» » » ҚОРҚАҚ НЕ ЖАРАЛЫ БОЛАДЫ, НЕ ЖАЗАСЫН ТАРТАДЫ

ҚОРҚАҚ НЕ ЖАРАЛЫ БОЛАДЫ, НЕ ЖАЗАСЫН ТАРТАДЫ

Әліби ҚАЛИЛА, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Біздің анықтама: Әлем спортының көкжиегінде тағы бір талантты спортшы бой көрсетіп келеді. Ол – Шиелі ауданында дүниеге келген Әліби Қалила. Әмбебап жекпе-жектен Қазақстан құрама командасының мүшесі. Бапкері – Олжас Әкімов. Жақында бапкері мен шәкірті тағы бір қуанышқа кенелді. Ендеше облысқа олжамен оралған Әлібиді аз кем әңгімеге тарттық.
– Жуырда Ресейдің Медынь қаласында ересектер арасында әмбебап жекпе-жектен өткен әлем чемпионатынан табысты оралғаныңды білеміз. Айтулы аламанды тарқатып айтсаң?
– Әлемнің 31 елінен кіл мықтылар қатысқан дүбірлі додада еліміздің спортшылары 8 жүлдеге ие болды. Бұл – үлкен жетістік. Өзім 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түстім. 60 келі жеңіл салмақ болғандықтан сайысқа түсетін спортшылардың саны едәуір көп болады, әрі бәсекелестік те жоғары. Аламандағы алғашқы қарсыласым Иемен елінің саңлағы болды. Екеуара тартыста бәсім жоғары болып, келесі кезеңге өттім. Одан кейін, Тәжікстан, жартылай финалда Қырғызстанның өрендерін ұттым. Ақтық сында жарыс қожайыны ресейлікпен жол түйісті. Бірақ «ауылға алтын алып барамын» деген мақсат орындалмады. Сонымен қатар аймақ абыройын арттыруға аттанған достарым да  жүлделі орыннан көрінді. Мысалы, спорт шеберіне үміткер Нұршат Аманқосов (75 келі) және спорт шебері, аралдық Әліби Болатұлы (80 келі) сынға түсіп, күміс жүлделерді иеленді. Айтулы сайыста Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте Ресейден кейінгі екінші сатыға жайғастық.
– Жалпы, өткен жыл сен үшін олжалы болды ғой?
– Өткен жылға өкпе жоқ. Азия және әлем чемпионатына қатыстым. Жай қатысып қана қоймай, ел қоржынына алтын және күміс жүлде сыйладым. Барлығына еңбегіміздің, төккен теріміз бен бапкерім Олжас Әкімовтың айтқан ақылының арқасында жеттім.
– Әліби, көбісі әмбебап жекпе-жектің атауын естігенімен шартын түсіне бермейді. Аталмыш спорт түрінің ережесін айта кетсең?
– Әмбебап жекпе-жек спорттың әскери құрылымдық түрі болып табылады. Бұл спорттың өзгелерінен ерекшелігі түрлі сынақтардан тұрады. Спортшылар кедергіден өту, ату, пышақ лақтыру және 4 раундтан тұратын әртүрлі күрес түрлерінен бақ сынасады. Осындай кезеңдерді кедергісіз өтсеңіз ғана жеңіс бұйырады.
– Әмбебап жекпе-жекке  келуіңе не түрткі болды?
– Спорт – адамның тұлға ретінде қалыптасуына, мінезінің мығым әрі берік болуына әсер ететін дүние. Бала күнімнен спортты жаныма серік еттім. Спорт тәртіпке бағындырады. Спортпен айналысып, оған адал болу – әркімнің еншісіне бұйыра бермейді. Оған қаншалықты адал болсаң, сол адалдығың еселеп өзіңе қайтады. Көбіне шығыс жекпе-жектеріне қызықтым. Алдымен кикбоксқа келдім. Бірер жыл жаттығып, әмбебап жекпе-жекке бет бұрдым. Білікті бапкер Олжас Әкімов баулып, жетілдірді. Қазір ол – бас бапкерім. Бапкеріммен бірлесе отырып, алға қойған мақсаттарымыз жүзеге асып келеді.
– Спорттың осы түрінен  ішкі бәсекелестік қандай? Өзіңе қай спортшыны лайықты қарсылас деп айта аласың?
– Ішкі бәсекелестік барлық салмақта өте жоғары. Кез келген спортшы халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғауға дайын. «Қалпақпен ұрып алам» дейтін саңлақ жоқ. Әрқайсысы лайықты қарсылас бола алады.
– Өзіңді әлі қай жағынан жетілдіре түсу керек деп ойлайсың?
– Көбіне спортшыларға физикалық күш жетіспей жатады. Бәлкім менде сол спортшылардың қатарынан шығармын. Дегенмен оның барлығы жаттығу барысында қалыпқа келеді. Сондықтан нақты осал тұсымды айта алмаймын.
– Әмбебап жекпе-жекпен шұғылданатындар қалай жаттығады екен? Бір күндік жаттығуың қалай өтеді?
– Спортшының жаттығуы күнделікті адамның атқаратын қызметі секілді. Дүйсенбі мен жұма аралығында екі мезгіл, сенбі күні бір мезгіл жаттығамыз. Жексенбі – демалыс күні. Әр жаттығуымыз 2 сағатқа созылады. Таңертең физикалық жаттығуға көңіл бөлеміз, кешкі жаттығуда бапкерімнен  тактикалық тұрғыда білім аламын. Кейде күніне үш мезгіл жаттығатын сәттер де болады. Бұл маған ең бірінші сенімділік береді. Егер қарсыласыңнан көп жаттықсаң, сен оны міндетті түрде жеңесің. Еңбек еш кетпейтініне осы күнге дейін көзім жетіп келеді.
– Сіздің пікіріңізше, елімізде әмбебап жекпе-жектің деңгейі қай дәрежеде?
– 2010 жылы өз жұмысын бастаған спорттың бұл түрі балалар мен жастардың спортқа тартылуына өте күшті ықпал етіп келеді. Оның үстіне әмбебап жекпе-жек спортшылары өз жеңістерімен Отанымыздың беделін халықаралық деңгейде арттыруда. Бұл ретте федерацияның қарқынды да жемісті жұмысын атап өткен жөн. Бүгінде 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларында жас ерекшеліктері бойынша әмбебап жекпе-жекпен шұғылданушылардың және жаттықтырушылардың саны едәуір артқан. Сондай-ақ әлем және Азия чемпионатында ел қоржыны жүлдесіз қайтқан емес. 
– Мансабыңдағы ең жарқын жеңісің қайсы?
– 2017 жылы Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өткен Азия чемпионатының алтын жүлдесі мен үшін биік. Сол уақытқа дейін Азияны ауыздықтауға сәттілік жетіспей жүрді. Бір жағынан жігер сыйлаған жарыстың өтуі де ерекше болды.
– Қазір спортта рух пен намыс жетіспейтін секілді көрінбей ме саған?
 – Рух пен намыс ұрпаққа қанмен дариды. Яғни рухсыз адамнан мықты спортшы шықпайды. Сондықтан ондай адамдарға спортқа келудің қажеті шамалы-ақ. Бір айтарым намыс бар жерде ғана жеңіс болады.
– Әлібидің өмірлік ұстанымын білсек...
– Өмірге адам болып келген соң адами қалыптан ауытқымай, пендешілікке салынбай, парасат тұрғысынан пайымдай білетін, жігітке лайық жалын иесі болу – негізгі ұстанымым. Әрине, жоспар көп, аламанда атой салатындай спорттық бапты берік ұстап, ел еншісіне бағалы жүлделер салуға тырысамын. Сондай-ақ әлем біріншілігін бағындырсам деймін. Сол сәтті күндерге жетсем деген ой жадымнан шықпайды.
– Соңғы сұрақ. Қорқып қалу деген жаңсақ сезім тұсаулап, күткендегіден кері кеткен кезіңіз бар ма?
– Қорқақ не жаралы болады, не жазасын тартады. Тағдыр таразыға түскенде ештеңеден тартынбау керек. Секем сенімді жояды. Сенімсіз іс жарға жығады. Міне, соның зардабынан олқылық орын алады. Мен үшін спортта күш атасын танымас деген сенім – байыпты байлам.
Әңгімелескен:
Ерасыл ШӘРІБЕК
15 ақпан 2018 ж. 878 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031