» » » Коллекционердің сыйы

Коллекционердің сыйы

Ұлыбританиялық атақты коллекционер Дэвис Маон 16-17 ғасырдағы итальян суретшілерінің туындыларын ғұмыр бойы тірнектеп жиған. Өмірінің соңғы сәтінде құны 150 миллион долларға бағаланған картиналарын британ мұражайына табыстаған. Сол сәтте ағылшындық интеллигенция «британ мұражайы құнды коллекцияға ие болды» деп қуанған еді. Коллекция жинау – белгілі бір дүниеге қызығушылықтан туған әуестік. Біреу хобби дер, біреу әуестік дер.  Қалай дегенмен, жиған дүниең Дэвис Маон секілді тұтас ұлтқа, мемлекетке мұра болып қалса, кәнеки! 
Өзінің бар жиған коллекциясын мұражайға табыстаған қазақ коллекционерлері де жоқ емес. Соның бірі – академик Мырзатай Жолдасбеков. Өзінің ғұмыр бойы жиған 9000-ға жуық кітабын Астанадағы Ұлттық академиялық мұражайға тарту еткен. Қазір кітапханада оқырмандар үшін  «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» атты жеке зал жасақталған. Осы дәстүрді жалғастырған жазушы Әкім Тарази мен Дүкенбай Досжан да өз кітап қорын мұражайға табыстаған. Кезінде Премьер-министр болған Кәрім Мәсімов те 6000-ға тарта кітап қорын мұражайға өткізген. Оның арасында ертеректе қолмен жазылған ескі Құран нұсқасы да бар. Оған қоса, 88-ге жуық шығыс кілемдері мен 30-ға тарта қару-жарақ түрлерін табыстаған.
Коллекция жинайтын танымал азаматтардың арасында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов те бар. Кезінде Францияда арнайы шақыртумен жеке көрме өткізіп, қазақтың құнды жәдігерлерін паш еткен. Иманғали ағамыз көненің көзіндей болған қазақтың көне жәдігерлерін жинақтаған. Оның 1381 жәдігерін Ұлттық мұражайға табыстаған. Оның 1187 данасы – зергерлік әшекей бұйымдар, 47-сі ат әбзелдері, 14-і археологиялық қазбадан табылған бұйымдар, 130-ы әр түрлі сала бойынша жинақталған. Кейбір құнды жәдігерлерін сыйлас достарына сыйға тартқан екен. Өзінің бір сөзінде  «Алашаның бетіне түрлендіре өрнек салып жатқан әжемнің айшықты білезік пен жүзіктерге толы қолдары, епті қимылдары әлі күнге көз алдымда. Оның ою-өрнектердің мән-мағынасынан, асыл тастардың тылсым құпияларынан сыр шертетін әңгімелері әсемдікке деген өшпес құштарлығымды оятып, сол сезім ақыры мені қиын да қызғылықты коллекционерлік жолға салды» деп еске алыпты. 
Бүгінде ұлттық арнаның тізгінін алған саясаттанушы Ерлан Қарин де  белгілі коллекционердің қатарында.   Өзінің жиған 100-ден аса жебе оқтарын әскери-патриоттық мұражайға тарту еткен. «Қолымда тұрғанша, музейде тұрсын» деген ниетпен.  
Кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың коллекциясы осал емес. Сонау 1990-жылдардан бастап Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Айша Ғалымбаева, Павел Зальцман, Жаңатай Шарденов, Марат Бекеев, Андрей Нода, Вячеслав Люй-ко сияқты көптеген классиктер мен қазіргі заман суретшілерінің шығармаларын жинай бастаған. Бүкіл коллекциясының 99 пайызы – қазақстандық авторлар.Коллекционер  өзінің жиған картиналарын  қазақ халқының ортақ игілігіне айналдырсам дейді. Олай болса, кәсіпкердің жиған туындыларын келешекте мұражайдан көруіміз ғажап емес.   Байқасақ, елге белгілі азаматтар ұлтқа он есе ұпай әкелетін құнды жәдігерлерді жинаумен болыпты.  Ал сіз? Сіз не жинайсыз?
Құралай РАХЫМБАЙ
01 ақпан 2018 ж. 1 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031