Шеңбер
Бір қызық жайт, «бұрын» деп басталатын әңгіме жақсы-дағы, «қазір» деп басталатын сөздің барлығы тек жаман хабарлар сияқты көрінеді. Мәселен, бір ғана аналар жайын алайықшы, иә, аналар қоғамның қай кезеңінде де белсенді болатын, қазір басқарақ.
Баланың балабақшадағы, мектептегі ата-аналар жиналысына кім барады? Әрине анасы. Үй шаруасын кім істейді? Әрине анамыз. Тамақты кім әзірлейді? Әрине ана. «Әкенің жақсысы жездедей-ақ» деп басталатын сүйкімсіз мақал бар ғой, кім қалай қабылдаса да шындық солай сияқты сезіледі. Қазір анамыздан үлкен кісілер мектептегі, дәмханадағы, емханадағы әжетханаларды жуып жүргенін көргенде, рас қысылмасқа әддің қалмайды. Тіпті олар ерлер дәретханасын да тазартып жатады. Бұл өте қорқынышты жағдай.
Өзімізбен бірдей түрік тілдес басқа халыққа қарап қызығасың, қызғанасың. Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Грузия сияқты бауыр елдерде ананың жөні бір бөлек. Тіпті шаштараздардың өзінде әйелдің шашын әйел, ал еркектің шашын еркек алуға міндетті. Бұл, бір жағынан, шашын әйел алған еркектің қуаты кемиді деген түсінікке де саяды. Кейде біздің ер-азаматтарымыздың тым ұсақталып бара жатқанының бір ұшы осыған тірелмей ме екен деп те ойлайсың. Ал дәмханаларында ерлер ғана тамақ әзірлейді. Сондықтан әйелдердің басым бөлігі үй шаруасымен айналысуы ғажап емес. Ал біздің аналарымыздың түннің бір уағына дейін жұмыста болуы қалыпты жағдай. Бүгін болмашы дүние секілді көрінсе де, бұл ертеңгі үлкен мәселенің басы болуы ғажап емес.
Дамир АМАНГЕЛДІ