» » » ҰЛТТЫҚ САНАҒА СІЛКІНІС ҚАЖЕТ

ҰЛТТЫҚ САНАҒА СІЛКІНІС ҚАЖЕТ

ОТАНДЫҚ ӨНІМ
   Ділмұхамед Абизов,  «DALATEX» ЖШС директоры: 
 «Dalatex» – отандық өнім ұсынушы бірден-бір компания. Жуырда аймағымызда өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысып, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша І орын иеленді.
– Дүкен сөресінде көршілес өзбек, қытай, қырғыздың киімі көп. Тіпті сапасыз тауардан көз ашпаймыз. Есесіне, сапалы отандық тауар неге жоқ?
– Отандық өнімнің ішкі нарықты жаулай алмауының бірден-бір себебі – шикізаттың өңделмеуінде. Еліміз шикізатқа бай дегенімізбен оны өңдейтіндер жоқтың қасы. Сондықтан әрбір ашылған отандық фабрика шикізатты яғни өнімді сырттан алдырады. Содан кейін баға шарықтайды. Дегенмен «Dalatex» жейдесі қалада тігілетіндіктен бағасы қалтаға қонымды. Отандық текстиль өндірісінде бәсеке болмағандықтан баға түспейді. Осы мақсатта сапалы әрі арзан киім тігетін тігін фабрикасын ашып, заманауи технологиямен қамтамасыз ететін болсақ, жұмыссыздар қатарын азайтып, отандық өнім қолжетімді болар еді.
– Шикізат қоры мол, бірақ өндіретіндер жоқ дедіңіз. Бұл мәселенің шешімі бар ма?
– Мемлекет кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуде. Инновациялық жобаға қайтарымсыз грант та береді. Осы тұста мемлекет шикізат өндіретіндерге көңіл бөлу қажет. Яғни біз өзге ұлтпен салыстырғанда, алып-сатарлыққа бейімбіз. Шикізат қорын арзан бағаға өзге елге өткізіп, тауарын қымбатқа сатып аламыз. Мысалы, өзбектер машина жасап, бір-екі рет киюге жарамды киімімен сыртқы нарықты қамтамасыз етуде. Олардың тауарын сапасыз, алмаймыз деп жатқан адам жоқ. Неге? Себебі бағасы тым арзан. Ал қоғамда байлардан гөрі орта тұрмыстағылардың саны басым. Бір сөзбен айтқанда, сұраныс жоғары. Бізге де ең болмағанда ішкі нарықты жаулап алу үшін ұлттық санаға сілкініс қажет.
Жуырда облыс әкімі кәсіпкерлікке қолдау білдіріп, «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылын» 3 жылға ұзартты. Бұл бастама кәсіпкерге қаншалықты тиімді?
– Облыста биыл «Кәсіпкерлік жылы» деп жарияланған қаржыландырудың барлық көзінен 32 млрд. теңге қаржы тартылған. Оның ішінде жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға шағын несие беру қолға алынды. Негізгі басымдық ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады деп есептеймін.
– Отандық өнімдерді тек көрмеден көреміз деп көпшілік шағым айтады...
– Дұрыс айтасыз. Облыста ұйымдастырылатын көрмеге барсаңыз, бізден бәрі шығады екен деген ойға қаласыз.Ал қажет болғанда бірін
таппай қалатынымыз рас.Біздің қолымыздан бәрі келеді. Тек қазақтың қазаққа деген сенімі аз. Тұтынушылар «қазақстандық өнім» деген атауға қолдау білдірудің орнына үрке қарайды. Керісінше, Рессей мемлекетінде біздің өнім жоғары сұранысқа ие.
– Ал бізде ше?
–  Қала орталығындағы «Димаш», «Фристайл», «Ағжан», «Жібек жолы» сауда орталығында біздің тауарлар сатылады. Одан бөлек, Арал, Қазалы, Шиелі аудандырының сатушылары қолдау білдіріп алып тұрады. Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етудеміз. Бірақ тауарымыздың бағасын сатушылар шарықтатып жіберсе,  шектеу қоя алмаймыз. Ол – сатып алушының құқығы. Осы тұста біздің де сауда дүкенінде арнайы  нүктелеріміз болса, арзан бағада халыққа ұсынар едік.
– Әлемдегі фабрикалардың барлығы автоматтандырылған. Сіздің фабрикаңыз қаншалықты заманауи қондырғымен жабдықталған?
– Бүгін фабрикада 40-тан астам қызметкер, 10-нан астам техника жұмыс істейді. Әр маманның, техниканың өзіндік орны бар. Заман ағымынан қалмай, қажетті құралмен қамтамасыз етуге күш салудамыз.
– Сонда күніне қанша жейде тігесіздер?
– Көбіне сұранысқа қарай жұмыс істейміз. Дегенмен бір күнде 300-500 жейде тігуге әлеуетіміз жетеді.
– Болашақта өндіріс орнындағы адамның орнын техника ауыстырады ғой...
– Бүгіннің өзінде көптеген қызмет орны цифрлық жүйеге көшкен. Өндіріс орнында 100 адамның жұмысын бір техника істей алады деп жатамыз. Дегенмен адамның тың идеясы, құлшынысымен жасалған дүниеге ешнәрсе жетпейді. Қалай десек те, техника қаншалықты мықты болса да адамға тәуелді.
– Француздардың белгілі дизайнері Коко Шанель: «Таптырмайтын маман болу үшін үнемі ізденіс үстінде өзгеріп отыру керек» деген. Тігін өндірісінде қай елмен тәжірибе алмастыңыз? Несімен ерекше?
– Дамыған елдермен тәжірибе алмасу таптырмас мүмкіндік. Оның ішінде бауырлас Түркия мемлекетімен бірлесіп жұмыс істейміз. Техникалық құралдар, шикізат сол жақтан алынады. Бізде тігін техникасының тілін білетін маман таппайсыз. Сондықтан сол елден жеңіл өнеркәсіп саласындағы тәжірибелі Мехмет Дюракпен бірлесіп жұмыс істейміз. Жейденің өлшемін, пішінін қадағалып, техника істемей қалса, өзі жөндеп жәрдемдеседі.
– Сізді кәсіпкер ретінде қандай мәселе алаңдатады?
– Жанбай жатып сөнген сәуледен қорқамын. Бүгінде  ашылғанына ұзақ уақыт болмай, жабылып жатқан кәсіпорындар жұмысы алаңдатады. Нәтижелі жұмыс істеуде бір-бірімізге қолдау жетіспей жататыны қынжылтады.
Сұқбаттасқан: Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
16 тамыз 2018 ж. 962 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930