» » » КЕЗДЕЙСОҚ КЕЗДЕСУДІҢ СОҢЫ...

КЕЗДЕЙСОҚ КЕЗДЕСУДІҢ СОҢЫ...


Әуежайда болған мына оқиға әлеуметтік желіде ерекше танымал. Кітап оқып отырған бойжеткеннің жанына бейтаныс жігіт жайғасады. Кітаптың оқиға желісіне еніп кеткен қыз жан-жағына мән бермей, печенье жеп отырады. Бір сәтте жігіт те дәл сол тәттіні алғанын байқайды. Жігітке «бұл менікі ғой» дегендей қабағын түйіп, рұқсат сұрамай жегеніне іштей ренжиді. Ол болса күлімсіреп, «сіз де ауыз тиіңіз» дегендей басын изейді. Соңғысы қалған кезде қыз «не істер екен» деп кідіреді. Жігіт печеньені ортасынан бөліп, жартысын қызға ұсынады. Ұшаққа отырғызу басталады. Орнына жайғасқаннан кейін қыз сөмкесінен бір затын іздейді. Сонда ғана өзінің ашылмаған печеньесіне көзі түседі.
Бұл оқиға бізді шабыттандырды. Осыдан кейін қызықты жағдайда танысқан жұптар туралы жазуға бел будық.
ТЕЛЕФОН ТАБЫСТЫРҒАН ЖҰП

Айдар:
Арайлым екеуміз М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде білім алдық. Ол жақта сабақ уақытында ұялы телефон ұстауға тыйым салынған. Бірақ, Арайлым сабақ үстінде телефонына қарайды. Сол сәтте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары келіп қалып, бірден алып қояды. Оның құрбысы «Айдар деген ақын жігіт бар, мұғалімдердің көбімен жақсы тіл табысады» деп айтқан болу керек. Қалай да алудың жолын қарастырған Арайлым менің нөмірімді тауып, хабарласты. Мен телефонын ағайдан алып бердім. Бір ай уақыттан кейін whatsapp-та оның суретін байқап қалдым. Сәлемдескеннен кейін-ақ, сөзіміз жарасып кетті. Бүгінде, шүкір, бір қызымыз бар.
МӨЛДІР МАХАББАТ
Дәулет: Мен журналистика факультетінде білім алдым. Университетте студенттердің бірі де сабағынан қалмайтын мінезі қаталдау Аякөз апайымыз бар. Сол күні оның сабағы болатын. Асығыс асханаға кірсем, топта бірге оқитын Мөлдір отыр.
– Қазір Аякөз апайдың сабағы. Сен бармайсың ба? – деп сұрадым.
Ол жауап бермеген соң, жүгіріп аудиторияға бағыт алдым. Аядай корпустың іші бір жеткізбейтін сахараның жолына айналғандай. Үшінші қабаттағы 302-аудиторияның есігін ашсам, асханада көрген Мөлдірім тақтада тұр. Көзім бақырайып кетті. Апай айғай салып жатыр, мен оның бір сөзін де естіместен оған саусағымды шошайтып: «Әлгінде ғана асханада болатын. Мен жүгіріп келдім, ол қалай келгенін білмеймін» дедім. Сол сабақ бойына Мөлдірге қараумен болдым. Қоңырау соғылып,  барлығымыз сыртқа шықтық. Өз көзіме өзім сенбедім. Біздің топта оқитын Мөлдір екеу болып жүр. Сөйтсем, менің басымды қатырып жүрген, асханадағы ару егіздің сыңары Махаббат болып шықты. Қазір шаңырақ көтергенімізге бес жыл болды. Бір ұл, бір қызымыз бар. Бұйыртса, Алланың берер тағы бір перзентін күтіп отырмыз.
БӘСТЕ МАХАББАТ ЖЕҢДІ
Марат: Екеуміз бір мектепте оқыдық. Бір-бірімізді сырттай ғана танитынбыз. Менің інім Анэльмен бірге мектепте түрлі шара ұйымдастыратын. Інім маған Анэль туралы жиі айтатын. Бір күні ол «Анэльдің назарын өзіңе қаратуға шамаң жетпейді» деді. Мен де намысқа тырысып, «кел, бәстесейік» дедім. Содан кейін оны әлеуметтік желіде тауып, кездесуге шақырдым. Басында қарсылық білдіргенімен, кейін келісті. Осылайша мен бәсте жеңіп шықтым. Есесіне тағдыр маған жан жарым мен алтын қызымды сыйлады.
Әсел БЕГМАН
Айдар мен Арайлым
Дәулет пен Махаббат
Марат пен Анэль

18 қаңтар 2018 ж. 2 725 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031