Дархан Қыдырәлі: «Егеменнің» ғасырлық тойына 10 томдық тарту жасамақпыз
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Егемен Қазақстан» газетінің 1919 жылдан бергі барлық нөмірлерін сканерлеп, электронды форматқа көшіру жұмыстарын аяқталуға жақын. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте газет басшысы Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.
"Сол сияқты 1919-2019 жылдар аралығында газетте жарық көрген таңдаулы мақалалардың 10 томдық жинағын әзірлеу ісі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, "Егемен Қазақстан" акционерлік қоғамының ішкі құжат айналымын автоматтандырып, өндірістік-шығармашылық үдерісін электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек сайтымыздың сапасын арттыру жұмыстары жалғаса беретін болады. Осы мақсатта үш тілде мультимедиалық (видео репортаждар, видео сұқбаттар әзірлеу) контентті орналастыру жоспарлануда. Қазақ тілді аудиторияның елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікірін білу әрі оқырмандармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында республикалық масштабта кәсіби әлеуметтанушыларды тарта отырып, телефон, интервью және интернет құралдары көмегімен кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу де қолға алынатын болады", дейді Дархан Қыдырəлі.
Мұнан бөлек, еліміздің бас газеті əлемдік деңгейдегі ірі ақпарат құралдарымен әріптестік байланыс орнату мақсатындағы келіссөздер жалғасып жатқандығын айтты.
"Біз 2017 жылы Жапонияның, Қытайдың, АҚШ пен Еуропаның, Иранның, Түркияның және Араб Әмірліктерінің белді басылымдарында болып, олардың тәжірибелерімен таныстық. Өзара ақпарат алмасу, тәжірибе жетілдіру бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқыладық (Асахи Шимбун, ИРНА, Нью-Йорк таймс, Миллиет және т.б). Осы келіссөздер сәтімен аяқталса, авторлық құқық алу арқылы аталған шетел басылымдарының маңызды сараптамалық материалдарын «Егемен» оқырмандары да оқитын күн таяу деп ойлаймыз" - дейді Дархан Қыдырәлі.