» » » ЕҢ ҚЫМБАТ ТАПСЫРЫС – 1 800 000 ТЕҢГЕ

ЕҢ ҚЫМБАТ ТАПСЫРЫС – 1 800 000 ТЕҢГЕ

Ирада МӘКЕНҚЫЗЫ, «Престиж» декор студиясының директоры:
  – Жуырда сәбилі болдыңыз. Редакция атынан құттықтауымызды қабыл алыңыз. Есімін кім деп қойдыңыздар?
– Рақмет. Аллаға шүкір, отбасымызға жаңа адам қосылды. Есімін бәріміз ақылдаса келе, Кәмила деп қойдық.
– Мұны сұраған себебім – сіздің де есіміңіз ерекше. Араб тілінен аударғанда «еркіндік» деген мағынаға саяды. Қазаққа таңсық есімді кім қойды және оның мәні өмір жолыңызға қаншалықты әсер етті?
– Есімімді көкем қойған. Бала кезде мағынасын жиі еститінмін. Қазір әр кітапта әртүрлі берілсе де, Құранда «Ирада аль-иляхия» деген сөз бар. Бұл барлығы тек Алланың қалауымен дегенді білдіреді. Яғни қалауы деген сөз «ирада» деп көрсетілген. Мен адамның есімі оның өміріне әсер етеді дегенге емес, осы сөзге сенемін. Адамның өмірі Алланың жазған тағдыры мен несібесіне байланысты. Өзім Қызылорданың тумасымын. 1 май орта мектебінде білім алып, 9 сыныпта Қызылорда гуманитарлық-заң колледжіне қаржыгер мамандығына оқуға түстім. Сосын оқуды Астанада жалғастырдым. Бірақ жастайымнан қолөнерге жақын болған соң дизайнер мамандығында білім алуды армандайтынмын. Ол кезде мұндай мамандық мүлде жоқ. Дегенмен бәрібір уақыт өте жүрек қалауым жеңіп шықты.
– Қазір аяғына нық тұрған «Престиж» декор студиясының алғашқы қадамдарын еске алсақ...
– Бұл студияны ашу идеясы ойыма аяқ астынан келді деп айта алмаймын. Себебі ешкімге айтпай, бұл мақсатты жүзеге асыруға екі ай уақыт дайындалдым. 2012 жыл. Екінші қызыма аяғым ауыр кез. Өзі босанатын уақыт жақындаған сайын ұйқы қашады. Түнде уақыт өткізу үшін теледидар, ғаламтордан түрлі бейнероликтер көретінмін. Сол түн Алланың сәті салған уақыты болды. Көз алдыма бір роликтің жарнамасы қайта-қайта келе берді. Басында назар аудармадым. Сосын қызығушылығым басым түсіп, ашып көрдім. Шетелдік бір жұптың үйлену тойы екен. Тойдың безендірілуіне, ұйымдастыру деңгейіне ғашық болдым. Содан ары қарай осы секілді роликтерді екі ай бойы зерттей бастадым. Ол кезде Қазақстанның өзінде тойды ауқымды түрде жан-жақты безендіру дамымаған. Жоқ емес, бар. Бірақ тек шарлардың көмегімен кішігірім түрде жасайды. Ал ерекше дизайнда түрлі матаның және конструкцияның көмегімен безендіру қалаға әлі келмеген. Шетелдегі декор саласындағы кәсібилік пен талғамды әбден зерттеген соң іштей өзіме «осындай деңгейді Қызылордаға әкелгім келеді» деген мақсат қойдым. Алдымен білім керек. Қазақстандағы бір-екі студиядан сұрастырып едім, мұндайға үйретпейміз деді. Сосын Украинаға шықтым. Олар ғаламтор арқылы қашықтықтан үйретті. Безендірудің негізі, қолданылатын өнімдері туралы сабақ өтеді. Әр заттың, әр гүлдің атын, қолданылу ретін түсіндірді. Ендігі қадам – жолдасыма айту. Бастапқыда идеямды тым тәуекелшіл деп бағалап, қарсылық танытты. Кейін маған, менің құлшынысыма сенген болар, келісті. Біраз уақыттан кейін үйдегілерге айттық. Олар да қолдау білдірді. Сөйтіп қарызға ақша алып, заттарын әкелу үшін Алматыға қарай жолға шықтым. Негізгі жұмысымнан аз уақытқа қолым босағанда танысу үшін Алматыдағы безендіру студияларына бас сұғамын. Себебі қарапайым тілдесудің өзінен көп тәжірибе алуға болады. Осылайша алдымен Алланың қалауымен, кейін арманның арқасында еңбекке толы кішкентай қадамдармен осындай дәрежеге жеттік.
– Алғашқы тапсырыс есіңізде ме?
– Қазақпыз ғой (күліп). Бәрі таныстан басталады. Бір туысымның үйлену тойы еді. Ондай көп те емес, аз қаражатқа кішігірім ғана тапсырыс алдық. Бірақ таңғы сегізден бастап, қолымыз дірілдеп,  кешке дейін жасағанымыз есімде. Сондағы жастар отыратын жер мен кіреберістегі арка ғана.
Қонақтарға арналған орындық арқасындағы бантиктің әрқайсысын 2 минуттан байлаған шығармыз. Қазір қол үйренген. Сондай тапсырысты 1 сағатта бітіреміз. Бұл – тойдан алған тапсырыстың алғашқысы. Жалпы бірінші тапсырысты бір балабақша берген. 9000 теңгеге. Барлығына көрсетіп, «міне, алғашқы тапсырыс та түсті» деп, жүрегім жарылып кетердей қуанғаным есімнен кетпейді.
– Тұтынушылар тарапынан қай безендіру стиліне сұраныс көп?
Әр той ерекше болу керек. Ал бізде еліктеу көп. Келетіннің көбі біреудің тойын көреді де, «маған дәл осындай безендіру қажет» дейді. Басқаға назар аудармайды. Әрине барлығы қаржылық жағдайға байланысты. Десе де талғаммен жасалса, аз ақшаға да әдемі дүние ұйымдастыруға болады. Той күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырып, адамды демалдыру керек. Себебі ол – мереке, қуаныш. Келген қонақ ішкен асын, ән-күйін уақыт өте ұмытады. Кей той иелері «біздің тойды жұрт аузынан тастамайды» дейді. Неге? Себебі тойда жылы атмосфера, ұнамды аура болған. Ал бұл дүниелердің негізі – сапалы безендіруде. 
– Ал өзіңіздің тойдағы безендіру қандай болды?
Ол кезде ата-анамыз таңдаған. Мен бұл салаға келетінімді білмеймін. Бірақ ойымда түрлі идея болды. Жолдасым сыбырлап «үндеме» деді ғой (күліп). Қазір таспадан көргенде айналдырып жібереміз. Себебі кей орындыққа мүлде басқа түс бантик байлаған. Бізге басқа гүл көрсетіп, тойханада оған мүлде ұқсамайтынын қолданған. Сол үшін кез келген жұмыста сапа маңызды. Менің ұстанымым – қанша уақыт өтсе де тапсырыс бергендер таспаны көріп, безендіруді түсірген тұстарын айналдырып жібермейтіндей дәрежеде жұмыс істеу.
– Сәттілік – көп сәтсіздіктен алған тәжірибемен келеді. Осы уақытқа дейін «Әйтеуір, бітірдік-ау» деп аяқтаған қиын тапсырыс есте бар ма?
Мен үшін бәрі қиын. Себебі «саған сендік» деп, сондай жауапкершілікті мойныңа артқанда, бәрі ойдағыдай бітпейінше ұйықтамайсың.
– Ал ең қымбаты?
– Мен де жұлдыздар ұқсап, «бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын» дейін бе? (күліп).  Жарайды, кім екенін айтпай-ақ қояйын, осы уақытқа дейін ең қымбат тапсырысты біз толығымен тірі гүлдің көмегімен жасадық. Бірде-бір жасанды гүл қолданылған жоқ. Сондықтан бағасы, қателеспесем, 1800 000 теңге болды.
– Декор саласы да шығармашылықты талап етеді. Ал шығармашылық шабыт болмаса бос дүние. Өзіңіз шабытты қайдан аласыз? Қай дизайнердің жұмыстарын ерекше атап өтер едіңіз?
Кейде дизайнермен ақылдаса отырып, жаңа дизайнды өзіміз ойлап табамыз. Бірақ бізде эскиз дегенді көбі түсінбейді. Сондықтан басқа елде жасалған дизайнның дайын суретінкөрсеткен жеңіл.Осы ретте көмекке ғаламтор келеді. Әсіресе Ресей, Дубай, Малайзия еліндегі декораторлардың жұмысы ұнайды. Бұл да сәннің бір саласы іспетті. Алдымен алпауыт елдерде келер жылдың ең сәнді түсі белгіленеді. Сосын сол жақтағылар жаңа бір дүниені дизайнына енгізеді. Оны Ресей, Украина көреді. Артынша Қытай шикізатын әзірлейді. Бәріміз тапсырыс беріп, өз жұмысымызда қолдана бастаймыз.
– Сіздің қызметіңізді тым қымбат дейтіндер көп. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
Безендірудің бағасына қолданылатын өнімнің сапасы әсер етеді. Бұл – Италияның түпнұсқасы мен Қытайдың көшірмесі секілді. Киімнің түрі бірдей болғанмен сырт көзге сапасы көрініп тұрады. Мәселен, қолданатын вазаларды шетелден тапсырыс арқылы алдыртамын. Алыс болғандықтан жол ақысы да қымбаттайды. «Дәл менікіндей ваза Қызылордада менде ғана болу керек» деген талап қоямын.  Себебі студияның атауы – «Престиж». Біз соған лайықты болуымыз керек.
– Ұжым туралы айтып беріңізші.
Команда – жанұям: жолдасым, ата-анам, әпкем, туыстарым. Мәселен, анам тігінші. Сол секілді әркімнің қызметі бар. Бұл – бүкіл уақытты, бар назарыңды талап ететін сала. Сондықтан жемісті жұмыс істеу үшін жанұямның, әсіресе жолдасымның қолдауы көп көмектеседі.
– Кей жеке кәсіп иегерлері өзі туралы ақпаратты жиі жариялайды. Студияның Instagram-дағы парақшасында сіз туралы ақпарат кездестірмейсің. Осының қандай да бір себебі бар ма?
Мен жариялылықты жақсы көрмеймін. Сондықтан болар әлеуметтік желіде тек жұмыс нәтижесін көрсеткенді ұнатамын. Оған қоса тіркелген адам саны да мен үшін аса маңызды емес. Себебі оның бәрі виртуалды. Шынайы емес. Бірақ бізге сенім артқан жандарға алғыс білдіру керек. Осындайда Instagram таптырмас құрал. Биыл біздің студияға 5 жыл толды. Осы мерейтойдың қарсаңында бес жыл ішінде біздің студияның қызметін қолданған жұптарға байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. Жақында оны «Aray city mall»-да қорытындылап, лоторея көмегімен жеңімпазды анықтадық. Жұмыс бабымен Жезқазғанға көшіп кеткен жұп Дубайға жолдама жеңіп алды.
– Жаңа жыл қарсаңында жастарға не айтар едіңіз?
Мотивация бергім келеді. Еріншек болмаңыздар. Жауапкершілікті сезініңіздер. Білім алыңыздар. Бәрі де өзіңізге байланысты. Жаңа жыл бақытты сәттерге толы болсын!
Сұқбаттасқан: Әсел БЕГМАН
27 желтоқсан 2018 ж. 781 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930