МАХАББАТ ӘРДАЙЫМ МҮМКІНДІК СЫЙЛАЙДЫ
Қайда барсаңыз да, жан-жағыңызға сүйіспеншілік таратыңыз. Алдымен өз үйіңізден бастаңыз. Балаңызды, күйеуіңізді немесе жарыңызды, тіпті көршіңізді де махаббатқа бөлеңіз. Сізге бос келгендер одан әрі жақсарып, бақытты бола түссін. Жүзіңіздегі мейіріммен, көзіңіздегі мейіріммен, күлкіңіздегі мейіріммен және жылы лебізіңіздегі мейіріммен Тәңір сүйіспеншілігінің тірі көрінісіне айналыңыз.
Тереза Ана, котолик монахы
Бірде әлеуметтану пәнінен сабақ беретін колледж профессоры студенттерімен бірге жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан 200 жасөспірімнің жағдайын зерттеу үшін Балтимордың шалғай жеріндегі ескі ауданға барды. Тапсырма бойынша студенттер кез келген жасөспірімнің кедейлік пен қылмыстық ортадан шығып, қоғамның лайықты мүшесі болу мүмкіндігін бағалау керек еді. Студенттер зерттей келе «жасөсірімдер жағдайының жақсаруына ешқандай мүмкіндік жоқ» деген шешім шығарды.
Арада жиырма бес жыл өткен соң осы зерттеуді тағы бір әлеуметтанушы профессор қолға алды. Ол студенттерге жобаны аяқтап, сол кездегі жасөспірімдерге не болғанын білуді тапсырды. Зерттеу барысында басқа жаққа қоныс аударған немесе қайтыс болған 20 жігітті қоспағанда, қалған 180 жасөспірімнің бірі адвокат, бірі білікті дәрігер немесе өмір сүру деңгейі жоғары кәсіпкер екені белгілі болды. Профессордың бұл жағдайға таңқалғаны соншалық, мұндай сәттіліктің себебін білу керек деп ұйғарды. Қуанышқа орай, іздеген адамның бәрі осы аумақтан табыла кетті де, ол әрқайсысына «сіз бұл жетістікке қалай жеттіңіз?» деп сұрақ қойды. Олардың қай-қайсысы да профессорға: «бізді ерекше мұғалима тәрбиеледі» деп жауап берді.
Бұл кезде жасөспірімдерді тәрбиелеген мейірімді мұғалиманың да көзі тірі еді. Профессор мұғалиманы күн сайын бақылап жүріп, қарт болса да әлі күнге дейін көңілді қалпын жоғалтпаған ханымнан қандай сиқырлы формула қолданатынын сұрады. Ол балаларды қараңғы әрі кедей ортадан қалай шығарып, табысты адамға айналдыра алды? Сол сәт мұғалиманың көзі мейірімнен шуақ шашып, езуіне жылы күлкі үйіріле: «Оның формуласы қарапайым. Мен балаларды шын махаббатпен жақсы көрдім» деп жауап берді.
Эрик Баттервос
Chicken Soup for the Soul («Жан дертіне арналған тауық сорпасы») кітабынан
Аударған Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ