ПОЛЬШАДА НАУРЫЗҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
− Бибінұр, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ды гидротехник мамандығы бойынша үздік тәмамдағаныңнан хабардармыз. Ал Польша мемлекетін, ондағы Vistula университетін таңдауыңа не себеп болды?
− Оқу орнын таңдау кезінде студентке білім және қаржы тұрғысынан тиімді университетті анықтауға көмектесетін «Nova education» компаниясының кеңесіне жүгіндім. Олар Варшавадағы Vistula университетінде алғаш рет энергетика саласы бойынша менеджмент мамандығы ашылғанын айтты. Ағылшын тілін жетік білгендіктен, бұл университетке түсу мүмкіндігім жоғары екендігін де жеткізді. Содан тәуекел етіп тамыз айында құжаттарымды тапсырдым. Ай соңында оқуға қабылданғаным жөнінде хабарлама келді, бірақ бұл жаңалықтан ата-анам бейхабар болатын. Польшадағы таңдаулы оқу орындары ішінде 4-орын алатын Vistula-ға түскенімді естіген олар шетелге кетуіме қарсы болмады. Оқу орны халықаралық болған соң бұл жерден барлық мемлекеттің жастарын кезіктіре аласыз. Айталық6 менің группамда Индия, Қытай, Түркіменстан, Зимбабве, Индонезия, Вьетнам сынды әлемнің әр қиырынан жиылған 60-қа жуық студент бар. Білім жүйесі өте ерекше, сабақ еркін форматта, ағылшын тілінде өтеді. Сабақ уақытын студент өзі белгілейді, тіпті сабаққа қатыспауға да құқығы бар. Оқытушылар студентпен тең дәрежеде жұмыс істейді, біздің елдегі тәрізді үй тапсырмасы берілмейді. Барлық сабақ аудиторияда орындалады, студенттер топқа бөлініп, кейстің шешімін қарастырады. Бұл – студенттердің бір-бірімен еркін араласуына, нақты шешім қабылдауына берілген мүмкіндік. Сонымен қатар міндетті пәннен бөлек, қосымша сабақтар, тегін тіл курсы жүргізіледі. Қазіргі таңда польяк тілін үйренудемін.
Демалыста сауда орны жұмыс істемейді, себебі...
− Шет елден қандай жақсы дүниелерді қабылдауға болады? Қандай ерекшеліктер байқадың?
− Ең алдымен мұндағы халықтан зор жауапкершілікті сезіндім. Мысалы6 біздің елде кешігіп қалу қалыпты дүние ғой. Ал мұнда барлығы белгіленген уақытпен есептеледі. Бірде Норвегияның Осло қаласына құрбыммен қыдырып барғанбыз. Қайтар уақытта пойызға кешігіп қалдық, бірақ бұл біздің емес, автобустың кінәсі еді. Біз аэропортқа енді қалай жетеміз деп алаңдай бастадық, өйткені жолға артық ақша қалдырмағанбыз. Сол кезде автобус қызметіне жауапты компания мамандары қателіктері үшін кешірім сұрап, тегін такси арқылы аэропортқа жеткізіп салды. Мені компанияның жауапкершілігі, тыңғылықты жұмысы таң қалдырды. Сосын польяктар отбасы құндылығына көп көңіл бөледі. Мұнда демалыс күні барлық сауда орны жабық болады, киім дүкені, мега орталықтар да жұмыс істемейді. Себебі демалысты отбасы мүшелері бірге өткізуі тиіс. Тағы бір ерекшелік6 халықтың басым бөлігі ерте оянады, қалада таңғы сағат 4-5-те қызу тірлік басталады. Жалпы Польшада өмір сүруге қолайлы барлық жағдай жасалған. Өзге елдермен салыстырсақ, Париж Польшадан бес есе қымбат. Ал Норвегияда бір аялдамадан келесі орынға жету үшін автобусқа 1800 теңге төлейсің.
− Ал кемшілігі қандай?
− Қоғамдық көлікте жастар үлкенге орын бермейді. Қазақ үшін ерсі болғанмен мұнда қалыпты жағдай болып есептеледі. Әрбір 18-ге толған жас ата-анасынан бөлек пәтер жалдап, жеке өмір сүреді. Бұл әр адам өз жолын қалыптастыру керек деген түсініктен шыққан. Қартайғанда жалғыз қалған ата-әжелерді көріп қынжылатын сәттер жиі болады.
Варшаваға ұлттық киімді ала келгенбіз
− Бұл жақта қазақ студенттері көп пе? Биыл Ұлыстың ұлы күнін басқа елде қарсы аласың. Мұнда мереке қалай тойлануы мүмкін?
− Мен оқитын университетте қазақ жастары көп деп айта аламын.Биыл Орта Азия жастарының бірігуімен Asian Club деп аталатын студенттер ұйымын құрдық. Мұнда қырғыз, әзірбайжан, өзбек, түрік ұлтының жастары бар. Қазір университетте Наурыз мерекесін үлкен көлемде атап өтуді жоспарлаудамыз. Наурыз көжені мол дайындап, барлық студентке дәм татқызу ойымызда бар. Шарада «Қара жорға» биленіп, домбырамен күй ойналып, қазақы әндер шырқалатын болады. Біз Қазақстаннан келерде өзімізбен бірге қазақы көйлек, камзолымызды ала келгенбіз. Мейрамда бәріміз ұлттық киіммен құрт, бауырсақ тәрізді тағамдарды шетел жастарына ұсынамыз. Еуропада Наурызды осылай тойлаймыз (күліп).
− Польшадағы жарты жылда Бибінұр қалай өзгерді? Өзіңді үш сөзбен ғана сипаттап берсең.
− Мұнда келгелі адам алдымен өзін-өзі тану керек екенін түсіндім. Мысалы, «Бибінұр нені қалайды?», «менің қандай қабілетім бар?», «маған не керек?», «мені не қуанта алады?» деген сауалдарды өзіме қойып үйрендім. Кішкентай ғана дүниеден бақытты сезінуге болатынын ұқтым. Ол таза бөлме болсын немесе таңертеңгі, кешкі бет күтімінен де бір қуанышты табуға болатынын білдім. Өмірде өз-өзіңді тану өте маңызды. Өзіңді сыйласаң, жақсы көрсең, өзгелер де сені құрметтейтіні бұрыннан бар қағида ғой. Ал мен оны осында келіп толық ұғындым. Сосын мақсат қоюдағы көзқарасым өзгерді. Осы кезге дейін «гидротехник болып жұмыс істеймін, себебі одан көп пайда табуға болады» деп ойлайтынмын. Ал шетелге шыққалы өзімнен бұрын елдің мүддесі басты орында тұрады. Қазір «мен оқып жатқан саланың қазаққа қандай пайдасы бар?» деген сауалмен білім алудамын. Әрбір адамды қуантудың үлкен мәнге ие екенін, таңдау жасағанда өзіңнен бұрын жаныңдағы адамға тиімді болу керегін де түсіндім. Мен бұл шешімім үшін ерекше қуанамын. Бибінұр – қарапайым, тез тіл табысқыш, үнемі күліп жүретін көңілді қыз.
Германия, Норвегияда оқу тегін, бірақ...
− Шетелде білім алу әрбір жастың арманы. Оған қалай қол жеткізуге болады?
− Польшада білім аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Әрине бала кезімде әлемді аралауды жиі армандайтынмын. Бірақ ол қол жетпейтін биік тәрізді көрінетін.Ал қазір адам қандай биікке ұмтылса да оған жете алатынын жақсы түсіндім. Шетелде білім алғысы келген студент ізденімпаз болу керек. Мысалы, Германия, Норвегия, Швейцария сынды мемлекеттерде оқу тегін, тек сол елдің тілін білсең болғаны. Бұл – студент үшін үлкен мүмкіндік. Тіл білу – басты қажеттілік, ағылшын тілін білсең, конкурстар арқылы басқа елдің грантын иеленуге болады.
− Ордада оқып жүргеніңде «Зерде» ғылыми-қоғамдық ұйымын басқардың. Варшавада ғылыми ізденісің жалғасын тапты ма?
− Иә, қазір ғылыми журналдар жайлы ақпарат жинақтаудамын. Шетел профессорларының еңбегі қазақ басылымында жарық көрсе деймін. Бұл біздің елдегі ғылымға жаңалық әкелер еді. Осы бағытта жаңа жоба дайындап жүрмін.
− Арада он жыл өтіп кетті делік. Бибінұрды қалай елестетесің?
− Алдағы уақытта ағылшын және поляк тілін емін-еркін сөйлесе алатындай дәрежеде толық меңгергім келеді. Энергетиканы, одан кейін менеджмент, маркетинг салаларын терең зерттеп, тәжірибе жинау арқылы Қазақстандағы энергомаркетингтің дамуына жаңалық енгізсем деймін. Бала кезімде әкем «менің қызым министр болады» деп жиі айтатын. Болашақ ауылшаруашылығы немесе энергетика министрі болғым келеді. Сөз соңында арманыма ешқашан тосқауыл болмаған әкем мен анама үлкен алғысымды айтқым келеді. Олар маған «Қыз баласың», «үйдің үлкенісің» деп те шекара сызып берген емес. Бар болғаны маған сенді. Әрбір ата-ана баласының пікіріне жауапкершілікпен қарап, ол үшін мамандық таңдап беруден алыс болса, ең үлкен қолдаудың сол болатынын түсінсе екен деймін.
− Сұқбаттасқаныңа рахмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН