» » » АСТАНАҒА, ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМА – 20 ЖЫЛ

АСТАНАҒА, ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМА – 20 ЖЫЛ

Досымжан ТАҢАТАРОВ, әнші:
    Досымжан Таңатаров ең әуелі 2000 жылы Астанада Жамбылдың «Отаным десем...» дейтін жырын халық мақанымен «Отаным десем ойыма, Шалқыған шалқар көл түсер, Көк жиегі балқұрақ, Көкорай шалғын жер түсер» деп шырқады. «Бұл әнді айтқанда көз алдымда Сарыарқаның самалы, жұпар иісті сары даласы тербеліп тұрады» дейді әнші. Араға уақыт салып, 2008 жылы қаланың 10 жылдық мерейтойына арнап жеке концерт берді. Осы үрдіс 2014 жылы жалғасып, «Отаным десем...» деген атпен шығармашылық кешін өткізді. Өнері көпке белгілі дарын иесімен Қызылордаға келгенінде әңгімелесудің сәті түсті.
Қызылордаға қош келдіңіз!
Рақмет. Қош көрдік! Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Ән мен Әнші. Ұлы Дала Астаналарында» жобасымен Сыр өңіріне атбасын тіредік. Қызылорданың ерекшелігі көп.  Қызылорда қонақжайлығымен және қазақылығынан ажырамаған мекен ретінде ұнайды.  Қаймағы бұзылмаған құт мекен деп танимын. Ұлтқа, елге, жерге деген құрметі қуантады.  
«Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» дейді. Сіз өнер мектебінде білім алмадыңыз. Сіздегі дарын талантыңыздың арқасы. Жалпы, өнер жолын таңдауға не түрткі болды?
Мен қарапайым отбасынан шықтым. Ата-анам төрт ұл, үш қыз тәрбиеледі. Мен – үйдің кенжесімін. Әкем қойшы болатын. Ол кісімен бірге  өріске баратынмын, кең далада көсіліп ән шырқаймын. Болашақта сахнада ән айтқым келді. Мамандық таңдар сәтте әкем инженер болғанымды қалады. Әке сөзі орындалу керек қой. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс инс­титутына оқуға түстім.
  – Инженер мамандығында білім алдыңыз, бірақ өнер жолындасыз...
2000 жылы Президент оркестріне келдім.Осы жыл мені елге танытты. Алғаш Нұрлан Өнербев ағамыздың концертінде үлкен сахнаға шықтым. Сол кездегі жүрек толғанысы ерекше болатын. Клара Төленбаева, Эльмира Жаңабергенова, Әсел Мадекешова, Медет Салықов, Ардақ Балажанова, Аллажар Қайбар сынды талантты қыз-жігіттермен өнердің ащы да тұшы сәттерін бірге көрдік. Ән шырқап, халық көңілінен шықтық деп ойлаймын.
   – Репертуарыңыздағы «Шұбар ат» әнінің шығу тарихына тоқталсаңыз...
«Шұбар ат» әні – халықпен бірге жасайтын, өміршең ән. Автордың кіндік қаны тамған туған жерге деген сағыныштан, риясыз көңілден туындаған. Сондықтан әннің әуені сөздің мағынасын ашқан. Сазды, лирикалық, халық әні іспетті әнді халыққа насихаттап келеміз.
 Халықтың сүйікті әншісісіз. Мақтау да, даттау да болады. Өзіңізге айтылған сынға қалай қарайсыз?
– Жақсылық жасаған адамның өзіне де сын айтылады. «Бес саусақ бірдей емес» халықтың түсінігі әртүрлі. Біріне істеген ісің ұнаса, енді бірі жағымсыз пікір тудырады. Орынды айтылған сын болса қабылдаймын. Айтылған сөзден нәтиже шығаруға талпынамын.
   – Жас әншілерге көзқарасыңыз қандай?
Дарынды өнерпаздар көп. Олардың өнері адамды қуантарлықтай. Бір екі әннің сәті түсіп, танымалдылыққа ие болады. Бастысы әрі қарай іздену. Жарқырап танымал болған, өнерден қол үзген жастарды да көріп жүрміз. Үміт артқан да, ренжітіп жүрген де жастар бар.
    – «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Әлеуметтік желідегі парақшаңызға үңілсек, Абайдың сөздерін ұнатады екенсіз...
– «Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп. Мақтамайды ешкімді бұ күнде көп...Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Қараңызшы, бір шумақ өлеңнің өзіңде қаншама мән-мағына жатыр. Осыдан кейін қалай ұнатпайсыз?
Жақында төртінші сәбиіңіз дүниеге келді. Бауы берік болсын. Кішкентайдың есімін Абдулхаким қойдыңыз. Қандай мағына береді?
– Есімін әкем қойды. Абдулхаким – Аллаһтың 99 есімінің бірі. Абдул – құлы. Хаким – даналық иесі, қате жасаудан пәк. Мағынасы – ең ақылды, ең дананың құлы.
   Сахнада жүргеніңізге – 20 жыл. Астана мерейтойына тұспа-тұс келген екен. Өзгеше жоспарыңыз бар шығар?
Болашаққа арман көп. Биыл елордаға – 20 жыл, менің шы­ғар­машылығыма да – 20 жыл. Осы екеуін орайластырып, бір концерт бе­ру­ді жоспарлап жүрмін. Алла бұйыртса, куәгері боласыздар.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан: Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
26 шілде 2018 ж. 1 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930