Бибка
Көпшілік «Бибка» деп атап кеткен сол қараторы қыздың әуелгі есімі Бибігүл еді. Өмірге келген сәтте әкесі оны ер бала ретінде қабылдаса керек, бойжеткен кезде де оның бойынан қызға тән биязылықты байқай қоймадық. Мінезі де қызық, көп адамға ұқсамайтын. Күйбең дүниеге күйіп піспейтін, ұнатпаған нәрсеге «қойшы ей» деп пісте мұрнын тыжырайта салатын қылығы сүйкімсіз болса да, өзіне сұмдық жарасатын.
Мен Бибкамен университетке оқуға түскенде таныстым. Біздің топтың келесі бөлімінде оқитын Бибка сабаққа үнемі кешігіп келуші еді. Қашан көрсең де жартылай үтіктелген көйлегінің жеңін түріп, кең балақ шалбарымен бір топ бойжеткеннің ортасында жүретін. Қалған қыздар қалың қасын күзеп, қысқа кірпігін ұзартып, бір-бірінен сұлулық жайлы сұрап жүргенде, біздің Бибка сабаққа шашын тарамай да келуші еді. Көзде үлкен көзілдірік, ал қолында бума-бума қағаздың болуы Бибка үшін ерекше стиль болатын.
Қазір Бибка шетелде. Оның университетте жүргенде көп нәрсеге мән бермей, уақытын пайдалы біліммен толықтыруы бізге ерекше мотивация беруші еді. Бүгінде еркекшора қалыппен жүретін ерке Бибігүлді есіме түсірсем, ойыма осы қалпынан бөлек оған таза көңілмен ғашық болған Сабыр түседі. Атына заты сай кербез, кең иықты, сөзі нық, қимылы шалт Сабыр оқу орнындағы талай қыздың аузынан түспейтін. Киіміне қылау да жұқпай, мұнтаздай жүретін сол серінің Бибкаға ғашық болуы мені ерекше сүйсінтетін. Әсіресе бір топта бірге оқыса да, сол Сабырдың Бибкаға сезімін білдіруге батылы жетпей біраз қиналғаны есімнен кетпейді.
Бірде ұялы телефоныма Сабырдан бірнеше хабарлама келді. Қарасам, бәрі Бибканың фотосуреті. Бірақ оны сурет дегеннен гөрі мультфильмдегі кейіпкердің бейнесі деуге болатындай еді. Сабыр Бибканы көргісі келген сәтте одан суретін жіберуді сұрапты. Сонда Бибігүл «екі ұртын ауаға толтырып, көзін бақырайтқан» немесе «бұйра шашын жайып жіберіп, кәріс көзін жұмып», небір "ұсқынсыз" бейнені әдейі сүгіретке түсіріп, сабазыңа жібере салыпты. Суреттерге қарап, еріксіз жымиып отырғанымда, Сабырдан тағы бір хабарлама келді: «Қарашы, осы түрімен-ақ әдемі емес пе?!». Мен оның Бибкаға деген риясыз сезіміне бас иіп, риза қалыппен «өте әдемі» деп жауап жаздым...
Кейде әлдекім «махаббат» жайлы айта бастаса, Бибканы бояусыз, сүйкімді қылығынсыз-ақ жақсы көрген осы Сабыр көз алдыма келеді тұрады...
НОТЕЛЬФ