Жүн шұлық
– Ежөк, – деді ағам түскі ұйқыдан оянып, әлі маужырап отырған маған қарап.
– Ымм.
– Шәйіңді ішіп алғасын, сарайда он шақты қап жүн бар еді. Қарасын құртшы.
– Ыы, неғылған жүн ол, – дедім басымды әрі-бері бұрып, мойын шіркінді қақырата пытырлатып жатып. Өзімше сергіген түрім еді.
– Былтырғы күзем мен көктемгі жабағы ғой. Біреу-міреу алар деп жинап едім. Қойды қырыққан соң қимайсың бір жағынан...
Тапсырма осылай тәмам болған.
– Ымм.
– Шәйіңді ішіп алғасын, сарайда он шақты қап жүн бар еді. Қарасын құртшы.
– Ыы, неғылған жүн ол, – дедім басымды әрі-бері бұрып, мойын шіркінді қақырата пытырлатып жатып. Өзімше сергіген түрім еді.
– Былтырғы күзем мен көктемгі жабағы ғой. Біреу-міреу алар деп жинап едім. Қойды қырыққан соң қимайсың бір жағынан...
Тапсырма осылай тәмам болған.
Жеңгем құйған шайды сораптап, өрік тосабына қонған қара шыбындарды қағып жіберіп, «дөхопкіге» піскен ыстық нанды малып жеген қандай жақсы. Өзім де солай отырғанмын. Қырсыққанда шыдамсыз бір шыбынның шырышты вареньеге құныққаны соншалық, сондай жылдамдықпен ұшып келіп, баспен сүңгіген. Әуелде быжылдап, бірер секундтан соң, қанат қағуға әлі келмей, тосап толы кеседе етпеттей жатып алды.
– Шыбын да асырайтын ба едіңдер?! Жеңгемді сөйлеткім келіп, қитыға сұрақ қойдым.
– Жаз болса осы ғой енді, – деді ол да қолындағы майлығымен дастархан үстін әрі-бері желпіп. – Мазаң кетті-ау, магазинде әнебір қонған күйі жабысып қалатын клей қағаз бар еді. Соны әкелмесем болмас.
– Сөйтші, – дедім түскі аста қуырған қызыл тортаның құйрығын тістелей.
Сағат бестің шәйіне қанып, бұлтиған қарынды сипалай сарайға кіргенмін. Қоқырсыған көп дүниенің ішінде не жоқ дейсің?! Бәрі бар. Керзі етік, резеңкі гәлош, жоғарыдағы жіпке асылған қол орақ пен жардағы шегеге ілінген ара. Апамнан қалған көне алаша мен киіз. Тас диірмен. Келі мен келсап. Бір бұрышта кетпен-күрек, тырма-сүймен. ИЖ-Планетаның бүкіл бөлшегі. «Матсекілдің» бензин багін аттап өтіп, қараңғы сарайға көзімді үйретіп біраз тұрдым. Тіпті, краскіден босаған қаңылтырға шалынып, ішіндегі қисық-түзуі аралас шегені де шашып алдым. Осылайша қармалап жүріп, қойдың жүні толы қаптарды біртіндеп далаға шығарғанмын.
– Қойдың жүні мен терісін ешкім алмайды осы қазір. Ауылда киіз басатын кемпір де қалмады ғой. Бере қоятын. Ағам бұрқылдай сөйлейді.
– Жеңгем ше, шұлық тоқымайтын ба еді?!
Ағам бұл сұраққа мырс етті. Қолын бір сілтеп, соңғы қапты қоларбаға сала берген.
– Жеңгеңе базардың екі жүз теңгелік нәскиі тәуір болып тұр ғой, – деді сосын.
Үйдің сыртындағы трассаның арғы бетіне қой жүні толтырылған барлық қапты тастап, кері қайттым. Бірақ, алдымнан ағам қайта шықты. Қолында шырпы.
– Өртеп жібер біржола. Жел тұрса, бүкіл жүн ұшып, жан-жақтың берекетін алады.
Ағаңды тыңдамай жын көрініп пе?! Сіріңке толы қорапты шықылдата ойнатып, жүн толы қаптарға қайта бардым. Құрғақта жатқан дүние от тисе қаулап жанбай ма? Пышырлап өртене бастады. Мұрныма күйген терінің иісі келе берді. Былайырақ барып, өртенген жүнге қараймын. Қараймын да қазақы ауылдың бұрынғы тіршілігін елестетемін.
Сары апам болса ғой, осы жүннен бәрін тоқитын. Шұлық. Свитер. Киіз басатын. Алаша жіп есетін. Тіпті бар ғой, келіндерін өз статусымен отырғызып, тулақ толы жүнді сабататын. Қолына қос сабауды алып, апамнан кейін екі сөзінің бірі "шешей, мынаны естідің бе?" деп басталатын Ұрымхан отырар еді. Одан соң Елеместің Гүлбарамы, сосын Далидың Аққияшы, сәл кейінірек Орынбасар көкемнің үйіндегі Алтынгүл, ең соңында Үрімшә келін. Берірек түскен кіші келіннің бәрі қазан асып, сүт көже қайнататын. Білмеймін, неге екенін, киіз басатын үйде үнемі сүт көже асылып, ортасына қолдың майы салынатын. Сондай мереке еді. Бала біткен әжеңнің етегіне орала, ортасына май салған табақ толы көжені жеуге кірісер ең. Жоға, кіріспес бұрын, ортадағы майдан бері қарай қасықпен сызып, көже бетіне арық жасайсың. Еріген май сызықпен сенің дәл алдыңа қарай ағады. Азанғы піскен күбіден шығып, айраннан айырған сары май алдыңа келгенде, ыстық күріш көжеге араластыра былғай бер. Былғап біттің бе?! Енді ауызға атып ұр. Ей, тоқта, үрлеп суытсаңшы. Талай қомағайлықпен қасықты толтыра асап, ыстық көже аузыңды күйдіргенде, көзіңнен жас парлай теріс айнала беретінің кәне?! Тәтті естелік еді ғой бұның бәрі.
Осы жүннен бар ғой, бала мысықпен алыса отырып, ұршықпен жіп иірген апам үйдегілерден бөлек, қаладағы ұл-қызға жүн шұлық тоқитын еді-ау. Үйдегі ұлдарға қара қойдың жүні жарай береді ғой. Келін мен қаладағы қыздарына аппақ жүннен шұлық тоқып, салып жіберетін. Тіпті, өкшесін ойып тастасам да, "балам-ай, табаныңда шеге бар шығар сенің" деп күле отырып, кеткен жерін қайта сөгіп, қайта тоқитын. Сары апам кеткелі қой жүні біз үшін қадірсіз болып қалғаны ма?!
Тоғыз қабат торқадан тоқтышағының терісін артық көретін бұрынғы қазақты армандап отырғанымда манағы жүн де өртеніп бітті. Өртенген жүннің түтінімен жетектесе шыққан жүн шұлық жайлы жылы естелік табанымды қыздыра берді...
Ержан ҚОЖАС