» » » ЖАҚСЫ МІНЕЗ БЕН ТӘРБИЕ – ЖАН СҰЛУЛЫҒЫ

ЖАҚСЫ МІНЕЗ БЕН ТӘРБИЕ – ЖАН СҰЛУЛЫҒЫ

    Шапағат ЕРКЕШ, "Сыр аруы – 2019" байқауының жеңімпазы:

– "Сыр аруы" атануың құтты болсын! Жарыс қалай өтті?
– Рақмет. "Сыр аруы" мен үшін осы уақытқа дейін қатысқан байқаулардан ерекше болды. Бұл жарыс "Қазақ аруына" қатысуға жол ашты. Шынымды айтсам, арманыма жету үшін үш жыл қатарынан кастингке қатысып, осы жеңіске әрең дегенде қол жеткіздім (күліп).
– Байқаудағы қай кезең сен үшін қиын болды?
Бастапқыда би билеу мен үшін айтарлықтай қиындық туғызды. Себебі 19 жасыма дейін бимен айналысқан емеспін. Бас-аяғы бір ай дайындық болды. Жадыра Сәбитқызының айқайы әлі есімде. Финалға дейін көп нәрсе үйретті. Сол уақыттағы дайындықтар қазіргі таңда үлкен көмегін тигізіп жатыр. Мұнан бөлек сұрақ-жауап кезеңі де оңай болмады. Сахнаға шыққанда толқып, бойымды қорқыныш биледі. Абырой болғанда өзім білетін сұрақ келді. Кешкі көйлектер дефилесі де қиын болды. Билеп жатқанда биіктігі 15 сантиметрлік каблук тайып, аяғымды ауыртып алдым. Айналдырған төрт сағаттың ішінде қызық та қорқынышты сәттер көп болды. Бәрінен сүрінбей алға шыққанда қалай қуанғанымды білсеңіз ғой.
– Ән айтасың ба?
– Талант деген адамның бойына ана сүтімен даритын қасиет қой. Мамандығым – фельдшер. Айтарлықтай ерекше дауыс иесі болмасам да ән айтқанды жақсы көремін. Өнердің белгілі бір шектеуі жоқ. Сондықтан осы өнерімді одан әрі шыңдап көрмекпін.
– Сұлулық дегенді қалай түсінесің?
– Сұлулық, әсемдік деген адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетінің сай келуі деп ойлаймын. Біреуі кем болса олқылық көзге көрініп тұрады. Бірақ қазір көбісі сыртқы келбетке қарағасын үнемі күтініп, заман талабына сай жүру қажет. Ішкі сұлулыққа оның тәрбиесі, мінезі жатады ғой. Дегенмен ХХІ ғасыр косметологияға төңкеріс әкелді десек болады. Макияж күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Қыздың сыртқы сұлулығына мән беріліп, жан-дүние сұлулығы екінші орынға ысырылып қалған сияқты. Сондықтан қыздар сұлу болып көріну үшін кез келген құрбандыққа барып жатыр. Пластикалық ота салонға кіріп шыққандай үйреншікті нәрсеге айналып кетті. Қалай болғанда да бүгінде біз жан сұлулығын тән сұлулығымен жиі шатастырамыз.
– Сонымен "Қазақ аруы" байқауына жолдама алдың. Дайындығың қалай?
– Аллаға шүкір. Дайындық жақсы. Сайысқа небәрі 15 күндей қалды. Мен ойлағандай оңай емес екен. Әйгерім Қанатбаева және хореограф Жадыра Сәбитқызынан үнемі кеңес алып отырамын. Кез келген қиындықта тәтелеріммен және Әйгерім апаймен ойласып, шешімін бірге табуға тырысамыз. Барлық Қазақстан көз тіккен байқауға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Жалпы, бұның өзі үлкен жетістік деп санаймын. Дегенмен бұнымен тоқтамай, финалда жүлделі орыннан көріну үшін күндіз-түні аянбай дайындалудамын.
– Қазақ арулары қандай болу керек деп ойлайсың?
– Барынша қазақы, қарапайым болуы керек секілді. Өйткені қазіргі заманға жетіспей жатқан осы қасиеттер ғой. Өзінің жеке тұлға ретінде

қалыптасуына көп бөлу керек секілді. Алдына үлкен мақсат қойып, соған жетуге талпынса, өзінен кейінгілерге үлгі бола алады.
– Бәсекелестеріңнен артықшылығың неде деп ойлайсың?
– Қатысушы 18 арудың әрқайсысы өз облысының намысын қорғайды. Анау мықты, мынау әлсіз, мен орташа деп кесіп ештеңе айта алмаймын. Әрқайсысы жеңістен үмітті. Бақ шаба ма, бап шаба ма – барлығы ақтық сында шешіледі.
– Соңғы сұрақ: шоу-бизнес сені қаншалықты қызықтырады?
– Мынадай кезеңде мүмкін емес нәрсе жоқ. Тек армандай білу керек. Қазіргі басты мақсатым – 19 наурызда Астана қаласында өткелі жатқан "Қазақ аруы – 2019" байқауында жүзден жүйрік шығып, ата-анам мен маған сенім артқан жандардың үмітін ақтау. Алла қаласа, осы байқаудан кейін киноға түсуге немесе басқа бағытта ұсыныстар түссе қарсы емеспін. Мүмкіндік туса, басқа қырымнан танылып, шоу-бизнесте де бағымды сынап көремін.
– Сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Ақтілек БІТІМБАЙ
07 наурыз 2019 ж. 1 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031