» » » КӨРЕРМЕН САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ

КӨРЕРМЕН САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ

 Серік Жаңабаев,
Арал ауданы, Аманөткел мәдениет үйінің директоры:
     Халық театры дегенде «әйтеуір, сөзін жаттап айта салады, бір-екі детальмен сахнаға шығады» деген ой келетіні жасырын емес. Бірақ Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылдығына арналған «Қаламы қарымды Қалтай» атты халық театры мен драма ұжымының облыстық байқауы бұл ойды түбегейлі өзгертті. Тарқатып айтар болсақ, байқауда жалпы 11 халық театры және 1 драма ұжымы бақ сынады. Ішінен Арал ауданы,  Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің халық театры елден ерек шықты. Олар сахнада «Біз періште емеспіз» драмасын сомдады. Актер шеберлігін аңғардық, бұл бір. Режиссер жұмысы көрініп-ақ тұр, ізденіп, тарихты парақтаған, әдемі суреттеген. Ал декорациясы керемет. Үлкен театрларда да бұндай декорация қойылмайды.  Жалпы, актердің сахнада сөйлеуі міндетті емес. «Сөзсіз ойнаған актер керемет актер» деседі бәзбіреулер. 4 сынып оқушысы, Төлебай баласының образын көріп, келіспеуге лаж қалмады.
Бұл күні актердің жан дүниесін сезініп, спектакльден ләззат алдық.  Аудандық мәдениет үйінің директоры Серік Жаңабаймен әңгімелестік. Меніңше ол образын жоғары дәрежеде сомдады, бастысы халық көңілінен шықты. Осылайша театр бас жүлдені иемденді. Серік Арал ауданы, Аманөткел ауылында туған. Мамандығы – инженер құрылысшы.
Жалпы актер дегенді қалай түсінесіз? Бүгінгі актерге көңіліңіз тола ма?
– Актер –  өнер адамы. Оның орны сахна. Ол сахнадан ғана көрінуі тиіс. Киелі сахнаның құтын қашырып жүргендер бар. Олар ән айтып, би билеп қосымша табыс табады. Менің қазіргі жас актерлерге қарап, қарным ашады, көңілім толмайды. Күнкөріс дейді де, жылтыңдап, әкім-қараларды немесе ауқаттырақ адамдардың есігін жағалап, той аңдып жүр.
– «Агроном көп, актер аз» дейді. Осыған келісесіз бе?
– Жоқ. Себебі қазіргі таңда агроном емес, актер көбейді. Жастар жұлдыз ауруына шалдықты. Өзін биік санап, сахнадан көрінуге әуес болды. Ол образды аша алды ма, жоқ па мән беріп жатқан жан жоқ.
– Байқаймын, актерлерге көңіліңіз толмайтын сыңайлы...
 – Талант деген сөзге мән бермей келеміз. Адам өзінің қай іске бейім, таланты бар,соған баруы тиіс емес пе?
– Талант бір пайыз, еңбек 99 пайыз болу керек дегенге қалай қарайсыз?
– Талант адамның тек туа біткен, генетикалық ерекшелігінің немесе дарынының нәтижелері ғана емес. Ғалымдар А.Мещеряков пен И.Соколянский жүргізген зерттеу нәтижесінде әрбір қалыпты адамның бойында туа біткен қандай да бір талант нышаны болады, ал оның даму дәрежесі түгелдей дерлік адамның алатын тәрбиесіне байланысты деген тұжырымға келді.Талант қашан да еңбектенеді. Талантпын деп шалқасынан түсіп жатса, кім береді. Еңбектенудің өзі талант. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» дейді. Міне, мұнын бәрі талантқа байланысты. Бармақтай бағы да, талабы да талант. Қай салада, қандай жағдайда болмасын, талантты адам бәрібір дегеніне жетпей тоқтамайды.
Театрға байланысты тағы қандай жайлар толғандырады?
– Актер Асанәлі Әшімов «болмысы әжуаз, айтары шамалы пьесалардың сахнада қойылуын құптамаймын. Олардың есесіне байырғы классикалық туындылардың тұрақты түрде көрсетіліп тұруын ескеру керек» деген сөзіне алып-қосарым жоқ. Актер режиссердің ығынан шыға алмайды. Жастарда жастық жалын байқалмайды.
     – Әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық алу өнердің шынайы бағалануынан гөрі жан алысып, жан беріскен додаға айналып бара жатқан жоқ па?
    – Марапат адамды өсіреді. Оны биік белеске шығарады, жігерленіп, жұмыс істеуге септігін тигізеді. Егер жұмысы еленіп, биіктен көрінсе қарсылығым жоқ. Дегенмен кей сәттері әттеген-ай дейсің. Себебі марапат екінің біріне табысталатын болды. Тіпті көзге көрінген еңбегі де жоқ. Сосын бармағыңды тістейсің...
– Бүгінгінің биігінен өзіңізге есеп беріп көрсеңіз, не нәрсеге қанағаттанар едіңіз? Не істеуге үлгермеген секілдісіз?
 – Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқаныма қанағаттанамын. Басты қуанышым сол. Өкінген сәттерім болмады. Алла тағала өмір берсе, бәріне үлгереміз деген ойдамын.
– Адам бойындағы қандай қасиетті жаратпайсыз?
Өнер шыңына шықтым деп ойлайсыз ба?
– Адаммен араласқанда түріне емес, мінезіне қараймын. Өтірік айтқанды, кешігіп жүргенді, сөзінен тайсақтағанды ұнатпаймын. Қыздардың етегі қысқарып барады. Ол да көңілімнен шықпайды. Қолымнан келсе, осыларды түзетер едім.
      – Қандай рөлдерді сомдадыңыз? Шіркін-ай, қайта ойнар болсам, мүлдем басқаша ойнар едім деп өкінішті іште жүрген рөлініз бар ма?
        –  «Кім менің әкем» деген қойылымда Думанның рөлін қайтара ойнасам өзгеше шығар еді.  «Әттең, қысқа өмір-ай» да ойнадым. Одан өзге 5-6 рөлді сомдадым. Шетелге сатылып жатқан жетім балалардың тағдыры  жөнінде «Тулақ» деген спектакль жаздым. «Ең үздік минусовка жасаушы» номинациясын иемдендік. «Құдірет пен Қасіретті» оқып, қойылымға айналдырдым. Нәтижесінде  облыстық байқаудан бас жүлде алдық.
   Көрерменге көңіліңіз тола ма?
– Спектакльді қалдырмай тамашалайтын көрермен саусақпен санарлық. Оларға алғысым шексіз. Сахнада ойнап жатқанда, сені тамашалайтын көп көрермен болса, көңілің марқайып қалар еді...
    – Абай айтқан ғой, мінімді санасаң жетіп артылады деп... Адам өзінің қабілетін де, шамасын да біледі, ал кемшілігін соншалықты біле ала ма?
– Крыловтың ертегісіндей ісіп-кеуіп, әлін білмеген әлек болып жүрсе, ол басқа. Кемшілігіңді мойындамасаң – ол одан да масқара. Егер бетпақ болсаң, дұрыс жасамағаныңды біліп тұрып, мойындамасаң, сорақылық сол емес пе?!
– Байқауда «Біз періште емеспіз» драмасын таңдауға не түрткі болды?
   – Спектакль «Менің дертім» деген атпен жазылған. Тоталитарлық заманда жарыққа шығуына тосқауыл қойылған. 17 жыл Қалтай ағаның тартпасында жатқан. Желтоқсан оқиғасынан кейін жарыққа шықты, алайда қойылуға рұқсат етпеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін репрессияны көрсетуге мүмкіндік бар. Спектакльде өзекті мәселе көтерілген.
Дайындыққа қанша уақыт кетті?
– Екі ай дайындалдық. Қалтайдың шығармасынан деп арнайы тапсырма берді. 14 театр жазылған, оның 12-сі қатысты. Қалтайдың аудармасын да қою керек еді. Біз тек драмамен шектелдік. Көбісінің тоқырап жатқанының себебі сол.
Актер өзі сомдаған образдан шыға алмайтын сәттер болады дейді, келісесіз бе? Образын сәтті алып шығу үшін не істеуге болады?
– Иә, толықтай келісемін. Ондай сәттер кездеседі. Ол да бір қысқа мерзімді ауру. Тіпті ұйықтасаң түсіне кіреді. Сол адам сияқты болуға беріліп кетеді екенсің. Образды әбден зерттеу керек. Кім екенін, оның мақсатын, прототиптерін іздеу керек. Бір-екі оқып, жаттап алғаннан нәтиже шықпайды. Көрерменге қате бірден байқалады. Актердің образдан шықпағаны – дайындықтың аздығынан.
Жастар театрға бармайды деп жиі айтылады. Оларды театрға қызықтыру үшін не істеуге болады?
– Жалпы театр ғана емес, жастар кітаптың да бетін ашпайды. Кітап оқымаған адам, театр іздейді деу әбестік болар.
Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
Жоспар көп. Кезең-кезеңімен орындалады. Десе де мәдениет саласына аз қаржы бөлінеді. Ойлаған істі қолдың қысқалығы бұзады. Іс-шараға қаражат бөлінбейді. Өз қалтамыздан шығарамыз. 1993 жылы Мәдениет үйінің директоры қызметіне келдім. Театрда екі штат бар. Бірі режиссер және суретші. Қалған өнерпазды халық арасынан іріктейміз. Әзіл-сықақ театрын құрдық. Аттестациялық байқауда  халық театры атағын беруге министрлік шешім қабылдады. Бұрынғы аудан әкімі Абзал Мұхимов кепілдік хат берді. Қорғаған жағдайда екі штатқа қаражат бөлетінін айтты. Қорғадық, министрдің бұйрығы қолымызда. Бюджеттік өтінім тапсырдық, десе де қаражат әлі бөлінбеді. 2016 жылдан бері әзіл-сықақ театрының  штатын берген жоқ.
   – Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы балаларына «Атақтың азабы қатты,  әлі атақтың азабын татарсыңдар»! депті. Сол «атақтың азабы» дегенді сіз қалай түсінесіз?
– Баукеңнің батыр атағына қосып, философ деген атақ берсе артық болмайтын сияқты. Себебі ол кісінің сөйлеген сөзінің астарында философиялық ой бар. Атақ ол жауапкершілік. Өзіңе берілген іске мұқият болған жөн. Себебі актер сахнада істеген ісін, айтқан сөзін түзете алмайды.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
12 шілде 2018 ж. 998 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031