» » » ЕКІНІҢ БІРІ ТЕАТР АКТЕРІ БОЛА АЛМАЙДЫ

ЕКІНІҢ БІРІ ТЕАТР АКТЕРІ БОЛА АЛМАЙДЫ

Санат Жүзбай, актер:
 Біздің анықтама:
Санат Жүзбай 1992 жылы 17 қыркүйекте дүниеге келген. Қызылорда қаласының тумасы. №149 орта мектептің түлегі. Ұстазы – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Рахлиям Машурова. Санат аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың арнайы шақыртуымен облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрға қызметке келген. Ол 7 айдың ішінде көптеген рөлді сомдаған. Қазіргі таңда «Қозы көрпеш – Баян сұлу» қойылымындағы Қозының рөліне дайындық жүргізуде. Санат Жүзбай Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрының артисі.

    – Театр сахнасы – киелі. Өнердің осы күрделі де, қызық саласы күн санап дамуда. Актерлік шеберлікке қызығушылығы мол жастар саны күн санап артып келеді. Болашақ актерге қандай кеңес бересіз?
     – Актер – адам, актер – тұлға. Актерды тұлға жасайтын – еңбегі. Актер қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қоғамдағы мәселелер санаға ой, жүрекке салмақ салады. Ол – ақиқат. Театр маманы Байсеркеновтың «сахнадағы тіл мәдениеті әлі күнге өрге баспай келеді. Жалаң декламация, жалған пафос, құрғақ баяндау көз аштырмайтын болды. Сахнадан сөйлеген сылдыр сөзден көрермен мезі болып бітті. Асығып-аптығып, сөзінің аяғын жұтып жұлмалап, жұлқып сөйлеген жаралы сөздерді естігенде, жаның жабырқайды. Жалаулаған жасық сөздің жаныңа батқаны сондай – жадап-жүдеп, күйзелмеске шараң жоқ», – дейді. Міне, актер болғысы келген жас алдымен сөз мәдениетін жетік білуі тиіс. Себебі актердің сахнадағы басты қаруы – сөз.
 Талант та – сарқылмалы дүние. Ол сарқылмас үшін көп еңбек ету керек. Актер болам деген жас көп ізденіп, көп оқу қажет. Ал образ жасау үшін актер ойлылықты, өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгеруді қажет етеді. Актер ғылымға жақын. Неге?
      – Егер актер өз рөліне сенбесе, онда ол көрерменді де сендіре алмайды. Актер – артист. Сахнада барлық саланың мамандығын қамтиды. Оны түбегейлі зерттейді. Сахнада сомдаған рөл көрерменге ерекше әсер беру қажет. Негізінен актер – ғылымға жақын. Себебі, бейнені толық зерттемей, толымды образ шықпайды. Ыңғайлы рөлдер болады. Бірақ енді сондай кейіпкер қашан бұйырады екен деп күтіп жүре алмайсың. Бір рөлді жиырма жыл бойы ойнау актерге оңай соқпайды. Яғни кәсібилігіңді бір деңгейде ұстап тұру өте қиын. Алғашқы, бірінші, екінші, үшінші премьерада ол халықтың қошеметтеуімен өз рөлін алып шығар. Ал төртінші қойылымнан бастап артист барлық күшін жұмсайды. Дәл сол тұста оның кәсіби деңгейі көрінеді. Сондай адамды шын мәніндегі актер дейміз.


– Шукшинның: «Рембрандтай суретші, Чаплиндей актер бола алмас едім» деген сөзі бар. Бұнда бір шындық үйлескен! «Актер деген кім? Оның өнерде алатын орны қандай?
    – Евгений Миронов: «Актер бір-ақ сұраққа жауап беру керек. Мен ойнағанда не туралы айтып тұрғанымды білуім қажет», - дейді. Актер – өз тағдырын емес, өзгенің болмысын сомдайтын және біреудің жақсылығын да, жамандығын да жүрегіне тоғытып, халыққа жеткуші. Актер дегеніміз латын тілінен аударғанда орындаушы деген мағына береді. Яғни сахнада кез келген кейіпкердің рөлін сомдайды. Ол қарақшы болсын, ұрлықшы болсын, басты талап – образдан шыға білу. Екінің бірі театр актері бола алмайды. Себебі театр ішкі жинақылық, дайындық, ізденісті қажет етеді. Кино актері мен театр актерінің айырмашылығы жер мен көктей. Кез келген адам камераның алдында жұмыс істей алады.
   – Актердің өзі сомдаған кейіпкердің рөлінен шыға алмай қалатын сәттері бола ма?
    – Иә, дұрыс айтасыз. Ондай сәттер актерлерде жиі кездеседі. Образға кіріп кетіп, кейін одан шыға алмай жүреді. Дегенмен өмір мен өнерді салыстыруға болмайды.
      – Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық театрында Баянғали Әлімжановтың «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір» комедиясында басты рөлді сомдадыңыз. Сіздіңше, жастардың спектакьлге деген көзқарасы қандай? Жастар теартрға бармайды деген пікір жиі айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?
       – Ол қойылым жастар труппасының қатысуымен өтті. Спектакль жас көрермендердің жүрегіне жол тапты. Меніңше, жастардың спектакьлге деген көзқарасы жақсы. Әр қойылымнан кейін жағымды пікірлер түседі. Өздерінің ойларын айтып, ризашылықтарын білдіреді. Жастардың театрға бармауы жиі сөз болады. Мысалы, көшеде көп жас шоғырланып тұр делік. Сіз соларға кинотеатрдың және театрдың билетін ұсындыңыз. Қайсысын алады? Сөзсіз кинотеатрдың билетін тандайды. Жастарды кінәләғанымыз орынсыз. Сахнадағы қойылымды бір көрген адам, қайта келуге асығады. Сондықтан алдымен театрға адам жинап, өнерімізді көрсету керек. Қойылымды тамашалағандар келесі қойылымды асыға күтеді.

  • – Бір рөлді сомдауға қанша уақыт жұмсайсыз?
  • Ол қойылымның дайындығына байланысты. Рас, ізденуіне біраз уақыт кетеді. Қойылымға деген ізденіс қаншалықты көп болса, рөлдің жақсы шығуына септігін тигізері анық. Өзіме берілген рөлден жақсы нәтиже шығу үшін, жұмыс аяқталғаннан кейін де дайындаламын. Образдан шығуға тырысамын.
     – Бауыржан Момышұлы «Өзіне өзі сынмен қарау оңай іс емес» депті. Сынды қалай қабылдайсыз?
  • Сынға қарсы емеспін. Егер орынды болса, қабылдаймын. Айтылған сын арқылы өзімді түзеуге, келесіде ол қателікті қайталамауға тырысамын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сол сынды кімнің айтқанына аса мән беремін. Мақтаудан көрі сынды жақын қабылдаймын.
   – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегісіз. Біршама сахналарда өнер көрсеттіңіз. Осы тұста «Әттеген-ай, мына рөлде былай істеуім керек еді» деген сәтіңіз болды ма?
  • Білім ордасында жүрген шақта көптеген рөлдерді сомдадым. Қатты қатысқым келген қойылым болды. Уильям Шекспир – ағылшынның ұлы драматургы әрі ақыны, 12 трагедия, 16 комедия, 6 тарихи хроника жазып кеткен. Оның пьесалары әлемнің барлық тілдеріне аударылып, өзге авторларға қарағанда ең көп қойылады. Соның «Гамлет» қойылымындағы корольдің рөлін сомдағым келген. Болашақта  арманымның орындалатынына үмітім зор.
    – Егер киноға түсуге шақырту түссе, сахнадан кетер ме едіңіз?
  •      – Театр мен үшін бірінші орында. Алғашқы ұстазым Рахлиям Машурова«Актер нағыз өнер адамы болғысы келсе, театрдан өседі. Кез келген актер өсу процесін театрдан бастайды. Театр ол үлкен мектеп» деген болатын. Жұмысқа алғаш келген күні қазақфильмнен хабарласып, тарихи фильмге түсуге шақырды. Бас тарттым. Сериалға түсуге де шақырту келді, одан да бас тарттым. Мен театр сахнасынан ұзап кете алмаймын.
    – «Актер болу үшін «Абай жолын» оқу керек» деген пікірмен келісесіз бе?
  • Толық келісемін. Актер үшін тіл байлығы аса қажет. Оның ішінде қазақтың барлық сөздік қоры бар. Абай жолын оқыған адам биік шыңдарды бағындырады. Актер үшін аталмыш кітапты оқу маңызды.
    – Ұйымдасқан қылмыс, сыбайлас жемқорлық белең алған бүгінгі заманда келеңсіз нәрсе көп. Қоғамға қатысты қандай мәселе сізді алаңдатады?
     – Бәріміздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – ­ Тәуелсіз Қазақстан. Осы мемлекеттің азаматы ретінде кез келген мәселеге алаңдаймын. Өйткені отбасыны шағын мемлекет десек, оның дамуы да ел дамуымен тығыз байланысты. Мен үшін ең маңызды мәселе – елімнің аман, жұртымның тыныш болғаны. Қоғамда алға ілгерілеу болса, әрбіріміздің ісіміз оңға басатыны белгілі. Сондықтан еліміздің дамудың даңғыл жолымен жүргені әрбіріміз үшін маңызды.
    – Әншілік өнеріңізді де байқадық. «АДС» тобының мүшесісіз. Топтың атауы қандай мағына береді? Топтың «Қызылорда қыздары» әні көпшілікке мәлім. Тіпті әлеуметтік желіде көп тындалатын әннің қатарында. Тыңдарманды тағы қандай әндермен қуантпақсыздар? Әнге клип түсіру жоспарда бар ма?
  • Топ құрамында Асқар Оразалиев, Данияр Сабыров деген әріптестерім бар. АДС топ құрамындағы жігіттердің есімінің бас әріптерінен құралған. Әннің хит болғанын біз де аңғардық. Әрине қуаныштымыз. Көп адамдар хабарласып та, келіп те алғыс білдіруде. Бұл ән соншалықты хит болады деп ойламаппыз. Германия, Россия, Қырғызстандағы қазақтар, ауыл-аймақтағы жастар ризашылығын білдіруде. Біздің авторлығымызда тағы екі ән бар. Болашақта оны да тыңдайсыздар, және де клип түсіру жоспарда бар. Оны уақыт еншісіне қалдырайық.
   – Адамның қандай қасиетін бағалайсыз?
     – Адамның жақсы қасиеттерінің бірі – қарапайымдылық. Қарапайымдылық – өзіңнің адамдық қадір-қасиетіңді түсіну. Қарапайым адам өзінің қабілеттері мен қасиеттерін дұрыс бағалайды, әрі мұндай адам атаққұмарлықтан аулақ. Көкірек көтеріп, менменсіп бөсудің орнына, қарапайым адам өзінің мүмкіндігін әрқашан дұрыс бағалай біледі. Сондықтан мұндай адам өзгелерді сыйлайды, әрі олардың көңіліне қарап, көзқарасымен санасады. Болашақ жарымның да қарапайым отбасынан шыққандығына мән берер едім. (күліп)
    – Күнделік, қойын дәптеріңіз бар ма?
  • – Әрине күнделік жазудың пайдасы көп. Мен өмірімдегі қызықты сәттерді түртіп аламын. Арнайы қойын дәптерім, қаламсабым жүреді. Дегенмен күнде жаза бермеймін. Күнделік шығармашылық қабілетіңді шыңдайды. Белгілі психолог Шон Ачор психологиялық түрде төзімділік күн сайын қысымнан арылып тұрған кезде нығая түседі» деген сөзі бар. Ойыңызды қағаз бетіне түсіру арқылы артық ойдан арыласыз. Өз-өзіңізді қолға алып, сабыр сақтауды үйренесіз.
  •    – Әлеуметтік желіде белсендісіз. Бос уақытыңызды қайда жұмсайсыз?
    – Әлеуметтік желіде белсеңдісіз деген сөзіңізге толықтай қосыламын. Дегенмен әлеуметтік желімдегі парақшамды бәз біреулер секілді жарнамаға арнамаймын. "Іnstagram"-арқылы алыста жүрген достарымның күнделікті тіршілігінен хабардар боламын. Әр желінің өзінің жақсы тұстары бар деп санаймын. Мәселен, "вконтакті" қалаған музыкаңды тыңдаудың ең тиімді құралы. Facebook – ақпарат алудың ең жылдам түрі.
   – Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Ойып алуға:
Театр – менің өмірім
Кино мен театрдың арасы жер мен көктей, неге десеңіз кинода сәтсіз түскен көрністерді алып тастап, ыңғайлап қайта түсіріп, монтаждауға болады, ал театрда нысананы бір-ақ рет көздейсің: «тисе терекке, тимесе бұтаққа», театр өмірі сонысымен қызықты. Мен театрдан ешқашан алшақтамаймын. Театр – менің өмірім.


02 наурыз 2018 ж. 2 275 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031