ЖЕТІСТІГІМДІ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЙМЫН
Айбектің есімі облыстың спорт тарихында алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Себебі ол осы жылы Болгарияның Варна қаласында киокушинкай-кан каратэден өткен Əлем чемпионатында қола, Украинада өткен Әлем чемпионатында алтын жүлде иеленіп, Астанадағы Азия чемпионатының және Таразда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Таңғаларлығы, мұның бәріне Айбек бір жыл көлемінде жеткен.
Өзім туралы
Мен 2001 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. №101 мектептің түлегімін. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт факультетінің I курс студентімін. Спортқа келуіме әкем түрткі болды. 3-інші сынып оқып жүрген кезім. Мектепте каратэ үйірмесі ашылғаны туралы ата-анамызға хабарлады. Сосын әкем келіп, мені де тізімге қосты. Сол уақыттан бастап өмірімде «спорт» деген тарау басталды.
Каратэ
Бұл спорт түрі барлық жекпе-жек өнеріне ұқсас. Дегенмен ережелері әртүрлі болса да, өзім кикбоксқа ерекше ұқсатамын. Каратэ мен үшін спорттың қыр-сырымен қоса, әлемнің түкпір-түкпіріне есік ашты. Көптеген турнирге қатысып, бірнеше елге жол түсті. Соның ішінде Франция мен Жапонияда өткен сайыстар айрықша есімде қалды. Себебі осындай жарыстарға қатысып, өзіңді шыңдайсың. Кем тұсыңды байқап, сонымен жұмыс істейсің. Осы ретте жаттықтырушым Бауыржан Мұқановқа да алғыс айтқым келеді.
Мақтаныш
Дүйім жұрттың, көптеген камераның алдында қабілетіңді көрсету – оңай емес. Көп еңбекті талап етеді. Бірақ сайыс соңында есімің аталып, қанша мемлекеттің ішінде «Kazakhstan» атауы естілгенде, тұғырға оң аяғыңды қойып, өзгеден биіктеп, оған қоса Әнұран қойылғанда жүрегіңді ең бірінші өзің үшін емес, елің үшін мақтаныш сезімі билейді. Сондықтан мен осы жеңісімді тәуелсіздікке арнаймын. Осылай елді шарлап, емін-еркін өзімізді көрсете алуымыз егемендіктің арқасы деп білемін.
Жоспар
Бұйыртса келесі жылдың наурыз айында Бішкекте өтетін Азия кубогы мен сəуір айында Жапонияда өтетін халықаралық турнирге дайындалудамын. Мақсат бір – елге жеңіс әкелу!
Әсел БЕГМАН