ТАБЫСҚА ЖЕТУ ҮШІН ТӘРТІП КЕРЕК
Еркебұлан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Мұнай газ инжинирингі» кафедрасының оқытушысы:
− Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
− Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткен болатын. Оның бірі – бәсекеге қабілеттілік. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Осы ретте менің ұстанымым − заман ағымына ілесе алатын бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды білетін, жаңа техника-технологияларды меңгерген маман болып, елге адал қызмет ету. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің арнайы жолдамасымен Ресей Федерациясында оқыған жастардың бірімін. Ендігі мақсат шетелден алған білімімді еліміздің және өңіріміздің әлеуметтік әлеуетін жоғарылатуға, қазіргі заманның ағымына ілесе алатын, сапалы маман даярлауға жұмсау.
− Қандай инновациялық идеяны жүзеге асырғыңыз келеді? Бүгінгі қоғамға немесе өндіріске қажетті тың ойыңызбен бөлісе аласыз ба?
− Оқытушылық қызметпен қатар, республикамызда беделді университеттегі «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып келемін. Мұндағы жас ғалымдардың еңбектері жақсы нәтиже беруде. Аталмыш зертхана басшылығымен және ғылыми-қызметкерлерімен тығыз жұмыс істейміз. Соның бірі − «Табиғи полимерлер негізінде алынған нанокомпозиттер» атты нанотехнология саласындағы инновациялық жобасы. Қазіргі кезеңде қоршағанортаның жасанды пластмассақалдықтарымен ластануы өткір мәселелердің бірінеайналып отыр. Табиғи полимерлер негізінде алынатын, биологиялық ыдырайтын пластиктерді жасаудың қоршаған ортамен адам денсаулығы үшінмаңызы ерекше. Биополимердіңкристаллдық дәрежесінің төмендеуінесәйкес олар қоршаған ортада тезыдырайды және ыдырау нәтижесінде құрамындағы биогенді элементтерге бай глауконит минералы топыраққа тыңайтқыштық қасиет береді. Биологиялық ыдырайтынполимерлер алу, ең алдымен қоршағанортаның ауқымды мәселесі − қалдықтарды өңдеумен, соның ішінде негізгіқаптаушы болып табылатын пластиктерді өңдеумен тығыз байланысты. Жалпы аталмыш жоба облыс көлеміндегі көрме, конференция, байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр.
− Өндіріске енгізуге не кедергі?
− Бизнес-идея тақырыбы: «Биологиялық ыдырайтын нанокомпозиттер». Бұл жобаны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өңірімізде алғаш рет өткен «Байқоңыр Start-up» бизнес идеялар байқауында қорғап, жүлделі I орын иелендім. Сонымен бірге шетелдік онлайн конференцияларда баяндама жасалып, Қазақстан мен Ресейде жарық көретін ғылыми басылымдарда мақалалар жарияланды. Аталмыш ғылыми-зерттеу жұмысым бойынша 2 зияткерлік меншікке (патент) ие болдым. Өндіріске енгізу үшін қаражат керек. Ол үшін экологиялық бағытта жұмыс жасайтын компанияларға ұсынуға әзірмін. Мұнан бөлек мемлекет тарапынан берілетін әртүрлі грантты қаржыландырулар бар. Құжаттар жинап, грантқа қол жеткізсек, жоба өз жемісін беретініне сенімдімін.
− Жас мұнайшы ретінде Сыр еліндегі қара алтынның болашағын қалай бағамдайсыз?
− Өздеріңізге белгілі, мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге шетел экономикасына да кері әсерін тигізуде. Сарапшылардың болжамы бойынша бұл уақытша жайт. Әрине бұл қорытынды бәрімізді қуантады. Себебі еліміздің басты байлығының бірі − осы қара алтын. Жалпы, өңірімізде жаңадан мұнай газ кен орындары зерттеліп, бұрғыланып, ашылып жатыр деген жаңалықты белгілі мұнай компаниясы басшыларының жиынынан естіп, қуанып қалдым. Себебі, өңіріміздің экономикасының басым бөлігін осы қара алтын құрайды.
− Сыр жастарының бел ортасында белсенді қызмет етіп жүрсіз. Замандастарыңыздың «әттең-ай» дейтін мәселесі бар ма?
− Жастарда, жалынды, жігерлі буында ешқандай мәселе болмау керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, біз секілді егемен елдің жастарына барлық жағдай жасалған. Әсіресе шетелде білім алғысы келетін жастар үшін мол мүмкіншілік бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық стипендиясы, сонымен бірге облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен Ресей Федерациясының беделді оқу орындарына Ресейдің гранты есебінен оқу, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің арнайы жолдамасымен шетелде алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері бар. Спорт, өнер орталықтары қаламызда бой көтерген. Мұнан бөлек аймағымызда жастар саясаты мәселелері басқармасы,жастар ресурстық орталықтарыжұмыс істейді. Көптеген замандастарым осы мекемелер арқылы түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көруде. Онда жастар бос жұмыс орындарымен қамтылып, мекемелерде іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік алуда. Түрлі байқаулар, марапаттау, ынталандырулар бар. Мұның барлығы еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосамын деген әрбір жасқа таптырмас мүмкіндік.
− Кімдердің еңбектерін көп оқисыз?
− Қолым қалт етсе кітап оқығанды ұнатамын. Кітап оқыған адамның ойлау жүйесі жақсы дамиды, шешім қабылдау, әртүрлі сала бойынша креативті ойлау, сонымен бірге мақсат қойып соған жету үшін кітап оқудың маңызы ерекше. Көбінесе психологиялық, мотивация беретін Дейл Карнеги, Пауло Коэльо, Стивен Кови секілді авторлардың еңбектері ұнайды. Соңғы оқыған кітабым Дейл Карнегидің «Как завоевывать друзей и оказывать влияние на людей» атты шығармасы.
− Табысқа бастар жол қайсы?
− Табысқа жету үшін, тәртіп, ерік, жігер, білім
керек, сондай-ақ, айналаңа
позитивті ойлайтын көкірегі
ояу азамат болу керек.
Білімі мен біліктілігі мол адамдармен араласқанды ұнатамын. Игі істерін
көрсем үлгі аламын.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,
жақсы ана, жақсы құрбы,
жақсы ұстаздан болады»
деген Абай Құнанбаев. Табысқа жетудің басты құпиясы өз ортаңды
жаңылмай табу.
− Бір мамандығыңыз ақпараттық технологиялар, екіншісі мұнайшы. Болашақта сіз кімсіз?
− «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» деп Мұхтар Әуезов жиырмасыншы ғасырда айтып еді. Жазушының бұл сөздері бүгінгі жаһандану заманында өз мағынасын аша түсті. Мен болашақта ғылым жолын таңдаймын. Жаңа идеялармен жеңіске жетіп, әрі шәкірт тәрбиелеп, еліміздің білім-ғылым саласын дамытуға үлес қосқым келеді.
− Дегеніңізге жетіңіз! Әңгімеңізге рақмет!
− Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!
Сұқбаттасқан:
Гүлбану МАҚАЖАН