» » » Ағылшын тілін меңгеруге басымдық беріледі

Ағылшын тілін меңгеруге басымдық беріледі

Гүлзат Амангелдиева, Мәскеу Ұлттық ғылыми-технологиялық зерртеу университетінің ІІІ курс студенті: 
    Біздің ел қашаннан алдағы болашақты айбынды жастармен байланыстырады. Соларға сенеді, үміт артады, жақсылыққа балайды. Тәуелсіздік тұғырын теңселтпей, елдің еңсесін биік ұстап, ұлттың рухын асқақтату жолында мемлекетімізге үлес қосар саналы жастар бізде жетерлік. Сыр бойының ұландары осы жолда өз елімізден бөлек, көрші мемлекеттерде де білім қуып, бағытын айқындап жүр. Биыл Ресейден түрлі сала мамандығы бойынша 75 түлек оқу бітіріп келді. Олардың ішінде 37 бітіруші елге оралып, жұмысқа орналасып та үлгерді. Қалған   жас мамандар білімін ары қарай магистратурада жетілдіреді. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей қолдауымен арнайы грант бөлініп, қазіргі кезде жоғарыда айтылған бітірушілерден бөлек, Ресейде 375 студент білім алуда. Солардың бірі –  Гүлзат Амангелдиева.
  • Гүлзат, сіз  оқып жатқан оқу орнына тоқталсақ.
Мен Мәскеу қаласында Ұлттық ғылыми-технологиялық зерттеу университетінде «Түсті металлургия» мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі таңда үшінші курсқа аяқ басқалы отырмын. Окып жатқан оқу орным да, мамандығым да сөз жоқ, өзіме ұнайды.
Өзіңіз оқитын университеттің ерекшелігі неде деп ойлайсың?
Ең бастысы, Ұлттық ғылыми-технологиялық зерттеу университеті – қарқынды дамып келе жатқан білім беру орталықтардың бірі. Әрі бұл Ресейде жаңадан құрылған университет. Білім сапасы де ерекше деп айтуға болады.  Мұнда түрлі ұлт өкілдері білім алады. Мысалы, Латын Америкасы, ТМД, Шығыс Азия елдерінен келген студенттер көп. Шетелдік қыз-жігіттермен достасып үлгердім. Айта кету керек, бізде «Ұлттар мерекесі» тойланады. Маған ұнайтын мейрамның бірі осы. Сонымен қатар, біздің оқу орны ағылшын тілін меңгеруге ерекше басымдық береді. Арнайы TOUСHSTONE@MISIS бағдарламасы бойынша ағылшын тілін үйреніп, халықаралық IELTSемтиханын тапсырамыз. Мұндай мүмкіндікпен ары қарай біліміңді жетілдіруге де болады.
Жалпы, ондағы қазақ жастары жиі бас қосасыздар ма?
Иә, жиі бас қосамыз. Мәскеу қаласында біздің студенттердің арнайы «Жас тұлпар» атты жастар ұйымы бар. Жетекшісі – Мұрат Баймағұлов. Осы жетекшіміздің ұйымдастыруымен жиналыс өткізіп, кейбір мәселелерді шешеміз, бір-бірімізге көмектесуге ұмтыламыз. Сырт елде жүрген соң ба, біздің жастар өте бауырмал. Сонымен қатар елдегі жаңалықтарды арнайы ВКонтакте, инстаграм және фейсбук әлеуметтік желілерінде бөлісеміз. Аталған желі түрлерінде біздің қазақстандық студенттерге  арнайы ашылған топ бар. Сол арқылы жиі Отанымыздан хабар алып тұрамыз.
Білім алудан бөлек, тәрбиелік шаралар жиі болып тұратын шығар?
Біздің университеттің басты бағыттарының бірі – шығармашылық орта қалыптастыру. Ол әрбір студентке өз қабілетін ашуға көмектеседі. Осыған орай, университет қабырғасында «Университет аруы», «Студенттер лидері», «Бірінші курс» кубогы, КВН сияқты  байқаулар мен сайыстар болады. Спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылады. Оқу орнында әр күніміз қызық десек, артық айтпаған болар едім.
Әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысу арқылы өзіне бір ерекше шабыт сыйлай алады. Сіз бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
Мектепте спортқа, оның ішінде волейболға құмар болдым. Осы спорт түрімен бес жыл айналыстым. Талай жарыстарға қатыстым, тіпті республикаға шығып, облыс атын қорғап, жүлделі оралып жүрдік. Сабақтан тыс уақытта сүйікті спортыммен айналысып тұрамын.
Біздің жастар өзара ана тілімізде сөйлесе ме? Өзіңіз қанша тіл білесіз?
Адамды мұратқа жеткізетін ол – ана тілі. Тіл – біздің алтын қазынамыз. Оны қадірлеу, нығайту, беделін арттыру біздің негізгі парызымыз деп ойлаймын. Біздегі қазақ жастары бірен-сараны болмаса, түгелдей ана тілінде сөйлеуге ұмтылады. Өз басым, мемлекеттік тілден бөлек, орыс және ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Болашақта Францияда оқып, білім жетілдірсем деген ойым бар. Соған сәйкес француз тілін үйреніп жүрмін.
–  Оқудан кейінгі  жоспарың қандай?
Университеттен соң міндетті түрде магистратураға түскім келеді. Өйткені, магистратура салалық пәндерді толық игеруге көмектеседі. Содан соң елге оралып, қызмет қылсам деген ойым бар. Осы арманыма жетсем, ата-анамның үкілі үмітін ақтаған болар едім.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан: Ержан БЕКМЫРЗАҰЛЫ
16 тамыз 2018 ж. 984 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930