неге оқымадың,
Жүрегіммен жазылған хаттарымды...?
*****
... Аспанға тағы ұзақ қарадым,
Көшкенін көрдім шуақты Ай.
Іңірмен бірге ұзап барамын,
Зырғыған бейне сынаптай.

Бір ғажап бізден тосқандай еді,
Қарай ма мына ел табалап?
Күліп тұр едім жас қайдан келді,
Жанардан түскен домалап?

Қасым тұр əне белсеніп, күліп,
Ізімде үлкен қалды дақ.
Ащы жас жұттым теңселіп тұрып,
Көзімнің алды бұлдырап.

Кешпеске мəңгі ұйғарармысың,
Айтарсың үкім ойлана.
Имандай шыным иланармысың,
Қарай алмадым айнаға...
*****
Аңсаған шаққа орала алмаймыз,
Орала алмаймыз енді біз.
Көктемді күткен шағаладаймыз,
Шағаладаймыз, меңді қыз.

Өткенді ойласам көзімді жұмып,
Ессіз ғашықтай күлемін.
Әлдилеп сен де сезімді ұлық,
Сағынып жүрсің білемін...
Кезіктірген ем көктемде сені,
Көктем де өтті...
Келді Күз.
Сағыныш дерті жүдетті мені,
Жүдетті мені, меңді қыз.

Өкпе-ренішті құп алғаным жоқ,
Бақытыңды талай тілермін...
Ойымнан мүлде шығарғаным жоқ,
Сағынбай қалай жүрермін?!

Шаттық сыйлайды төзім білемін,
Сезімге құлмын өтінген.
Сені ойлап жатып көзімді ілемін,
Оянбай қалсам...
Өкінбен!
*****
Сезімге біреу қиянат қылса,
Сұлулық тұрар күзді аңсап.
Әйелдің бәрі ұялшақ болса,
Еркектің бәрі қызғаншақ!
– Шындық!,- деп шайыр ақырды қанша,
Қол бұлғап Муза алыстан.
Әйелдің бәрі ақылды болса,
Еркектің бәрі данышпан!

«Өледі пенде құмары солса»,
Осылай сыған бал ашқан.
Әйелдің бәрі күнәлі болса,
Еркектің бәрі адасқан!
Сезімдер сәтті ұдайы келсе,
Ұмытпас ешкім уақытты.
Әйелдің бәрі шынайы күлсе,
Еркектің бәрі бақытты!

Жүрекке жұмақ әлемі қонса,
Сейілтер бәлкім күмәнді.
Әйелдің бәрі әдемі болса,
Еркектің бәрі ұнамды!
*****
Ердосқа

Ұқпай-ақ қойсын ел мейлі,
Қабыл ал, осы пішінде.
Ақылды болғым келмейді,
Ақымақтардың ішінде.
Таптайтын «дос» көп көңілді,
Айта алман оған «Түсін»,- деп.
Білерім, өтем өмірді,
Өлеңімменен мүсіндеп.
Бәрін де бәрін білгендей,
Жас жаным талай шатылды.
Ақылын сұрап жүргендей,
Айтады «біреу» ақылды.
Көктегі ынтық жасынға,
Кіді сыр бәлки шертілді.
Ердос-ау, мені расында,
Пенделік өлшем өлтірді.
Қақтады тәнді таудай мұң,
Баяным білем, аз қалды.
Ажалдан қаша алмаймын,
Ал оны, Қорқыт жазған-ды...
Ұқпай-ақ қойсын ел мейлі,
Сұрамас өжет ер енші.
Ақын да болғым келмейді,
Өйткені көп қой өлеңші...

Өзіңе мәлім сырларым,
(Сыйламас өлім жаман ат).
Құлпытас болсын жырларым,
Қалғаны Саған аманат.
*****
Өткен көктем, көктем бе?
«Кесір» еді,
Мына көше соны еске түсіреді.
Көңілімді билейді сағыныш, мұң,
Ал, жанымды саябақ түсінеді.
Ұмыта алман, шығармас ел есінен,
Сол көктемге кегім бар,
Білесің Сен.
Келдің дағы кенеттен ғайып болдың,
Содан бері сыр тартам елесіңнен.

Сені ойласам сергелдең күй кешемін,
Қалай енді бақытпен үйлесемін?
Көктем – қайтқан құстардың сағынышы,
Сағынышпен күн сайын сөйлесемін...
Сағыныш па?
Аңсау ма?
...ұға алмадым,
Жалығу ма?
Зарығу шығар, бәлкім...
Сол көктемде еніп ем өзге әлемге,
Тұзағынан бір сәтке шыға алмадым.
Сен де кекті, ренішті егелеме,
Жүрегіңе сақта тек шегеле де...
Сол көктемді жек көрем, бірақ, жаным,
Аңсай берем, неге мен, неге, неге?...
*****
Қатар келіп қайғымен жағаласқан,
Сол бір сәтке таңданып қалады аспан.
Сен қаласың ауылда ақмаңдайлым,
Мен кетемін жыраққа Жалағаштан.
Батпан мұңды ұқтырып бар алапқа,
Жырым қалар, жан дүние толады отқа.
Сен шығарып салуға келе алмайсың,
Мен кетемін. Жалағаш қалады артта.
Мен кетемін сол түні көз ілместен,
– Шығарма,- деп сенім мен сезімді естен.
Сен қаласың сұрапыл бір жігіттің,
Сені қимай кеткенін сезінбестен.
Асыл-арман ақ бұлтпен араласқан,
Аттанармын артыма қарамастан.
Қимай бара жатамын, ақмаңдайлым,
Сен қаласың қош деуге жарамастан.
Мен кетемін жыраққа Жалағаштан...
30 тамыз 2018 ж. 1 266 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031